«Батыр қызы сен халқымның…»

Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры, ержүрек мерген қыз — Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия — қаһармандық дастаны» атты кең ауқымды мерейтойлық іс-шаралар өтуде. Мерекелік бағдарламаның басты мақсаты — ерлік пен Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісін көрсеткен батыр қыздың рухын ұлықтап, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. Әлияның 100 жылдық мерейтойы облысымызға алыс-жақын шетелдер мен ел аймақтарынан келген мәртебелі меймандардың Әлия Молдағұлованың Ақтөбе қаласындағы мемориалды ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталды. Содан соң олар Өнер орталығы фойесінде «Ұмытылмас бейне» атты суретшілер мен мүсіншілердің республикалық байқауының көрмесін тамашалап, орталықтың концерт залында «Ғасырларға жалғасқан ерлік» тақырыбында республикалық форумға қатысты. Мерейтойға келген қонақтар бұл күні батырдың есімімен аталған облыстық мемориалды музейді аралап, Әлияның өмірі мен ерлік жолына тереңірек үңілді. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану музейінде арнайы экскурсия ұйымдастырылып, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында драматург Р.Дәулетбаева жазған «Әлия» мюзиклінің тұсаукесерін тамашалады.

Бүгін яғни 13 маусымда батырдың туған жері Қобда ауданында жалғасатын іс-шаралар тағзым мен тағылымға негізделеді.

ТАҒЗЫМ

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия — қаһармандық дастаны» атты мерекелік бағдарлама аясында батырдың мемориалды кешенінде гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева,Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, сондай-ақдепутаттар, батырдың туыстары, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Армения және Ресейден келген делегациялар мен шығармашылық ұжымдары қатысты.

 

Шара батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етуден басталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтаған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысушыларға жүрекжарды лебізін жеткізді.

— Құрметті ақтөбеліктер! Баршаңызды Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойымен Мемлекет басшысының атынан шын жүректен құттықтаймын. Бұл — халқымыздың жадында мәңгілік сақталатын, тарихи әрі рухани мәні зор күн. Әлия — ұлт рухының символы. Ол өз ерлігімен елдік пен ерліктің биік үлгісін көрсетті. Ұлт болмысын айқындайтын ұрпақ тәрбиесі осындай тұлғалар арқылы қалыптасады. Президентіміз Ұлттық құрылтайда айтқандай, жаңа ұлттық болмыс терең білімді, мәдениеті жоғары, отаншыл азаматтар арқылы қалыптасуға тиіс.Осы орайда Әлияның өмір жолы мен ерлігі — жас ұрпаққа мәңгілік өнеге. Сонымен қатар бұл мерейтой Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикалық деңгейдегі атаулы күндер тізіміне енгізілді, — деді ол.

Гүл қою рәсімін Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен облыс әкімі Асхат Шахаров бастап берді. Одан кейін зиялы қауым өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де батыр рухына тағзым етіп, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды.

Іс-шараға Әлия Молдағұлованың туыстары да арнайы қатысты. Соның бірі — Әрия Қабиева.

— Мен Әлия апамыздың нағашысы Бейсенбай Қабиевтің қызымын. Әкем өз қарындасының құрметіне менің есімімді ұқсастырып, «Әрия» деп атаған екен. Бүгін,міне, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қадірлі меймандармен бірге апамыздың 100 жылдық мерейтойына қатысып, рухына тағзым етіп отырмыз. Бұл — біз үшін үлкен мақтаныш, — деді ол.

Шара аясында «Әлия гүлі достарын қарсы алады» атты халықаралық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы фестивалінің өнерпаздары да қатысты. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Армения және Ресейден келген өнер ұжымдары бар. Қырғызстанның Талас ауданынан келген мәдениет қызметкері, «Айкөл» академиясының директоры Нурбек Урматжанұлы өз әсерімен бөлісті:

— Біз бұл фестивальға екінші рет қатысып отырмыз. Бүгін 18 жас өнерпазды ертіп келдік. 5 жыл бұрын құрылған академиямыз Қазақстанмен шығармашылық байланыста. Әлия апамыздың ерлігі — күллі түркі халықтарының ортақ мақтанышы, тарихи жадына сіңген ерлік шежіресі, — деді ол.

Мерейтойға еліміздің Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, БатысҚазақстаноблыстары мен Ақтау, Атырау, Астана, Алматы қалаларынан да арнайы делегация келді.
Айта кетейік, мемориалды кешен 2005 жылы Әлияның 80 жылдық мерейтойына орай бой көтерген. Қола мүсіннің биіктігі — 3,8 метр. Мүсіннің авторы — Бақытжан Әбішев.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Ғасырларға жалғасқан ерлік

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығының концерттік залында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Ғасырларға жалғасқан ерлік» тақырыбында патриоттық форум өтті.Форумға мемлекет қайраткерлері, Парламент Сенатымен Мәжіліс, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, батыр қыздың туыстары, Астана, Алматы қалаларынан және Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды облыстарынан келген делегациялар, Ресей Федерациясынан арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Форумның мақсаты — Ұлы Отан соғысының даңқты батыры, мерген қыз Әлия Молдағұлованың ерлігін кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі ету, ел тарихындағы батыр әйел бейнесін ұлықтау.

Іс-шара Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаровтыңмодераторлығымен өтті.

Форум басталғанға дейін қатысушылар назарына 5 минуттық «Әлия» фильмі ұсынылып, батыр қыздың өмір жолы мен ерлігі туралы бейнематериал көрсетілді.

Салтанатты жағдайда Мемлекеттік Гимнмен ашылған форумда алғашқы құттықтау сөз сөйлеген облысәкімі Асхат Шахаров Әлия Молдағұлованың ерлігі ел жадында мәңгілік сақталатынын, бұл шараның жастарға тағылым беріп, ұлт рухын көтерудегі маңызы зор екендігін атап өтті.

— Бұл форум — Әлия апамыздың 100 жылдығын кең көлемде атап өтуге арналған мерейтойлық іс-шаралардың бастауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Әлия Молдағұлованың өшпес ерлігін міндетті түрде жадымызда жаңғыртамыз.  Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді», — деп атап өткен болатын. Осыған сәйкес Әлия Молдағұлованың  100 жылдығы республикалық іс-шаралар тізіміне енгізіліп, ел көлемінде ауқымды түрде аталып өтуде. Өңірімізде де арнайы жоспар бекітіліп, бұқаралық, мәдени-көпшілік,  әскери-спорттық  және халықаралық шаралар тізбелері жасақталды. Батырдың атындағы байқаулар, гала-концерттер, спектакльдер, танымдық кештер және өзге де ұлықтау шаралары өткізілуде.Мерейтой қарсаңында Әлия ауылдық клубы, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы мен батырдың есімін иеленген мемориалды музейге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әлия апамыздың ерлігі — өскелең ұрпақ үшін қашанда мәңгілік өнеге. Қобда ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жаңа нысандар салу арқылы батыр есімін ұлықтау ісі жалғасуда. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында заманауи үлгідегі «Әлия» мәдени орталығы мен жаңа мемориалды музейдің құрылысы қолға алынды.Бұл форум — сол игі бастамалардың жалғасы.Ерлікті ұмытпай, жаңғырту — қастерлі міндетіміз, — деген облыс әкімі өз сөзінде  Әлияны тану ісіне бар ғұмырын арнаған марқұм Ғалымжан Байдербестің еңбегін ерекше атады. «Ол — бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне және ел тарихының асыл мұраларын зерттеуге арнаған ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері.Әлияның ерлік жолын зерделеп, оны халық жадында жаңғырту жолындағы Байдербес ағамыздың еңбегі орасан зор. Ғалымжан Ермағамбетұлының өлшеусіз еңбегі жас ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталып, ешқашан ұмытылмайды деп сенемін.

Форум — бір ғасырлық ерліктің рухани жалғасы ғана емес, жас буын мен аға ұрпақ арасындағы рухани сабақтастықтың айқын көрінісі. Бұл жиын Әлия апамыздың өнегелі өмір жолын кеңінен насихаттап, жас ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды тәжірибемен бөлісуге зор мүмкіндік береді деп ойлаймын», — деді Асхат Шахаров.

Форумда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаеваталған іс-шараға алыс-жақын шетелден, еліміздің әр өңірінен келген азаматтар мен облыс тұрғындарын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қазақтың ұлы перзенті, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.

— Әлия — күллі қазақ халқының мақтанышы, ерлік пен елдіктің символы. Оның ерлігі мен қайсарлығын бір сөзбен сипаттау мүмкін емес. Батырымыздың өмірі мен ерлігіне қатысты деректер мен зерттеулер еліміздің ғылыми, танымдық және ақпараттық алаңдарында кеңінен насихатталуда. Қазақ әдебиеті мен публицистикасында оның қаһармандық бейнесін дәріптейтін сансыз шығармалар жарық көрді. Әлияның құрметіне еліміздің әр өңірінде көше аты берілді, ескерткіш қойылды. Осылайша Әлияның бейнесі барша қазақтың жүрегінде терең орын алды. Әсіресе Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әні ерлік, елдік рухты асқақтатып келеді. «Ғасырларға жалғасқан ерлік» атты форум — халқымыздың қаһарман қызының 100 жылдық мерейтойына арналған тағылымы терең, мазмұны мәнді бастамалардың жалғасы. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Сөз жоқ. Олардың есімін ел жадында сақтау — перзнеттік парызымыз, әрі жалпы ұлттық болмысымызға тән қасиет», — деп Ұлттық құрылтайда атап өткен болатын. Бұл тұжырым — бұл форумның да мазмұндық өзегі. Әлия Молдағұлова — сондай ұлықтауға лайық тұлғалардың бірегейі. Ақтөбеліктер Әлияның ерлік жолын кеңінен насихаттап, өткенді дамытып, бүгінгі ұрпақпен сабақтастыру жолында белсенділік танытуда. Осы орайда бұл форум қазақтың даңқты қызының рухын ұлықтауға арналған іс-шара ғана емес, жас ұрпақтың бойына ерлік сана, тарихи  жадыны терең түсінуге бағытталған маңызды идеологиялық қадам, — деді Мәлік Отарбаев. Ол өз сөзінде: «Өткенімізге әділ баға беріп, тарихи тұлғаларымызды лайықты ұлықтау — әрбір азаматтың перзенттік парызы», — деп атап өтті.

Форум жұмысы барысында Мәжіліс депутаты Қазыбек ӘлішевПарламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан  Қошановтың құттықтау хатын оқып берді. Содан соң қатысушылар бірқатар тарихи-танымдық баяндамалар тыңдады. Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің директоры Жанар Мақсұтова «Батырлық мәңгілік: Әлия музейі — тарих пен тағылым көзі», Ұлттық Кеңес мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, академик Бүркітбай Аяған «Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанда құрылған дивизиялар» тақырыбында баяндаса, академик Серіктес Тоққұлов 1979 жылы Ленинградтағы Ә.Молдағұлова оқыған №140 мектеп музейін жасақтаған қазақ жастары жайында сөз етті.

Форум барысында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы тағылымды естеліктер айтылды. Батыр қыздың туысы, яғни нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың немересі Айгүл Молдағұлова форум қатысушыларына Әлия туралы сыр шертті.Ресей Федерациясының Ярославль облысындағы «Вятич» патриоттық орталығының жетекшісі Любовь Абрамова «Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы естелікті сақтау: ұрпақтар мен мәдениеттер арасындағы байланыс»тақырыбында сөз сөйледі. Сондай-ақ форумға Астана қаласынан өнертану ғылымдарының кандидаты, «Әлия» әнінің авторы Сейдолла Бәйтерековтің зайыбы Ләззат Мұзарафқызы құттықтаусөз арнады.Ақын Бәкір Тәжібаев пен композитор Сейдолла Бәйтерековтің бірлескен туындысы алғаш рет 1975 жылы орындалған. 2025 жыл — батыр қыз Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл, ал бұл әнге 50 жыл толып отыр.  Осылайша ерлік пен әннің тоғысы тарихи үндестікке айналды. Бұл туынды халықтың жүрегінен мәңгілік орын алған әрі өзінің тарихи құндылығын жоғалтпаған шығарма саналады.Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияәншісі Мерей Самұраттың орындауындағы «Әлия» әні көрерменге ерекше әсер сыйлады.

P.S. Форум аясында 7 сәуір мен 31 мамыр аралығында өткен «Ұмытылмас бейне» атты республикалық онлайн-симпозиумға қатысқан суретшілер мен мүсіншілердің қорытынды көрмесі де ұйымдастырылды. Облыстық өнер музейінің ғылыми қызметкері Іңкәр Әлібекованың айтуынша, симпозиумға ұсынылған 40 жұмыстың ішінен 15 сурет пен 9 мүсін таңдап алынған. Бұл жұмыстар Ақтөбеден ғана емес, Атырау, Астана, Алматы, Ақтау және Қарағанды қалаларынан келген өнер шеберлеріне тиесілі. Оның ішінде екі мүсін мен екі сурет — ақтөбелік шеберлердің туындылары. Евгения Сухотина көрмеге «Әлияның ерлігі» атты картинасын ұсынды. «Өз туындымда Әлияның ерлігін,  батылдығын көрсеткім келді. Себебі жұмысқа кіріспес бұрын Әлия туралы кеңестік және қазіргі заманғы әдебиеттердікең көлемде оқып, соның нәтижесінде образ жасауға тырыстым», — дейді Е.Сухотина.

Арайлым НҰРБАЕВА.

ӘЛИЯНЫҢ МУЗЕЙІ

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы аясында жер-жерден келген қонақтарға танымдық экскурсиялар ұйымдастырылды. Қаһарман қыздың атындағы облыстық мемориалды  музейге елімізден бөлек, Ресейдің Ярославль, Псков, Орынбор облыстарынан арнайы келгендер бар.

Аталған музейдің аға ғылыми қызметкері Сәулеш Тажбенова келушілерге бұрыннан бар жәдігерлермен қоса, жаңа экспозицияны да таныстырды. Жаңа қондырғылармен  жабдықталған көрмеде VR көзілдірікті мультимедиялық технология, сандық сторителлинг, 3D-mapping, жасанды интеллект арқылы жасалған голограмма, т.б. бар.

— Батыр қызымыздың өмірбаяны мен ақтөбеліктердің Екінші дүниежүзілік соғысқа қосқан үлесі, жалпы қазақ халқының ерлік жолы айтылатын  экскурсияның ұзақтығы — 40 минут. Бірақ уақыттың тығыздығына байланысты мейлінше қысқа да нұсқа айтуға тырысып жатырмыз. Өйткені келушілер легі қалың, — дейді ол.

Көрермендерге Болат Шамшиевтің «Мергендер» фильмі, «Әлия Молдағұлова — «жауқазын ғұмыр»,  «Қаһарман қыз» деректі фильмдерінен үзінділер көрсетілді.

Жөндеуден өткен музейді тамашалағандардың арасында даңқты батырдың туысы Айгүл Молдағұлова да бар.

«Әлияның нағашысы Әбубәкірдің немересімін. Алматы, Қарағанды өңірлерінен батыр апамыздың туыстары жиналып, мәре-сәре болып жатырмыз. Әрине,көзін көрмесек те осындай апамыздың бары — біз үшін үлкен мақтаныш. Екі күндік мәдени бағдарламаға қатысамыз», — дейді ол.

Ярославль облысына қарасты Рыбинск авиация колледж жанындағы музей, Псковтан келген «Гвоздика» іздестірушілер тобы, т.б. сырттан келген қонақтар экспозицияға қатысты сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Айта кетейік, биыл ашылғанына 45 жыл толған Әлия музейінің қорында 11 мыңнан астам жәдігер бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

ӨЛКЕ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

Одан әрі қонақтар облыстық өлкетану музейіне барып, өңірдің бай тарихымен танысты. Музейдің экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің нұсқаушысы Нұрия Сәрсенова қонақтарға алдымен қаланың алғаш іргетасы қаланған кезең жөнінде ақпарат беріп, музей тарихына да тоқталды. 1929 жылы ашылған музейдің жаңа ғимаратындағы экспозициялар кіші залдардан тұратын 10 негізгі бағыт бойынша жасақталған. Қонақтар табиғат, археология, Қазақ хандығы, этнография залы, медицина және әскери ғылым, білім залдарындағы, сонымен бірге Ақтөбе қаласының құрылу тарихы, Кеңес дәуірі мен тәуелсіздікке дейінгі кезең және Тәуелсіздік залы мен тұлғалар туралы экспозициялар қойылған залдармен танысты. Қонақтар музей ұжымына алғыс білдіріп, Әлия Молдағұлова сынды батыр тұлғаларды насихаттауда осындай рухани мекемелердің маңызы зор екенін атап өтті.

* *  *

Кешкілік Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасында «Әлия» мюзиклі сахналанды. Жаңа мюзикл-спектакль Әлияның балалық шағы, әскери өмірі мен майдандағы ерлігі туралы сыр шертеді.

Қойылымды Astana Musical мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі, танымал режиссер Есләм Нұртазин жүзеге асырды. Спектакльде тарихи-биографиялық оқиғалар драмалық тартыстармен, әсерлі диалогтармен және жанды музыкалық көріністермен өрілді.

М.САТАЕВА.

aqtobegazeti.kz