БАЛАЛАРҒА БАҚЫТ СЫЙЛАҒАН — «БӨБЕК»

Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Оның ішінде бала тәрбиесіне ешқашан бей-жай қарамаған. Бала тәрбиесі ең алдымен ана құрсағында қалыптасып, отбасы деген ұядан басталады. Одан соң баланың тәрбие мекені балабақшада жалғасады. Ол бүлдіршіннің білімді, өмірді, өнерді игеруге деген алғашқы қадамы. Осы тұста балабақша ұжымына артылар жауапкершілік көп. Себебі, олар елдің ертеңін, болашақтың тұтқасын ұстар ұрпақ тәрбиелейді.

         Осы орайда кішкене бөбектерге бақыт сыйлап, олардың білім мен тәрбие алуына атсалысып келе жатырған білім ордаларының бірі, Желтау ауылдық округіне қарасты Шәмші Қалдаяқов ауылындағы —  «Бөбек» бөбекжай-балабақшасы. Ашылғанына 18 жыл болған білім ошағын қазіргі таңда Гулайым Биязбаева басқарады.

Бұл білім ордасы — келешек ел басқарар, жер суына иелік етер, ел халқын гүлдентер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі ұя. Аталған бөбекжай бақшасындағы 3 топта 88 бүлдіршін білім алуда. Сондай-ақ, балабақшада 30 қызметкер жұмыс жасайды. Оның 9-ы педагог мамандар. Нақтырақ айтар болсақ, жоғары білімді мамандар саны — 5, ал арнаулы орта білімділер саны — 4. Балабақшада өз жұмысын жақсы білетін, арнайы біліктілік санаты бар, тәжірибелі мамандар жұмыс жасайды. Ұжымдағы әрбір қызметкердің міндеті — күнделікті алдарына келетін бүлдіршіндерге бақыт сыйлай отырып, оларға білім үйрету.

«Үйренер нәрсең-білім мен мейірімділік»-деп, Жүсіп Баласағұн  айтқандай, балабақша ұжымы әрбір күнін ізденіспен өткізеді.

Сондай-ақ, «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» демекші, ұжымды біріктіріп, білім саласының дамуына елеулі үлес қосып отырған білім ошағының басшысы Гүлайым Зайнуллақызы 34 жылдық тәжірибесі бар, білікті де білімді жан. Аталмыш бөбекжай-бақшаны басқарып келе жатқанына 4 жылдан асқан.  Осы жылдар аралығында педагогикалық еңбек пен ізденістің арқасында аудандық, облыстық және республикалық білім беру саласының құрмет грамоталарымен және де алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Атап айтар болсақ, 2015 жылы «Үздік балабақша әдіскері» республикалық сайысының ІІІ дәрежелі дипломымен, «Үздік әдіскер» төсбелгісіне ие болған. Және де ҚР оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ құрмет грамотасымен, ІІІ дәрежелі «Жыл директоры» сынды т.б. жеткен жетістіктер аз емес. Педагогикалық  іс-тәжірибелері де облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында таратылған. Оған қоса 2023 жылдан бастап аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланып, қазіргі таңда ауылымыздың өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді.  Осы орайда біз де бөбекжай-бақша меңгерушісімен тілдесіп, білім ордасының қызметі мен жеткен жетістіктері  жайында сұраған едік.

-Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Сондықтан да, балабақшамыздың жақсы жетістіктерге жетуі, әрбір тәрбиешінің өз еңбегінің нәтижесімен, жаңалығымен, біліктілігі мен білімдерінің арқасы деп білемін. Оған қоса мұнда педагогика мамандық емес, өмір салты болатын адамдар жұмыс істейді. Мен 2008 жылдан бастап «Бөбек» бөбекжай-бақшасындағы еңбек жолымды әдіскерлік қызметтен бастадым. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, алдымызға келген әрбір бүлдіршінге балабақшадан бастап тәлім-тәрбие беріп,  ұлтжандылыққа тәрбиелеуді мақсат етіп келеміз. Осы сәтті пайдалана отырып, ауызбіршілігі мол ұжымым мен болашақ дарынды бүлдіршіндеріме тек шығармашылық өрлеу мен толағай табыстар тілеймін. Ауызбіршілігі мен татулығы жарасқан білім ордамыздың бүгінгі таңда бағындырған жетістіктері аз емес. Әрине, оған ізденімпаздылық пен еңбекті жанына серік еткен тәрбиешілеріміздің, бір ауызбен айтқанда барша жұмыла көтерген ұжымның еңбегі зор екендігін мақтанышпен айта аламын, -дейді балабақша меңгерушісі.

Ізденімпаздылық пен еңбектің арқасында жетістікке жеткен балабақша мамандарына тоқталып өтсек. Вера Ивановна мектепке дейінгі педагогиканы дамытудағы ҚР Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен марапатталған. 2023-2024 оқу жылында Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрден тәрбиеші және тренер В.И.Божконың Алғыс хатымен марапатталған. «Бөбек» бөбекжай-балабақшасы» МКҚК ұжымы «Менің балабақшам – Менің мақтанышым!» жобасында «Достық 0+» Халықаралық жобасының дипломанты атанды.  «Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы» атты республикалық байқау-сайысының облыстық кезеңінде жаңашылдық пен кәсіби біліктілік танытқаны үшін ІІІ орынға ие болып, дипломмен  және 50000 теңге сертификатқа ие болған. Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігі «Балаларды ерте дамыту институты» РММ-нен Құрмет грамотасымен 5 педагог (Г.Биязбаева М.Камысбаева, Л.Алдашева, Г.Ахметова, А.Убашева) марапатталған. Ал, тәрбиеші Л.Алдашева Ақтөбе облысы білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталса, тәрбиеші М.Камысбаева Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ақтөбе облыстық ұйымы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Ендігі кезекте бөбекжай-бақшасындағы оқу процесіне тоқтала кететін болсақ, ұжым жаңашылдықпен жұмыс жасайды. Атап айтар болсақ, мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс барысында «Бөбек» бөбекжай — балабақшасы ертегі терапиясы, денсаулық сақтау технологтары, жобалау қызметі, эксперименттік — зерттеу қызметі, акт, лэпбук немесе интерактивті папка және сыни ойлауды дамыту технологиялары сияқты білім беру процесінде жаңа технологияларды пайдаланады. Бұл әр түрлі өмірлік жағдайларды шешуге шығармашылықпен қарауға тырысатын және әлем туралы жаңа білім алғысы келетін баланы тиімді тәрбиелеуге ықпал етеді. Мұндай технологияларды қолдану, әрине, әрі қарай оқуға оң мотивацияны қалыптастыруға әсер етеді.

Балабақша педагогтары тәрбие мен білім беру үдерісіне жобалық қызметті көп жылдан бері табысты енгізіп келеді. Тағы бір жаңалық – оқу процесінде Лэпбуктарды қолдану. Бұл «тізедегі кітаптарда» белгілі бір тақырып бойынша материалдар жиналады. Лэпбуктер педагогтардың, балалар мен ата-аналардың бірлескен іс-әрекетінің нәтижесінде пайда болған. Ең бастысы балалардың бас ерекшеліктеріне қарай негізделген бағдарламаны басшылыққа ала отырып, қазіргі заманауи технологиялар мен жобаларды жүйелі түрде пайдаланады.Жаңашылдықпен атқарылған жұмыстардың нәтижелі жетістіктері де бар. Болашақ ұрпақ тәрбиелеудегі «Бөбек» бөбекжай-балабақшасының мақсаты айқын екеніне көзіміз жетті.

Қазір мектепке дейінгі мекемелерге жай тәрбиеші ғана емес, жаңашыл тәрбиеші қажет. Жаңашыл тәрбиешінің міндеті — әр баланың жеке ерекшеліктерін, оның психологиялық дайындығын ескере отырып, топтың бірлескен қызметке қатысуына мотивация жасау. Инновациялық қызмет қазіргі заманғы педагогтар үшін олжа болып табылады.

         Бала жүрегіне жол табуды мақсат еткен бүгінгі біз тілдескен ұжымның  бағындырған белесі аз емес. Олай болса, әрдайым тың ізденісте жұмыс жасап, бүлдіршіндерді шығармашылық пен өнерге баулып келе жатқан балабақша ұжымының еңбегі ерен. Ендеше, еліміздің келешегі сапарында ерінбей қызмет етіп, заман көшінен озық түсетін, тәрбиелі де білімді бүлдіршіндер өсіріп шығаруда талмай еңбек ете беретініне сенеміз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА