АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІН ҚОЛДАУ – БАСТЫ БАҒЫТ

Өткен аптада аудан кәсіпкерлерінің қатысуымен маңызды әрі мазмұнды кездесу өтті.

Іс-шараға Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе облысы бойынша директоры Дидар Боранқұлов, аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, аудан прокуроры Ернар Урекешов, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер қауымы қатысты.

Жиын барысында алдымен Қарғалы аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының жаңа директоры болып тағайындалған Жолдас Қарағұлов көпшілікке таныстырылды. Бұл тағайындау аудан кәсіпкерлігін жүйелі дамыту жолындағы маңызды қадам ретінде атап өтілді.

                                               

Кездесуді ашқан аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев өңір экономикасын өркендетудегі кәсіпкерліктің шешуші рөліне тоқталып, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы тиімді әріптестіктің маңызын атап өтті. Одан кейін сөз Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық директоры Дидар Боранқұловқа берілді.

Өз сөзінде ол кездесудің ашық диалог форматында өтуінің негізгі мақсатын түсіндіріп, кәсіпкерлерді толғандырып жүрген өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, мемлекеттік субсидиялар мен несиелердің қолжетімділігі, «Ауыл аманаты» жобасына қатысу тетіктері, ауылдық кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы саласындағы кадр тапшылығы мәселелері кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар, салық саясатына қатысты нақты түсіндірмелер беріліп, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында қабылдаған маңызды шешімі — оңайлатылған декларация негізіндегі салық мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендету бастамасы ерекше атап өтілді. Бұл қадам шағын және ауыл кәсіпкерлеріне көрсетілген нақты қолдау болып, салықтық жүктемені жеңілдетуге бағытталған тиімді шара екені айтылды.

Кездесу барысында Палата директоры «Атамекен» арқылы ұсынылатын қолдау тетіктеріне де кеңінен тоқталып, құқықтық көмек, қаржылық емес сервистік қызметтер, сондай-ақ «Іскер аймақ» бағдарламасының басым бағыттары жөнінде ақпарат берді.

Жиын кезінде аудан кәсіпкерлері де белсенділік танытып, өздерін мазалаған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Сонымен бірге, іс-шара соңында кәсіпкерлерге жеке қабылдау ұйымдастырылып, көтерілген әрбір мәселе мұқият тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді. Алдағы жұмыс бағыттары айқындалып, нақты іс-қимыл жоспары белгіленді.

Сондай-ақ, Палата директоры жаңа тағайындалған филиал басшысының алдына ауыл кәсіпкерлерімен тығыз байланыс орнатып, олардың мәселелеріне жедел әрекет ету және кәсіпкерлік бастамалардың дамуына жан-жақты қолдау көрсету міндетін жүктеді.

Өз кезегінде аудан басшысы жергілікті биліктің кәсіпкерлермен әрдайым ашық әрі нәтижелі жұмыс істеуге дайын екенін жеткізіп, бизнес өкілдерінің бастамаларын қолдау мен жобаларды жергілікті деңгейде сүйемелдеуге басымдық берілетінін атап өтті.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА