АУЫЛ-АЙМАҚ ТАЗАРЫП ҚАЛДЫ

Газетіміздің бұған дейінгі сандарында ауданымыздағы «Таза Қазақстан» акциясы бойынша атқарылып жатырған жұмыстар легі жайында хабардар еткен болатынбыз. Тазалық — қашан да күн тәртібінен түспейтін маңызды  мәселе. Сондықтан да ауданымызға қарасты өзге де округтердегі осы мәселенің қалай шешім тауып жатқанын білген едік.

Әлімбет ауылдық округі – бұл өңірде акция аясында біраз жұмыс атқарылған. Сенбілік басталғалы 20 тоннадан аса қоқыс шығарылған. Екі елдің  арасын жалғап жатқан Әлімбет ауылындағы шекарашылар айтарлықтай жұмыла кірісіп, аулалар мен ғимараттардың айналасын тазалап, гүлмен көмкеріп қойған. Ауыл-аймақ екі елді жалғап жатқандықтан Орск-Ақтөбе автомобиль жолдары қоқыстан тазаланып, тал-теректер қалыпқа келтірілген.  Мекемелер мен тұрғындардың қоқысын шығаруға «ФАР» шаруа қожалығының басшысы Артём Филипп МТЗ 80 маркалы трактор тіркемесімен тұрақты көмек көрсете білген. Бір сөзбен айтқанда Әлімбет ауылында көршілес елге ұялмастай тазалық жұмысы жүргізілуде.

Желтау ауылдық округі – ауылда тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілілуде. Бірікке жұмыстың нәтижесінде 30 тонна қоқыс шығарылып, ауыл маңы тазаланып қалды. Қарғалы өзегі де толық тазаланған. Тазалық жұмыстарына 12 адам тұрақты қызмет етсе, «Алма» шаруа қожалығы екі  бірдей техникамен қалдықтарды шығаруға көмек қолын созған.

Кемпірсай ауылдық округі — «Таза Қазақстан» акциясы барысында қоқыс қалдықтарын ең көп шығарған округ болып ерекшеленеді. Оған себеп те бар. Қазіргі таңда округте 857 тұрғын бар. Сондай-ақ,  170 адам мекен ететін Жосалы ауылы да осы өңірге қарайды. Екі ауылда да қоршаған ортаның тазалығы үшін біраз жұмыстар атқарған. Жоғарыда айтқанымыздай 500 тонна қоқыс шығарған ауыл, ескі тұрғыны жоқ үйлерді бұзып, қоқыстарын тазалап, орындарын жинақтап, ауылға көрік беруге жұмыла еңбек еткен. Осыншама қалдық қоқыстарды шығаруға көмек көрсеткен «Спутник» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Руслан Бижановқа ауыл тұрғындарының да алғысы шексіз. Ең бастысы жұмыла бірлескен істің арқасында Жосалы мен Кемпірсай айналасы айтарлықтай тазарып қалған.

 

Шәмші ауылы – аталмыш ауыл да сенбілік жұмыстарын белсенді жүргізілуде. Ауылда «Таза кәсіпкер-таза аймақ» бағдарламасымен өткен сенбілікте  ауыл кәсіпкерлері мен  шаруа қожалықтары атсалысып, 2 тоннадан аса қоқыс шығарылып,  ауыл үлкендеріне де қол ұшын берген.

Ауыл тазалығы – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев   Қазақстан  халқына  Жолдауында  «Таза Қазақстан» жалпыұлттық  экологиялық  акциясының  ерекше  маңыздылығын  атап өткен еді.  Расында, бұл бастама барша елді біріктіріп, еліміздің, өзіміздің тұрып жатырған табиғатымызға қамқорлық жасауға септігін тигізді.

Олай болса аудан жұртшылығы  осы «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, таза аймақ, таза ауыл дәрежесіне бірлесе жетуде. Бұл акция алдағы уақытта да жалғасын тауып, тазалықтың жаршысы бола бермек деп сенеміз.

Бақыт ИМАШЕВ