Бақыт балалы үйге қонады
Ананың мойынына жүктелген жұмыс ана болу десек, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлік. Қоғамда үйге ұйытқы, мамандығымен ел игілігіне еңбек етіп жүрген абзал да аяулы жандар қаншама?
Мереке алдында біздің де айтпағымыз бары қасында, бағы басында, көп балалы отбасының бірі — Гаухарай Алламуратова жайында болмақ. Ол Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл ауылының тұрғыны.
Гаухарай Аширбайқызы 1969 жылы ақпан айының 2 жұлдызында Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақстан автономиялы елінің Қоңырат ауданы, Қоңырат кеңшарында қарапайым отбасында дүниеге келген. Отбасында әкесі Алламурат пен анасы Қалбеке төрт қыз, екі ұлдың арасында, екінші көрінген перзенті болған.
1976 жылы Қоңырат кеңшарындағы Ленин атындағы орта мектеп табалдырығын аттаған жас бүлдіршін 1986 жылы оқуын бітіреді. Ауылды қимаған ауыл қызы мектеп бітірген бойда Қоңырат кеңшарының сауын фермасына жұмысқа тұрып, 2004 жылға дейін еңбек етеді.
Сол кезде ауылда еңбек етіп жүрген, қолының ебі бар, ел аузында айтылып жүрген дәнекерлеуші өз ісінің шебері Есенгелді Аллановпен дәм-тұзы жарасып, өмір кемесімен бірге жүзіп келеді. Дәм жазып, ата-бабаларының кіндік қаны тамған Қазақстанға қоныс аударады. 2004 жылдан бері Петропавл ауылының тұрғындары, елге танымал үлгілі отбасындағы көп баланы өнеге үлгісімен өсіріп отырған қарапайым жарасымды жұп.
Отағасы өз ісінің шебері, дәнекерлеушілігімен танылса, зайыбы Гаухарай 8 баланың анасы. Балалар есейгенше үй шаруасымен айналысып, 2017 жылдан бері Желтау ауылдық округі мекемесінде қатардағы техникалық қызметкер болып еңбек етсе, үйде мал, бау-бақшаны балаларымен бірге баптап жүр. Батыр ананың төрт баласы жеке отау иесі, өздерінің айналысатын тірліктері бар. Екі баласы жұмыс жасаса, екі кішкентайы мектепте оқиды. Бұл күнде «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегері атанған, алтын құрсақты ана 9 немеренің сүйікті әжесі. Қоғамда өзіндік орны бар қарапайым еңбек адамы.
Біз де арайлы аналар мерекесі алдында, шаңырағын бала үнімен тербеткен алтын құрсақты әже, аналарымыздың жолын жалғаған келіндерімізге әлемнің бар жақсылығын тілейміз!
Бақыт ИМАШЕВ