Балалардың жазғы сауықтыру лагеріне қандай талаптар қойылады?

   Оқу жылы аяқталып, оқушылар асыға күтетін жазғы демалыс маусымы да келіп жетті. Бұл кезеңде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың денсаулығын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болмақ.

         Осы орайда аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айнагуль Бержановамен әңгімелескен едік.

         – Жазғы сауықтыру лагерьлерінің жұмысына қандай санитарлық талаптар қойылады?

– Балаларға арналған сауықтыру ұйымдары эпидемиялық маңызы жоғары объектілер қатарына жатады. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 10 тамыздағы № ҚР ДСМ-78 “Балаларға арналған сауықтыру және санаторлық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар” бұйрығына сәйкес, маусымдық жазғы лагерьлерде балаларды сауықтыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар объектілерді пайдалануға беру алдында санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс.

-Оның ішінде негізгілерін тізбектеп айтып өтсеңіз?

-Әрине. Объектілер үшін жер учаскесі құрғақ, желдетілетін етіп таңдалады. Себебі, учаске атмосфералық ауаны ластау көздерінің жел жағында болады, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауды ұйымдастыру үшін қолайлы кірме жолдары мен жағдайлары бар болады. БСО-ның аумағында және үй-жайларда олармен байланысы жоқ объектілерді функционалдық түрде орналастырмайды. Лагерь аумағы бөгде адамдар мен жануарлардың кірмейтіндей қоршаулы болуы және сыртқы жағынан жасанды жарықтандырумен қамтамасыз етілуі қажет. БСО-да жазғы сауықтыру маусымының ашылуының алдында жөндеу-қалпына келтіру және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады және жүргізіледі.

-Білім беру және сауықтыру орталығында (БСО) жазғы сауықтыру маусымының ашылуында қандай профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады?

         – Сауалыңыз орынды. БСО-да жазғы сауықтыру маусымының ашылуының алдында жөндеу-қалпына келтіру және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтар болсам, жөндеу-қалпына келтіру және профилактикалық іс-шараларын қамтитын үйлерді жөндеу жұмыстары, инженерлік желілердің, желдету және ауа баптау жүйелерінің жұмыс істеу тиімділігін тексеру, желдеткіш жүйелерін тексеру актілерінің болуы, ауыз суды зерттей отырып, сумен жабдықтау құрылыстары мен желілерін профилактикалық жуу және дезинфекциялау, мамандандырылған ұйымдармен сумен жабдықтау жүйелерін жуу жөніндегі актінің болуы. Сумен жабдықтау жүйелерін тазарту, жуу және дезинфекциялау актісі № 26 Санитариялық қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді,  аумақты қоқыстан тазарту және абаттандыру; қолдануға рұқсат етілген және Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеуіне енгізілген дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық құралдарды қолдана отырып, профилактикалық дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шараларды жүргізу, лабораториялық-инструменталдық зерттеулер жүргізу (азық-түлік блогынан алынған ауыз суының үлгілерін бактериологиялық, санитариялық-химиялық зерттеулер; жабық жүзу бассейндері мен ванналардан, жағажайлардан алынған судың үлгілерін бактериологиялық, санитариялық-химиялық, вирусологиялық, паразитологиялық зерттеулер, жазғы маусымның басталуына және әр ауысымның аяқталуына қарай техникалық қызметкерлер тарапынан жалпы тазалау жүргізілуі қамтамасыз етіледі.

– Қызметкерлер мен балалардың денсаулығын бақылау қалай жүзеге асады?

– Жазғы сауықтыру лагері жұмысқа қабылдамас бұрын қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өтуі және медициналық тексеру мен гигиеналық оқыту өткендігін растайтын құжатының болуы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, балаларды қабылдау кезінде денсаулық жағдайы туралы құжаттың болуы арқылы жүзеге асырылады “Сауықтыру лагеріне баратын оқушыға арналған медициналық анықтама” 071/у нысан бойынша және инфекциялық аурулармен байланыс болмауы туралы анықтама болуы тиіс. Балалар келмей тұрып, олардың денсаулық карталары тексеріледі, қажет болған жағдайда қосымша тексеріс жүргізіледі. Сонымен бірге, эпидемиологиялық ахуалға байланысты жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында арнайы дезинфекциялық шаралар атқарылады.

Әңгімелескен Жұлдыз КЕНЖЕ