“БиблиоАрбат-2024” маусымының жабылуы  өтті

Өткен аптада  аудандық орталық кітапхананың «БиблиоАрбат» жазғы алаңында кітапсүйер оқырман қауыммен бірге «БиблиоАрбат-2024» маусымының жабылу салтанаты өтті.

Шараға аудан әкімі мен мекеме басшылары, тұрғындар мен оқырмандар қатысты.

Маусымның жабылу салтанатында аудан басшысы Нұрлыбек Өнербаев сөз сөйлеп, кітапхана саласындағы жетістіктер мен жергілікті бюджеттен көрсетілетін қолдауға тоқталып өтті. Сондай-ақ, жаз бойы өткізілген “БиблиоАрбат-2024” маусымына белсене қатысқан қатысушылар мен аталмыш жобаның авторы, кітапхана әдіскері Қанат Қартбаев арнайы  алғыс хаттармен марапатталып, естелік  сыйлықтар табыс етілді.

“БиблиоАрбат” жобасы – аудан тұрғындарының бос уақыттарын тиімді, кітап оқумен байланыстыра өткізуге бағытталған авторлық мәдени жоба. Биыл екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Жаздың маусым айынан басталған жоба бүгінгі күнге дейін жалғасып, әр апта сайын оқырмандардың басын қосып, әртүрлі тақырыптарда білім көкжиегін кеңейтіп, ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттап, кітап әлемі мен оқырман арасын байланыстыруға үлкен күш салды.

-Жоба жоспары аясында ақын-жазушылардың мерейтойларын атап өту мақсатында әдеби-мәдени іс-шаралары, көркем шығармалар желісімен түсірілген кинофильмдер көрсетіліп, Куиз ойындары ұйымдастырылып, квесттер мен кітапханалық кафелерде шығармалар мен авторлар кеңінен насихатталды. Әр жоба сайын жасалатын кітап көрмелері арқылы кітапханамыздың бай кітап қоры көрсетіліп, оқырмандар кітапты үйге жаздырып алып оқуға мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, балалар кітапханасының қызықты, тартымды, танымдық, ақпараттық, ертегі кітаптары мен мақал-мәтел, жұмбақ, логикалық сұрақтар негізінде сайыстар өткізіліп, балаларды жобаның тұрақты келушілеріне айналдырды. Оған қоса “БиблиоАрбат” жобасы ауданның мәдени-тынығу орнына айналып, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Караоке кештері» де өткізіліп тұрды,-дейді аудандық кітапхананың кітапханашысы Н.Мәтбаева.

Осылайша, жабылу рәсімі биылғы маусымның тақырыптарын қорытындылауға арналып, кітап көрмелері қойылды. Кітапхана қызметкерлері тақырыпқа сай кейіпкер болып киініп, көрмелерге библиографиялық шолу жасады.

Жоба авторы Қанат Қартбаев кешке жиналған оқырмандармен тұрақты өткізілетін “Kahoot” ойынын ұйымдастырып, жиналғандар сұрақтарға қызығушылықпен жауап берді. Ойындағы логикалық, интеллектуалдық, танымдық сұрақтарды дәл тапқан жанның абыройын асырып, білмегендердің білім қорын кеңейтті. Нәтижесінде, үздік шыққан ойыншылар кітапхана әкімшілігі тарапынан сый-сияпаттарға ие болды.

“БиблиоАрбат” алаңы жаз бойы өткізілген шаралардан жинақталған фотосуреттерден галлерея жасақталып, безендіріліп көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Салтанатты кеш соңында аудандық мәдениет үйі мен  өнер мектебінің өнерпаздары әсем әнмен, күмбірлеген күймен,  мың бұралған бишілердің биімен кештің көркін кіргізді.

    Жұлдыз КЕНЖЕ