«Бір ел-бір кітап» пен «Оқитын өлке» акциялары басталды
Ағымдағы жылдың 18 қаңтар күні аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен республикалық «Бір ел — бір кітап» және облыстық «Оқитын өлке» акцияларының ашылу салтанаты өтті.
Жылдағы дәстүрге сәйкес өткізілетін іс-шараға мекеме-кәсіпорын басшылары мен қызметкерлері және де кітапхана оқырмандары қастысты.
Биылғы жылы «Бір ел -бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, 2024 жылы 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары таңдалды. Ал «Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында ақын Сағи Жиенбаев пен жазушы Сара Мыңжасарованың шығармалары жыл бойы насихатталатын болады.
Осы орайда рухани ордада республикалық акцияның таңдауындағы балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты аудандық әдеби марафон аясында «Тау тұлғалы — Бердібек» тақырыбында әдеби кеш өтті.
Әдеби кештің мақсаты — республикалық акция таңдауындаңы Бердібек Соқпақбаев шығармашылығын насихаттай отырып, оқу мәдениетін дамыту және қолдау, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау, жастар мен қалың жұртшылық арасында рухани ордаға, оның ішінде кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру.
Кеш барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жайында кеңінен ақпараттар берілді.
Одан соң аталмыш шара облыстық «Оқитын өлке» акциясы аясында аудандық «Ақтөбе қаламгерлерімен әйгілі» атты әдеби марафоны негізінде «Дара тұлғалар табиғаты» тақырыбындағы іс-шарамен жалғасты. Облыстық акциядағы шарада Байғанин ауданының киелі топырағында дүниеге келген ақын, нәзік сезімді, қайырымды азамат, поэзия зергері және ақындардың әлденеше буынының ұстазы – Сағи Жиенбаев пен Шалқарлық қазақтан шыққан тұңғыш романист қыз Сара Мыңжасарова жайында сыр шертіліп, шығармашылықтары насихатталды.
Шараның мақсаты — өңірлік әдебиетті, ақын-жазушыларды насихаттау, олардың өмірі мен шығармашығын таныстыру, оқуға деген құштарлығын арттыру.
Осылайша, рухани да әсерлі кеште кітап көрмесі жасақталып, сұрақ-жауап, «иә-жоқ» ойыны мен түрлі көңіл-күй арқылы мақал-мәтелдердің жалғасын табу сынды қызықты әдіс-тәсілдермен шара өте қызықты өтті. Шараны аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Қанат Қартбаев жүргізді. Аталмыш акциялар жыл бойы жалғасып, түрлі шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Айта кететін жайт, Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізілуде. Республикалық деңгейдегі дәстүрлі акция биыл оқырмандар арасында он жетінші мәрте ұйымдастырылуда.
Олай болса, Отандық ақын-жазушылардың шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, кітапхана қорындағы әдебиеттермен сусындап, іс-шараларға белсенді болуға асығыңыз.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА