БИЫЛ 6 ТҮЛЕК «АЛТЫН БЕЛГІГЕ» ҮМІТКЕР

 Әне-міне дегенше тағы бір оқу жылы аяқталды. Осыған орай биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсеновадан білген едік.

2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша ауданымызда жалпы 2412 оқушы оқу жылын аяқтап отыр. Оның ішінде 204 оқушы 9 сынып оқушылары, ал 140 оқушы – 11 сынып түлектері.

Биылғы жылы білім көрсеткіші бойынша жағымды нәтижелер байқалуда. Атап айтқанда, 9 сыныпты аяқтап жатқан 19 оқушы мен 11 сыныптың 10 түлегі үздік аттестатқа үміткер ретінде танылса, 6  мектеп бітіруші түлек — оқу үлгерімімен ерекшеленіп «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер.

Оқу жылы 23 мамырда ресми түрде аяқталды. Аталған күні еліміздегі барлық мектептерінде «Білім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты өтті.  Сонымен қатар, бұл күні ауданымыздағы барлық білім ордаларында дәстүрлі соңғы қоңырау салтанаты өтті. Бұл күн – әр мектеп бітіруші түлек үшін ерекше мәнге ие, жүректі толқытып, үлкен өмірге бастар алғашқы қадамдардың бірі.

Салтанатты шараға ата-аналар, ұстаздар, құрметті қонақтар мен түлектері қатысты. Мектеп ауласында ұйымдастырылған мерекелік жиында жылы лебіздер мен жүрекжарды тілектер айтылып, үздік оқушылар мен мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан түлектер марапатталды.

Мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау – балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын ерекше күн. Бұл – тек мереке ғана емес, сондай-ақ, әрбір жас түлек үшін үлкен жауапкершіліктің бастауы. Сол себепті де білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова оқу жылының аяқталуына орай мектептер мен балабақшаларда түрлі мерекелік іс-шаралар өткізуге байланысты маңызды ескерту жасады. Онда білім беру ұйымдарында қаражат жинауға, аниматорларды, агенттіктер мен жеке студияларды жалдауға, сондай-ақ мектепке дейінгі мекемелердің түлектері мен 4-сынып оқушылары үшін арнайы мерекелік шаралар өткізуге тыйым салынатындығы жайында айтылған.

-Мектеп бітіру – үлкен мереке. Алайда бұл мерекенің өзіне тән жауапкершілігі мен қауіпсіздік мәселесі де бар екенін естен шығармаған жөн. Әсіресе, соңғы қоңыраудан кейінгі кештер мен жиындарда тәртіп пен сақтық басты назарда болуы тиіс, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Сағитжанқызы.

Тағы бір айта кететін жайт, 9-шы сыныптар үшін мемлекеттік емтихандар 29 мамырдан 10 маусымға дейін, ал 11-ші сыныптар үшін 30 мамырдан 16 маусымға дейін өтеді. 18-20 маусым аралығында мектеп қабырғаларында  орта және жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру салтанатты шаралары өтеді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерБілім