Балық аулаудан сайыс өтті
Өткен аптаның сенбі күні Қарғалы су қоймасында «Жылтыр қармақ-Мормышка» атты балық аулаудан аудандық жарыс өтті.
Спорттық іс-шараны аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен туризм және өлкетану орталығы бірлесе ұйымдастырды.
Сайыстың мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттай отырып, балық аулау спортын танымал ету, қатысушылардың біліктілігін арттыру және де балық аулау дағдылары бойынша тәжірибе алмасу, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беру мен табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыру болып табылады.
Бір айта кетерлігі, қыс мезгілінде балық аулаудың өзіндік ерекшеліктері бар.Тіпті бұл іс кейбіреулердің сүйікті хоббиі десек те болады. Сондықтан да, балық аулаудың ең қызығы қыс мезгілінде. Себебі, дала ақ мамыққа оранып, су біткеннің бетін құрсау басқанда, таза ауада балық аулау денсаулыққа да өте пайдалы іс.
Осы орайда аталмыш жарысқа түрлі жастағы барлығы 52 балық аулаушылар қатысты. Олардың арасында кәсіби де, әуесқой да балықшылар бар. Нақтырақ айтар болсам, оның ішінде 38 ер адам, 5 әйел адам, 9 жасөспірім өзара бақ сынады.
Осылайша, мұз ойып, қармақ салып, тапжылмай күткен балықшылардың қанжығасы майланып, нәтижесінде жүлделі орындарға қол жеткізді. Сайыс шартына сәйкес қатысушылар балық аулап, олардың аулаған балықтары өлшеніп, салмақ дәрежесіне сай марапатталды.
Олай болса, ерлер арасында І орынды Салимжан Ахметов (2,800 кг), ІІ орынды Есмухан Карагулов (1,690 кг), ІІІ орынды Ербол Успанов (1,115 кг) иеленді. Ал әйелдер арасында жүлделі І орынға Гульжан Ержанбаева (0,520 кг), ІІ орынға Таня Мусабекова (0,470 кг), ІІІ орынға Елена Пухальская (0,395 кг) қол жеткізді.
Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында І орын Егор Целиковке (1,520 кг), ІІ орын Даниел Пухальскийге (1,325 кг), ал ІІІ орын Арсен Жаманшаловқа (0,775 кг) бұйырды.
Оған қоса ұйымдастырушылар тарапынан арнайы номинациялар да табыс етілді. Атап айтар болсақ, «Ең қарт қатысушы» номинациясын — Сақтаған Тулебаев, ал «Ең жас қатысушы» номинациясын — Кирилл Гайтоненко, «Ең жылдам бұрғылаушы» номинациясын — Денис Соловьев, сондай-ақ, «Ең бірінші ауланған балық» номинациясын — Жасулан Уразбаев, «Ең үлкен балық» номинациясын — Данияр Капиев және де «Ең кішкентай балық» номинациясын Тимур Абдуллин иеленді.
Бір күнге жалғасқан іс-шара соңында жеңімпаздар мен белсенділер арнайы дипломдармен және де естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бір қарағанда балық аулауды тек ер адамдар ғана жақсы көреді деп түсінеміз. Алайда балық аулауды сүйікті ісіне айналдырып алған нәзік жандылар да аз емес. Солардың бірі – Гульжан Ержанбаева. Ол жыл сайынғы балық аулау сайысына белсенділік танытып қатысып келеді. Қол жеткізген нәтижелері де жоқ емес. Биыл да аталмыш іс-шараға қатысып, нәтижесінде әйелдер арасында І орынға қол жеткізді. Осы орайда оның сайыстан алған әсері жайында сұрап білген едік.
— Өзім ағысы арқыраған, жазғытұрым арнасына сыймай тасқындай таситын Жайық бойында туып-өскен соң, балық аулау өнері күнделікті тіршіліктің біріндей көрінеді маған. Бірақ біздің тұрған жеріміз Қарғалы ауданында балық аулау — бөлек те, белгілі бір машықты керек ететін іс. Мен бос уақытымда ұсақ-түйек балық аулағанды денсаулыққа пайдалы әрі уақытты қызықты өткізу мен таза ауа, тамаша табиғатта тынығу үшін зор мүмкіндік ретінде қабылдаймын. Осыған орай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен туризм және өлкетану орталығының бірлесе ұйымдастырған «Жылтыр қармақ-Мормышка» атты қысқы балық аулау жарысы — осындай мүмкіндіктердің бірі болды.Сайыс Қарғалы су қоймасында өтті. Шараны ұйымдастырушылар түрлі спорттық ойындар өткізіп, қатысушылардың отбасымен бірге демалу жағын да қарастыра білген. Бұл іс-шара маған жақсы көңіл күй, қайталанбас эмоция сыйлады. Өз тарапымнан ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді,-деген лебізін білдірді Гульжан Ержанбаева.
Жалпы, балықты қыс мезгілінде аулау — өте күрделі, білу керек ережелері көп жұмыс. Сондықтан да, мұз үстіндегі қауіпсіздікті де ұмытпаған жөн. Осыған орай, спорттық шара барасында қатысушыларға арнайы мамандар қауіпсіздік шараларының алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, бір айта кетерлігі бұл спорттық сайыс жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ең бастысы іс-шара ауыл тұрғындары арасында олардың бос уақыттарын тиімді пайдалана отырып, әуесқой балықшылардың біліктілігі мен тәжірибесін сынап, оған қоса салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізуде.
Жұлдыз КЕНЖЕ