Ауыл тазалығы-баршамызға ортақ
«Тазалық — денсаулық кепілі» демекші, жалпы тазалық мәселесі күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырып. Осы жағдайға байланысты елімізде жылда түрлі ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар аудан басшысы Асқар Жүсібалиевтің төрағалығымен ақпараттық кеңестер өткізіліп, өңірімізде санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарын уақытылы жүргізуді тапсырды.
Тазалық жұмыстарын жүргізу ең алдымен өзімізге қажет. Соның ішінде жылдағы дәстүрге сәйкес ұйымдастырылатын көктемгі сенбілік шарасының маңызы зор.
Осы ретте өткен аптаның сенбісінен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде «Таза Қазақстан» атты республикалық экологиялық акциясы бастау алған еді. Акция 20 сәуір күні де жалғасып, аудан орталығы мен ауданға қарасты барлық округтерде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Жергілікті жердің тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері қатысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда қоқыстардан тазалау жұмыстарын қарқынды жүргізді. Сондай-ақ, акция аясында ауылішілік және де «Даңқ» алаңындағы қураған талдарды кесіп, тазалау, қоқыс шығару сынды бірқатар жұмыстар атқарылды.
Екі айлық тазалық жұмыстары Желтау ауылдық округінде де белсенді жүргізілді.
-Ауылымызда көктемгі абаттандыру жұмыстары қолға алынып, сенбі сайын ауыл ішіне, саябақтарға тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған қоса ауыл тұрғындарының қолдауымен бейіт аумағына да сенбілік өткізілді. Бірлескен ауызбіршіліктің нәтижесінде ағаштар әктеліп, 10 тоннадай қоқыстар шығарылды. Ортақ өлкенің тазалығы үшін ауыл тұрғындары мен «Алма» ШҚ иесі Сергей Дегтяренко мен «Тан» ШҚ иесі Черненко Владимир жұмыла көмек қолын соза білді,- дейді округ әкімі Азамат Рзагулов.
Сонымен қатар, тазалық жұмыстары Кемпірсай ауылдық округінде де өтті.
-Екі айлық тазалық жұмыстары округімізде қарқынды жүруде. Ауылымыздағы мектеп, клуб және көше бойына сенбілік жасалды. Оған қоса Қарабұтақ ауылындағы мешіттің айналасы қоқыстардан тазартылды. Мекеме қызметкерлері мен қатар ауыл тұрғындары да белсенділік танытуда. Бізде әлі де жер толықтай кепкен жоқ, десе де талдың қураған бұтақтарын кесу, көшелердегі қоқыстарды тазарту жұмыстары әр сенбі сайын ұйымдастырылуда. Тазалық жұмысы артық етпейді. Өйткені, тұрып жатқан жеріміздің табиғаты бізге берілген ең үлкен байлық. Сондықтан да оны ластайтын да, гүлдендіретін де – өзіміз. Ендеше, ауылымыздың тазалығына немқұрайлы қарамай, оған үлкен жауапкершілікпен қарап, өлкемізді гүлдендірудің жолын іздегеніміз абзал,-дейді Кемпірсай ауылдық округінің әкімі Нұралы Жәмеков.
Расында, сенбілік – бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара. Аталған шара тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды. Тұрақты сенбілік жұмыстарының көрінісі күнделікті көшелердің ажарынан-ақ байқауға болады.
Тазалық мәселесі жер мен уақытты, адамдарды талғамайды. Олай болса, ортақ үйіміздің тазалығына мекеме қызметкерлері ғана емес, сіз бен біз де жауаптымыз. Себебі, қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы сөз бар. Біріккенде ісіміз берекелі, келешек ұрпағымызға өнегелі болмақ.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА