АУЫЛДЫҚ МЕДБИКЕЛЕР ӘМБИБАП БОЛУЫ КЕРЕК

Менің ойымша алдына көмек сұрап келген жандар үшін ауылдық медбикелер жан-жақты болуы керек. Уақытпен санаспайтын ауыл ақ халаттыларының еңбегі де алғаш көмектің сапалылығымен бағаланады.
Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Оның үстіне ауылда науқастанып қалған адамдарға алғашқы медициналық көмекті медбикелер көрсетеді. Осындай жауапкершілігі жоғары жұмысты абыроймен алып жүргендердің бірі – Сания Молдахметова.
Сания Шәмші ауылдық амбулаториясында медбике, лаборант қызметтерін атқарған. Кейіпкеріміз осы салада 35 жылдық еңбек өтілі бар. Ол 1964 жылы 21 қаңтар күні қазіргі Әйтеке би ауданының Толыбай елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі шопан болған қарапайым еңбек адамы. Анасы сауыншы, сылақшы болып еңбек еткен 6 баланың анасы. Мария отбасындағы перзенттердің екіншісі. Алдында ағасы мен үш інісі, бір сіңлісі бар.
1972 жылы ауылдағы мектептің 1 сыныбына барады. Ал 1976 жылы әкесі дүниеден өткен соң Әйтеке би ауданының Северное ауылына қоныс аударады. 1982 жылы аталмыш ауылдан мектеп бітіріп, сол жылы Ақтөбе қаласындағы медициналық училищенің «мейірбикелік» бөліміне оқуға түседі. Оны 1984 жылы бітіріп шығады.
Алғаш еңбек жолын Северное ауылындағы дәрігерлік амбулаториядан бастайды. Сол жылы Амандолла Отаров есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Отбасында 1 ұл мен 2 қыздың ата-анасы. Жолдасы қарапайым еңбек адамы, автокөлік жүргізушісі болып еңбек етеді. Ұлы Медет отбасын құрып, қазіргі таңда 3 немерелері бар. Ал екі қызы тұрмыста.
Кейіпкеріміз жұмыс барысымен 1991 жылы құтты қоныс болған қазіргі Шәмші Қалдаяқов ауылына қоныс аударады. Көшіп келген жылдары сол заманның қиындығына қарай жұмыссыз отырған кездер де болады. Сәтін салып, 2000 жылы Шәмші ауылындағы дәрігерлік амбулаториясына жұмысқа орналасады.
Расымен де, бір қарағанда қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, мейірбикелердің атқаратын жұмысы асқан жауапкершілікті қажет етеді. Осы ұзақ жылғы еңбегі де ескерусіз емес. Бірнеше рет грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ, биылғы жылдың қаңтар айында зейнеткерлікке шығады. Зейнетке шықса дағы 3 айдай еңбек етіп, қазір бейнетінің зейнетін көріп демалыста. Бірнеше жыл бір жерде еңбек еткен Шәмшілік ақ халатты абзал жан ауылдастары мен әріптестеріне дән риза.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның “Құрметті азаматы”