Балалардың қысқы демалысы қалай өтті?

Әне-міне дегенше, мектеп оқушылары ІІ-ші оқу тоқсанын да тәмамдап, 10 күн бойы демалып, енді ІІІ-ші оқу тоқсанына қадам басты.  

Оқушылардың әрбір тоқсан сайынғы демалысты асыға күтетіні жасырын емес. Өйткені, демалыс балалардың сабақтан дем алып, бір уақыт алаңсыз асыр салып, ойын ойнап, серпіліп қалатын сәті. Біз де оқушылардың қысқы демалыс кезіндегі бос уақытының қалай ұйымдастырылғанын аудандық білім бөлімінен білген едік.  Айта кететін болсақ, биыл қысқы демалыс 30 қаңтардан 8 қаңтарға дейін, барлығы 10 күнге созылды.

 

 

-Әр мезгілге сәйкес тоқсан сайынғы демалыстың оқушылар үшін маңызы зор. Оның ішінде қыс мезгілінің орны ерекше. Мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясындағы жоспарға сәйкес түрлі  іс-шаралар ұйымдастырылды.  Атап айтар болсам, білім беру ұйымдарында «Қысқы ғажайып» тақырыбында сурет көрмесі, спорттық сайыстар, «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру мақсатында «Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз» атты кітап оқу шаралары өткізілді. Сондай-ақ, қосымша білім беру ұйымдарында да қызықты іс-шаралар, оның ішінде «Шабыт» аула клубының оқушылары қысқы демалыстарын қызықты да есте қаларлықтай өткізу мақсатында таза ауада  қардан мүсіндер жасаса, «Туризм орталығы» оқушыларға туризм бағыты бойынша туристік эстафеталық сайыс, Ащылысай филиалында жасанды шыңға өрмелеуден туристік сайыс, т.б. спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өтті. Сонымен қатар, ең бастысы  қысқы демалыс кезіндегі оқушыларымыздың қауіпсіздік шараларының алдын алу мақсатында  да белсенді жұмыстар жүргізілді,-дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Анар Тілеу.

Осылайша, табиғатты ақ көрпесіне ораған қыс мезгіліндегі балалардың демалысы қызықты өтіп, жаңа тоқсанның алғашқы аптасы да басталды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА