БАДАМША — АУДАННЫҢ АЙНАСЫ

Аудан тұрғындарына аян Бадамшаның іргетасы аға-буынның қолымен қаланып, кейінгі ұрпаққа қызмет еткеніне де  ғасырға таяп қалды.

Ең алғаш сонау ҰОС жылдарында қадасы қағылып, әлемге хром кенін өндірумен танылған Бадамша бүгінгі күні ауданға қарасты тоғыз ауылдық округтің астанасы іпеттес. Күнде көз алдымызда жаңаша өркендеп, дамып келеді. Ол да заңдылық. Өйткені, алыстан ат артып келгендер алдымен ат басын Бадамшаға тіресе, қандай да жоба, бастама, жаңашылдық осы өңірден бастау алары ақиқат.

Біз де ауылдық округ әкімі Ернар Дабилдинмен хабарласып, аудан орталығында өткен 2024 жылғы жасалған жұмыстарды саралаған болатынбыз.

-Ернар Ерболатұлы, сіздің осы өңірге жетекшілік еткеніңізге біраз жыл болды. Олай болса, өткен жылда атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?

-Дұрыс айтасыз, әр жылғы еңбектің жемісі мен жеңісін аудан тұрғандары біле жүргені де дұрыс болар. Жылдағы үрдіс бойынша өткен жылы да біраз жұмыс жасалды. Десек те, орта жолда тоқтап қалмай, ауылды ажарландыра беру баршамыздың міндетіміз. Олай болса, округте атқарылған жұмыстарға ретімен тоқталып өтейін.

Бадамша ауылдық округінің жер көлемі 11,2 мың га, оның ішінде 4904 га елді мекен, 7690 га ауыл шаруашылығының еншісінде. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша халық саны-5233. Округте 7 шаруа қожалығы, 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Сонымен қатар,  халық игілігі үшін шаштараз, кафе, жартылай дайын өнімдерді ұсыну, гүл бизнесі, дәріхана, монша, көлік жөндеу, көлік жуу орындары, такси қызметі, нотариус, жанар-жағар май бекеті,т.б. қызметтерді көрсететін жеке кәсіпкерлердің жалпы саны — 686.

Айта кетерлігі жеке кәсіпкерлердің саны «Ауыл аманаты» жобасының аясында жыл сайын артып келеді. 2024 жылы 54 жоба тапсырылып, оның ішінде 33 жоба мақұлданып, нәтижесінде олар өз кәсіптерін бастап та кетті. Нақтырақ айтар болсақ, олардың қатарында Жамбыл көшесі бойында ашылған сұлулық салоны, «Ишхан» ет өнімдерін ыстап, жартылай дайын өнімдерді өндіру цехы, «Тұзды бөлме», пластик терезелер әзірлейтін цех, дөңгелеу жөндеу орны, тағы басқалары ел игілігі үшін еңбек етуде.

Сонымен қатар, бұдан басқа «Ауыл аманаты» жобасы аясында тұрғындар ірі қара мал, жылқы, құс өсіруге шағын пайыздық мөлшерде несие алып, өз шаруаларын дөңгелетіп, ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтамасыз етіп, ауылымыздың әлеуметтік жағдайын көтеруге өз септігін тигізуде.Сондай-ақ, Бадамша ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерін ұйымдастыруға арналған арнайы алаң ашылды. Және де орталық саябаққа жарықтандыру діңгегі орнатылды. Ауылдағы тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында 2 пәтерлі – 8 үй, 1 пәтерлі – 12 үй салынып, үй кезегінде тұрғандарға берілуде. Өткен жыл аяғында ашылуы ұзақ күттірген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің пайдалануға берілуі аудан тұрғындарын қуанышқа бөледі. Оған қоса ғимараты апаттық жағдайда деп танылғаннан кейін, әр мекемені паналап жүрген Балалар өнер мектебінің ұжымы да жаңа ғимаратқа көшіп, ашылу салтанаты өтіп, өнерлі бүлдіршіндерге  есігін айқара ашты.

Аудан орталығында жеке кәсіпкер Е.Таимов «Димаш» балабақшасын ашып, бүгінде бүлдіршіндерді қабылдай бастады.Ал енді жол мәселесіне қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсем, 2024 жылы Егемендік көшесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, асфальт жабындысы төселді. Аймауытов көшесінен Есет батыр көшесіне түсетін теміржолдың бойына қиыршық тас төселіп, тұрғындардың көлікпен қатынауына жағдай жасалды. Ел аузында «БАМ» аталып кеткен Аймауытов, Майлин көшелеріне бағаналар қондырылып, түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, Бадамша ауылындағы Әбілқайыр хан, Әйтеке би, Пацаев көшелерінің су ағарларын жаңарту жұмыстарын «Регион Ақтөбе Сервис» мердігер компаниясы жүргізуде. Өткен 2024 жылы бастау алған жұмыс биыл да өз жалғасын табатын болады. Одан өзге көктем мезгілінде суға кету қаупі бар көшелердің арықтарын қалпына келтіру, тереңдету жұмыстары  да атқарылды.

Тағы бір айта кетерлігі, біз ауылдың тазалық жұмыстарына да жауаптымыз. Сондықтан да республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Бадамша ауылдық округі көптеген жұмыстар атқарып, ауыл тазалығына айтарлықтай үлес қосты. Атап айтар болсам, орталық саябаққа алуан түрлі гүлдер отырғызылды, көшедегі қоқыс жәшіктері, орталық саябақтағы және мешіт жанындағы алаңдағы отырғыштар сырланды. Аудан орталығындағы барлық мекемелер мен ұйымдарға ауыл көшелері бекітіліп, нәтижесінде әр мекеме өзіне бекітілген көшелерге сенбілік жұмыстарын өткізіп отырды. Қоқыстардан тазалап, арамшөптер жұлынып, оған қоса тазалық акциясына арнайы техника, жүк машиналары, шөп шабатын техника жұмылдырылды.

Иә, жоғарыда айтып өткендей ауылдық округте өткен жылы ауқымы кең атқарылған істер аз болмады. Десе де әлі де түйіні бар мәселелер де жоқ емес. Биылғы жылы да округке қатысты біраз мәселелер талқыланып, ауқымды жұмыстардың жай-жапсары нақтыланды. Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта ретімен жүзеге аса бермек. Сайып келгенде бәрі де ауыл тұрғындарының игілігі үшін.

-Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Бақыт  ИМАШЕВ,

 ауданның  «Құрметті азаматы»