БАЛАЛАР КҮНІ — БАЛҒЫН КҮЛКІ МЕН МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ

Өткен аптаның жексенбісінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні кең ауқымда аталып өтті.

Жаздың алғашқы күні ауданымыздың кішкентай тұрғындары үшін қуаныш пен шаттыққа толы ерекше мерекеге ұласты. Аталмыш мерекеге орай аудан орталығындағы Орталық саябақта думанды шара өтті. Балалар мен ата-аналарға шаттық сыйлаған бұл мерекелік жиын көпшілік көңілінен шығып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

 

Мерекелік шараны аудан әкімі ашып, мереке иелерін  құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Бүгінгі мереке – тек балалардың емес, барша қоғамның ортақ қуанышы. Себебі бала – біздің болашағымыз. Әрбір халық ұрпағымен көктеп, ұлтымен өркен жаяды десек, біздің де тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы балаларымыздың болашағымен тікелей байланысты екені баршамызға белгілі.Бақытты бала әрдайым біздің назарымызда және қамқорлығымызда,-деп атап өтті аудан басшысы Нұрлыбек Унербаев.

Одан соң аудан әкімі білім мен өнер саласында жоғары жетістікке жетіп, үздік нәтиже көрсеткен бірқатар дарынды оқушыларды марапаттап, оларға алғыс хаттармен естелік сыйлықтарын табыс етті.

Марапатқа ие болғандардың қатарында ІІІ Халықаралық балалар театрының «Алға жетістікке – 2025» байқау-фестивалінде І орын иеленген Еркежан Турсунова, Нәзира Қосай, Әлихан Темірхан, Нұрзия Мұхтарова, Қосай Алиев және “Леопард в Казахстане” тақырыбындағы республикалық балалар сурет байқауында үздік шыққан Алиса Макарова бар. Және де Халықаралық «Туған елім, туған жерім» сурет байқауының І орын иегері Инга Вагнер, сондай-ақ Халықаралық “Eniki fiesta” сурет байқауында жеңіске жеткен Аруна Нұрбосын мен Ханшайым Ахметова да марапатқа ие болды. Сонымен бірге республикалық «Арт-колонок – 2025», «Ұлы дала барысы – Бейбарыс Сұлтан» байқауларының жеңімпазы Мадина Мұқанова мен республикалық “Юный художник” арт-марафоны аясында өткен “Чудесный мир натюрмортов” байқауында топ жарған Айкумис Төлебаева да ерекше құрметке бөленді.

 

 

Саябақ ішінде түрлі қызықты алаңдар жұмыс жасап, бүлдіршіндер мен ата-аналарға арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, ерекше көңіл күй сыйлады.

Атап айтар болсақ, балалар спорттық, ұлттық ойындарда күш сынасып, отбасылық көңілді стартта ептіліктерін көрсетсе, кішкентай бүлдіршіндер караокемен ән айтты. Оған қоса ең кішкентай сәбилерге арналған балалар шеруі ұйымдастырылды. Шара аясында ата-аналар өздерінің сүйкімді бүлдіршіндерін түрлі нақышта безендірілген арбалармен алып шығып, көрермендердің көзайымына айналды. Шеруде балалар арбалары түрлі қиял мен шығармашылықпен жасақталған. Бірі ұлттық нақыштағы шағын киіз үй пішінінде болса, енді бірі медициналық көлік, сұлулық салоны, полиция бөлімшесі, тіпті ханшайымның арбасына дейін ойластырылған. Бұл кішкентай кейіпкерлердің шеруі көрермендерге шаттық пен күлкі сыйлады. Өйткені, тек бүлдіршіндер ғана емес, ата-аналар да шығармашылық шеберліктерін паш етіп, көрермендерден жылы лебіздерге ие болды.

Сонымен қатар, бұл мерекеде ауданымыздағы кітапхана, музей ұжымдары мен аудандық жастар орталығы да балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, игі іс-шаралар ұйымдастыру арқылы өздерінің белсенділіктерін көрсетті. Ашық аспан астында кітапхана қызметкерлері бүлдіршіндерге ертегі әлемінің кейіпкерлерін сомдап, қызықты ойындар өткізді. “Сенің алтын сөрең” атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жаңа кітаптар, 4D форматтағы, түрлі балаларға арналған қызықты энциклопедиялар, әлемнің алтын классиктерінің туындылары, қазақ балалар жазушыларының шығармалар жинағы таныстырылды.

         

Музей ұжымы «Құстар үні – табиғаттың үні» атты жылжымалы көрме өткізіп, балаларға құстар әлемін таныстырып, сондай-ақ табиғатты қорғаудың маңыздылығын ұғындырды.

Ал аудандық жастар орталығы кішкентай сәбилер арасында «Тәй-тәй» сайысын ұйымдастырды. Енді ғана қадам басуға талпынып жүрген сәбилер қатысып, ата-аналар балаларына қолдау білдірді. Нәтижесінде барлық қатысушылар арнайы медальдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Балалар мерекесі «Әншуақ» атты концерттік бағдарламамен жалғасып, балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, мектеп оқушылары өнер көрсетіп, көңілді би билеп, саябақ аспанын әнге бөледі.

Шара аясында кішкентай бүлдіршіндерге мекеме ұжымдары мен ұйымдастырушылар тарапынан тәтті балмұздақтар мен сыйлықтар таратылды.

Осылайша, бұл күн де балалықтың бал дәуренін еске салар жарқын күн ретінде балалар жадында қалмақ.

  Тағы айта кетерлігі, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елімізде «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы қабылданды. Бұл бастаманың мақсаты – балалық шақтың мемлекет үшін аса маңызды екенін қоғамға кеңінен ұғындыру және оны мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде көрсету.

Осыған орай 22 мамыр – 1 маусым аралығында ауданымыз бен ауданға қарасты барлық елді мекендерде  отбасы, қауіпсіздік, денсаулық, білім, бала құқықтары сынды маңызды мәселелер қамтылған мәдени-көпшілік, спорттық-сауықтыру және танымдықіс-шаралар өткізілді.

 Бүлдіршін жүректен-ақ тілектер 

Бұл күні балалар үшін шаттық пен қуаныштың шегі болмады. Мерекелік шара барысында алаңқайға жиналған кішкентай бүлдіршіндер шаттана ойнап, ән айтып, би билеп, қуанышты сәттерді бірге бөлісті. Олардың жүздерінен қуаныш пен үміттің нұры байқалды. Біз де сол қуанышқа ортақтасып, балғындардың тілектерін тыңдадық.

Мариям Сермағанбетова, 4 жаста:

– Бүгін біздің мерекеміз. Мен өте қуанып тұрмын. Концертте би билеймін. Барлық балаларды мерекемен құттықтаймын!

 

 

Уәлихан Шаһкерім, 5 жаста:

– Мен мерекеге анаммен және ағаммен келдім. Мереке құтты болсын! Балалар ауырмасын. Мен өскенде өрт сөндіруші болғым келеді.

 

 

Дания Нұржанова, 2-сынып оқушысы:

– Бүгінгі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен баршаңызды құттықтаймын. Мен сабағымды үздік аяқтап, бүгін анаммен бірге серуендеп жүрмін. Барлық бала дені сау болып, армандары орындалсын деп тілеймін.

 

Жібек  пен Амина, құрбылар:

– Балалар мерекесі құтты болсын! Біз – сыныптас достармыз. Бүгін саябаққа келіп, мерекені тойлап жатырмыз. Ойын ойнап, балмұздақ жедік. Ешқашан ауырмай, барлық бала әлемде бақытты болсын!

Балғындардың жүректерінен шыққан осындай ақжарма тілектер – бұл мерекенің шынайы мәні мен маңызын айқындай түседі. Балалардың бақытты күлкісі, жарқын арманы – еліміздің жарқын болашағының кепілі.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА