БІРЛІКПЕН АТҚАРЫЛҒАН ИГІ ІС

Тазалық – талғамнан бұрын тәрбиенің, мәдениеттің және туған жерге деген құрметтің көрінісі. Қоршаған ортаны аялау, елді мекендердің көркін келтіру, жасыл желекті көбейту – бір күндік науқанмен шектелмейтін ортақ міндет. Осы орайда 19 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалық күніне байланысты «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданымызда ауқымды сенбілік өтті.
Игі бастамаға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мекеме басшылары мен қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар мен еріктілер белсенді қатысты. Әр ұйым өзіне бекітілген аумақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, айналаны қоқыстан тазалап, абаттандыру ісіне атсалысты.
Сенбілік барысында ауданның орталық саябағында да тазалық жұмыстары жүргізіліп, аумақ ретке келтірілді. Шөптер шабылып, айнала тазартылып, саябаққа жаңа көшеттер отырғызылды. Аудан басшысы бастаған көпшілік жасыл желекті көбейтуге бағытталған игі іске үлес қосты.
Отырғызылған әрбір тал – бүгінгі еңбектің ертеңгі жемісі. Ол ауданның ажарын ашып қана қоймай, табиғатқа деген қамқорлықтың белгісіне айналары сөзсіз.
Жастар – тазалық бастамасының бел ортасында
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарға аудан жастары да белсенді араласты. Жастардың, еріктілердің және «Жасыл ел» еңбек жасағы сарбаздарының қатысуымен ауданның тарихи әрі әлеуметтік маңызы бар нысандарының бірі – Нұрпейіс Хазрет мешітінің ауласында тазалық сенбілігі ұйымдастырылды.
Жастар мешіт аумағын қоқыстан тазартып, ауланы ретке келтіріп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Ортақ іске жұмылған жас буын қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қараудың, табиғатты аялаудың маңызын өз еңбектерімен көрсетті.
Бұл – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, туған жерге деген жанашырлығын арттыратын тағылымды бастама. Себебі елді мекеннің тазалығы мен көркеюі тек белгілі бір мекеменің немесе қызметкердің міндеті емес, барша тұрғынға ортақ жауапкершілік.
Шараға белсенді қатысқан жас Санат Тлеубаев та тазалықтың адам мәдениетімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
-«Тазалық – қоршаған ортаның ғана емес, адам мәдениетінің де көрінісі. Осындай сенбіліктерге жастардың белсенді қатысуы өте маңызды деп ойлаймын. Әр адам өзінен бастап, туған жерінің тазалығына жауапкершілікпен қараса, қоршаған ортамыз да көркейе түседі. Бүгінгі шараға қатысып, ауданымыздың көркеюіне өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз», – дейді ол.
Таза мектеп – таза орта
Экологиялық бастама ауданның білім беру ұйымдарында да жалғасын тапты. Барлық мектептерде «Таза мектеп – таза орта» тақырыбында сенбілік өтіп, оқушылар мен ұстаздар мектеп ауласын тазалап, абаттандыру жұмыстарына қатысты.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде ұйымдастырылған шараға №2 Бадамша орта мектебінің ұжымы мен 11-сынып түлектері де белсенді атсалысты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова мектеп ұжымы және түлектермен бірге ағаш отырғызу жұмысына қатысып, жас ұрпақпен бірге табиғатты қорғауға бағытталған маңызды іске үлес қосты.
Мұндай жұмыстардың тәрбиелік мәні зор. Бірлесе еңбек ету арқылы оқушылар мен жастар еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа, табиғатқа жанашырлыққа және қоғамдық ортаға жауапкершілікпен қарауға үйренеді. Ал өз қолымен отырғызған талдың жайқалып өсуін көру – туған жерге деген байланысты одан әрі нығайта түсетіні анық.
Осылайша, ауданымызда өткен бұл сенбілік – тазалық жұмысы ғана емес, ортақ іске жұмылған елдің ұйымшылдығын көрсеткен игі бастама болды. Аудан тұрғындары, еңбек ұжымдары, ұстаздар мен оқушылар, жастар мен еріктілер бір мақсатқа бірігіп, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосты.
Жұлдыз КЕНЖЕ









