АУЫЛДЫҢ АРДАҚТЫ ҰСТАЗДАРЫ

Қазан айының алғашқы онкүндігінде ұстаздар қауымына деген құрмет ерекше сезіледі. 5 қазан – Дүниежүзілік мұғалімдер күні. Бұл атаулы күн алғаш рет 1994 жылғы 5 қазанда аталып өтсе, елімізде 2023 жылдан бастап кәсіби мереке ретінде кеңінен тойланып келеді.
Осы мереке қарсаңында біз жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың бірден келе бермейтін ауылдық жерде табандылықпен еңбек етіп, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаздардың еңбегін паш етуді жөн көрдік.
Материалымызды «Ауылдың ардақты ұстаздары» деп атауымыздың да өзіндік себебі бар. Қазақы ауылда ұстаздың орны қашанда төрде болған. Ауыл адамдары мұғалімді білім беруші ғана емес, елдің ақылшысы, жөн сілтер жанашыры ретінде қадірлеген. Сол дәстүрдің бүгінге жеткен жалғасы – ауыл мектебінде талай жыл табанды еңбек етіп жүрген ұстаздардың өнегелі жолы.
42 ЖЫЛЫН ҰСТАЗДЫҚҚА АРНАҒАН
Солардың бірі – ауылда туып, ауылда өсіп, бүкіл еңбек жолын туған жеріндегі мектепке арнаған Ғазиза Сарқұлова.
Ол 1957 жылғы 4 қазанда бұрынғы Степной, қазіргі ауданымызға қарасты Сағай ауылында дүниеге келген. Ол Анарбек пен Зейнегүлдің отбасындағы жеті баланың бірі.
Әкесі Қарабұтақ ауылындағы 30 жылдық ұжымшарда автокөлік жүргізушісінен бастап, ферма меңгерушісіне дейін түрлі қызмет атқарған. 68 жасында дүниеден өтсе, анасы Айжан зейнет жасына дейін ұжымшарда сауыншы болып еңбек етіп, 76 жасында өмірден озған.
Ғазиза Анарбекқызы Қарабұтақ ауылындағы Қызыл-Флот сегізжылдық мектебінің 8-сыныбын тәмамдап, 1974 жылы Ақтөбе қаласындағы орта мектеп-интернатын бітіреді. Сол жылы еңбек жолын Қызыл-Флот мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды.
Білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Орал қаласындағы А.С. Пушкин атындағы институттың филология факультетіне, қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне сырттай оқуға түсіп, 1982 жылы жоғары білім алып шығады.
1974-1979 жылдары Қызыл-Флот сегізжылдық мектебінде еңбек еткен ұстаз 1979 оқу жылының басында Әлімбет орта мектебіне қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып қабылданады. Осы білім ордасында 2016 жылға дейін өз мамандығы бойынша абыройлы қызмет атқарады.
Кейіпкеріміздің өмір жолы да еңбекпен, отбасы құндылығымен сабақтас. 1979 жылы Мақсат Сарқұловпен шаңырақ көтеріп, 35 жыл бірге ғұмыр кешіп, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Жолдасы Мақсат Әлімбет орта мектебінде түрлі қызмет атқарып, 2014 жылы ауыр науқастан дүниеден өтті.
Ұстаз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Зейнет жасына жетіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған Ғазиза Анарбекқызы бүгінде балалары мен немерелерінің, жиендерінің қызығына бөленіп отырған ардақты ана, ауылдың қадірлі ұстазы.
Ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет еткен мұндай жандардың өмір жолы – кейінгі буынға өнеге. Ауыл мектебінің қарапайым мұғалімі болып, шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаздың еңбегі ел жадында қалары сөзсіз.
ҰСТАЗДЫҚТАН – ДИРЕКТОРЛЫҚҚА ДЕЙІН
Ұстаздық – жүрек қалауымен таңдалатын, үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті мамандық. Ал қарапайым мұғалімдіктен мектеп басшылығына дейін көтеріліп, білім мен тәрбие ісін ұйымдастыру – өз алдына үлкен міндет.
№1 Бадамша орта мектебінің директоры Рита Шаметованың еңбек жолы – осының айқын көрінісі.
Ол 1993 жылы Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы педагогикалық институтты тәмамдап, өзі білім алған аталмыш мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады.
Бала күнінде көрші балаларды жинап алып, «ұстаз болсам» деп армандаған қыздың тілегі осылайша шындыққа айналады. Ол бүгінде өзі еңбек жолын бастаған мектепте 33 жыл қызмет етіп келеді.
Рита Құбайдуллақызы еңбек еткен жылдары талай шәкіртті пән олимпиадаларына дайындап, олардың биік белестерден көрінуіне ықпал етті. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге де өз үлесін қосып келе жатқан ұстазды әріптестері тіл жанашыры ретінде бағалайды.
Оның шәкірттері арасында облыстық және республикалық деңгейдегі білім додаларында топ жарып жүргендер аз емес. Өзге ұлт өкілдері арасынан білім алған Ксеня Кулешова, Арина Сюлина, Сергей Усков және басқа да шәкірттері тек мектептің емес, ауданның да мақтанышына айналды.
Рита ұстаз сынып жетекшісі болған жылдары оқушыларға білім берумен қатар, олардың бойына адамгершілік пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіруге ерекше мән берді. Алдынан өткен шәкірттері бүгінде әртүрлі салада абыройлы еңбек етіп жүр.
Қазақ және орыс сыныптарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген іскер маманды әріптестері 2016 жылы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ұсынды. Өз ісіне тиянақты, тәжірибелі маманға көрсетілген бұл сенім оның кәсіби жолындағы жаңа белеске айналды.
Ал 2023 жылы аудандық білім бөлімі Рита Құбайдуллақызына мектеп басшылығын сеніп тапсырды.
Үш жыл ішінде мектептің жетістіктері де арта түсті. Сондай-ақ, екі мәрте «Ақтөбе облысының үздік педагогі» атанып, қаржылай грантқа ие болды. Оған қоса Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
2026 оқу жылында өзі басқарып отырған білім ордасы облыста «Орта білім беретін үздік ұжым» атанып, 11 миллион теңге көлемінде грантқа ие болды. Қаржы мектептің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға бағытталды.Бұл – мектеп ұжымының ауызбіршілігі мен бір мақсат жолындағы еңбегінің нәтижесі.
Айта кетерлігі, биыл 20 қыркүйекте білім ордасына өзінің бұрынғы №1 Бадамша орта мектебі атауы қайта берілді.
Іскер басшының отбасы да өнегелі. Екі қызы да өз салаларында еңбек етіп жүр. Үлкен қызы – дәрігер, кіші қызы – ірі әуе компанияларының бірінде жолсерік.
Қарапайым ұстаздықтан мектеп басшылығына дейін көтерілген Рита Шаметованың еңбек жолы – ауыл мектебінің дамуына білімін, тәжірибесін және бар күш-жігерін арнаған ұстаздың өнегесі. Оның кәсіби жолы кейінгі жас мамандарға үлгі болып, мектеп тарихында өзіндік із қалдырары анық.
ӘРІПТЕСТЕРІН АРДАҚТАҒАН ҰСТАЗ
Ұстаздық – ұрпақ тәрбиесімен қатар, адам жүрегіне із қалдыратын абыройлы мамандық. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, талай жыл әріптестерімен бірге еңбек еткен аға буын өкілдерінің өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Солардың бірі – Сабира Майлыбаева.
Бізбен әңгіме барысында ардагер ұстаз өзінің еңбек жолын ғана емес, осы күнге жетуіне себепші болған ұстаздары мен әріптестеріне деген ризашылығын да жеткізді.
Ол 1949 жылғы 29 қарашада Ақтөбе облысының бұрынғы Степной ауданына қарасты Қызыл-Флот ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда бұл елді мекен Қарғалы ауданының Қарабұтақ ауылына қарайды. Кезінде Қызыл-Флот қазақы дәстүрі берік, іргелі ауылдардың бірі болғанымен, бүгінде тұрғындар саны азайған.
Әкесі Әбілжан мен анасы Жансұлу осы ауылда тұрып, ұжымшарда еңбек еткен. Сабира Әбілжанқызы 1970 жылы Ғабділғазиз Қуантаевпен шаңырақ көтеріп, бірге ғұмыр кешті.
– Жолдасым менің еңбек жолымда елу жылға жуық уақыт бойы демеу болды, – дейді ардагер ұстаз.
Кейін отбасы Петропавл ауылына қоныс аударған. Сабира мектепті тәмамдағаннан кейін іріктеуден өтіп, 1967-1968 жылдары Бадамша мектебі жанынан ашылған бір жылдық педагогикалық сыныпта білім алады. Оқу орнын аяқтаған соң, 1968 жылғы 1 тамыздан бастап Қызыл-Флот мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.
1970 жылғы 25 тамыздан бастап Қызыл-Флот мектебінен Херсон орта мектебіне физика-математика пәнінің мұғалімі болып ауысады. Ал 1971 жылғы 26 шілдеден бастап отбасы жағдайына байланысты Петропавл мектебінде математика пәнінен сабақ береді.
1974-1978 жылдары қазақ сыныптарының оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарса, 1978-1981 жылдары оқу-өндірістік комбинатында еңбек етеді. Бұл мекемеде жұмысшылар кешкі ауысымда білім алған.
– Еңбек жолымды тізе берсем, бір еңбек кітапшасы аздық етуі мүмкін, – дейді Сабира апай әзілмен.
Ұстаздың өмір жолы әріптестерімен, қатарластарының тағдырымен де тығыз байланысты. Ол Петропавл мектебін 16 баланың бірге тәмамдағанын, бүгінде солардың 11-і тәуелсіз елдің қызығын көріп отырғанын айтады. Олардың қатарында Қазақстанға еңбегі сіңген Еңбек ері орденінің иегері Аманғос Төлеуов, Хромтау қаласында тұратын белгілі тарих зерттеушісі, Сәрке батырды зерттеген, бірнеше кітаптың авторы Баянғали Құлтаев бар.
Бұдан бір жыл бұрын құрбылары Күләш Мұхановаға Петропавл орта мектебінің қабырғасына көп жылғы еңбегіне орай ескерткіш тақта орнатылған.
Сабира Әбілжанқызы өзінің еңбек жолында ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар берген ұстаздарын ерекше ілтипатпен еске алады.
– Өзіме ақыл айтып, еңбек жолымды шыңдауға себепші болған жаны жайсаң жандар – Жанай ағай, Төлеген, Күләш, Танзила, Жұмақан, Мария апайлар және интернатта тәрбиелеп, өмірге жол сілтеген Ғани, Мұхан Шаймағанбетұлы, Мұханбетқазы, Қалжан, Қабаш, Таждәулет, Қабыл секілді ұстаздарыма алғысым шексіз. Қалып қойғандарыңыз болса, кешірім сұраймын, – дейді ол.
Аға буынның қолдауы мен ақыл-кеңесі арқылы қалыптасқан ұстаздың еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған Сабира апайдың марапаттары да аз емес.
Бүгінде оның бір қызы, бір ұлы елге қызмет етіп жүр. Қызы Гүлмайра кезінде мәслихат депутаты болса, көп жылдан бері Степной ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келеді. Ұлы Талғат та еңбек жолын абыроймен жалғастыруда.
Екі перзентінен тараған бес немере мен жеті шөбере – ардагер ұстаздың өміріндегі ең үлкен қуаныштың бірі.
Ұстаздық жолдың қиындығы мен қызығын қатар өткерген аға буын өкілдерінің өмірі – кейінгі әріптестеріне үлкен мектеп. Олардың әр жылдардағы еңбегі ауыл мектебінің тарихымен бірге өріліп, ел жадында сақталары сөзсіз.
Білім нәрін ұрпақ бойына сіңіріп, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған барша ұстаздарды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Ұлағатты еңбектеріңіз жемісті, шәкірттеріңіз биіктен көріне берсін!
Бетті дайындаған Бақыт ИМАШЕВ






