БИ ӘЛЕМІНІҢ ҰСТАЗЫ

Расында,әр өнер шартты болып келеді. Сол өнерлердің ішінде хореография өнері ерекше. Өйткені, сөзсіз өнермен бірнеше бишіні бір бағытта қимылдатып, сазды әуенмен ырғалту аса ұқыптылықты қажет етеді.
Біздің кейіпкеріміз би бейнетіне төзіп, өңіріміздегі би өнеріне бейім бүлдіршіндерді облыс, республика, халықаралық деңгейде баулып, оларды нәтижелі жетістікке жеткізіп жүрген нағыз би әлемінің ұстазы – Камшат Нуркаева.
Белі қатпай жатып, үнді биін билеп, ауылдастарына Қалымжанның биші қызы атанған Камшат 1978 жылы бұрынғы Новоресей, Бородиновка ауылындағы (қазіргі Қайрақты ауылы) қарапайым отбасында дүниеге келген. Ауылдастарына етене таныс әкесі малшы, ал анасы наубайханашы болып еңбек еткен. Камшаттың ең алғаш өнердегі жетістігі ол 1994 жылғы аудандық байқаудан 1орын, облыстық байқаудан 2 орынға қол жеткізуі, биге деген құлшынысымның алғаш баспалдағы болды деп еске алады.
Ауылындағы Бородиновка мектебінің 11 сыныбын бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы гуманитарлық колледжінің ұйымдастырушы, жетекші хореография факультетіне оқуға түседі. Ең алғашқы еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы 41 разьезд учаскесінің клубында хореограф болып бастайды. Одан әрі ауылына оралған би өнерінің маманы аудандық балалар өнер мектебіне жұмысқа орналасады. Еңбекпен қатар Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білімін жалғастырып, жоғары білімді маман болып шығады.
Өмір өз ағысымен ағып, өнер мектебінде еңбек еткен 25 жылдың ішінде қаншама би өрендерін қалықтатып ұшырды десеңізші. Осы жылдар ішіндегі жетістіктерге тоқталсақ, бітпейтін ұзақ сонар әңгіме.
Бір сөзбен айтқанда, халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық би өнерінде талай жүлделі орындарға ие болған. Санмен сараласақ өзі жетекшілік еткен биші қыздары 30-дан аса жүлделі орындарға қол жеткізіп, марапатталған. Өзінің де қол жеткізген жетістіктері аз емес.
Өзі өнерлі бүлдіршіндерден құрған «Кербез» би тобы бүгінде көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. Аудан, облыс, республика көлемінде ғана емес, халықаралық байқауларда топ жарып жүр.
Атап айтсақ, 2016 жылы республикалық «Үлгілі бишілер» тобы атанса, 2024 жылы Қазақстанның «Ұлттық би ансамблі» атағын алды. Сондай-ақ, Москва қаласында өткен «Звёздный бульвар» халықаралық фестивалінде І,ІІ дәрежелі дипломмен, Астанада өткен халықаралық «Аққанат» фестивалінде І дәрежелі диплом, оған қоса «Talanttar Aлемі» халықаралық көп жанрлы байқауында да «Кербез» би тобының 15-16 жас аралығындағы биші қыздары топ жарып, бірінші орынға қол жеткізуі кейіпкеріміздің еңбегі деуге болады.
Биші қыз, бүгінде ел мақтанышы, қоғамда өзіндік орны бар нәзік жанды. Қазіргі таңда жолдасы екеуі екі қыз өсіріп отырған жарасымды жұп, тату-тәтті жанұя.
Бақыт ИМАШЕВ