ӘУЛЕТТІҢ МҰҒАЛІМ КЕЛІНДЕРІ
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекелерімен толыққаны баршамызға мәлім. Енді «Аналар күні» мамыр айының екінші жексенбісінде, «Әкелер күні» маусымның үшінші жексенбісінде ауқымды түрде атап өтіледі. Еліміздегі мерекелік күндер күнтізбесін бекіту туралы қаулыға толықтыру енгізіліп, құжатқа Үкімет басшысы қол қойған еді. Осы орайда «Аналар күні» мерекесі биыл елімізде алғаш рет атап өтіледі және ол күн 12 мамырға тұспа-тұс келеді.
Бар өмірін балаларына арнап, өмірлік серігіне адал жар, ардақты ана атана отырып, қызын қияға, ұлын ұяға қондырып, немерелеріне сүйікті әже бола білген аналарға тек қана арнаулы күн емес, мезгіл арнаса да артық етпейді. Өйткені, олар бұл құрметке лайықты жандар.
Әлемге нұр, баршаға бақ тілеген аналар елдің көркі. Олар отбасы ұйытқысы бола отырып, өңірдің өсіп-өнуіне үлес қосып жүрген аналар қауымы қаншама? Осы мақсатта біз де аудандағы көп балалы аналармен тілдескен едік. Әрине, түсінген адамға аналар бала санымен ғана емес, өмірде көрген білгенімен, айтар ақыл-кеңесімен ардақты.
Солай десек те, жұмыспен қатар, еліміздің демографиясын көтеруге үлес қосып жүргендерді «Алтын құрсақты аналар» деп дәріптеу де өзіндік өнеге, кейінгілерге тәрбие болмақ. Ондай аналар көп ұлт өкілдері мекен ететін біздің ауданда да баршылық.
Бүгінгі күні ауданымызда 110 көп балалы ана бар. Оның 46 «Алтын алқа», 51 «Күміс алқа», 6 «Батыр ана», ал 7 «Ана даңқы» орденінің иегерлері.
Біздің мереке алдында сөз етпегіміз Степной ауылының байырғы тұрғындары, бір отбасындағы мұғалімдер жайлы болмақ.
Отбасының ұйытқысы Жанайдар Зарипов 1948 жылы туған. Ауыл шаруашылығы саласының маманы «зоотехник» мамандығы бойынша зейнет демалысына шықаннан кейін, қазіргі уақытта жеке кәсіппен айналысады.
Зайыбы Зейнеп Зарипова 1948 жылы дүниеге келген. Үш баланың анасы. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің маманы білім саласында 40 жыл қызмет етіп, қарапайым ұстаздықтан мектеп директорына дейін жеткен ұлағатты ұстаз. Қазір еңбек демалысындағы немерелерінің сүйікті әжесі, мұғалімдер әулетінің ақылшысы. Өзінен тараған балалары жоғарғы оқу орнын бітіріп, әр салада еңбек етіп жүр. Бүгінгі таңда олар отбасының кенжесі Алматпен бірге тұрады. Қолындағы келіндері Альмира Жақсылыққызының өзі де 45 жасты алқымдаған үш баланың анасы. 2003 жылы бұл әулетке келін болып түсен, олардың балаларының үлкені 19 жасар Азиза Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы университетінде грантпен оқуға түсіп, білім алып жатырса, қалған екеуі мектеп қабырғасындағы оқушылар. Әке-шешенің кенжесі Алмат Сазды орта мектебінде әскери дайындық пәнінен 15 жыл бойы сабақ беріп, қазір жеке кәсіпке бет бұрып, «Айлин» дүкенінің иесі.
Бүгінгі таңда Альмира 25 жыл бойы білім саласында еңбек етіп келе жақтан мұғалім болса, әулеттің табалдырығын келін боп аттағанына да 20 жылдан асыпты. Осылайша, отбасы құндылығын «ұстаз» мамандығымен етене байланыстыратын жарасымды ұстаздар отбасы қазір ауылға үлгілі де сыйлы жандар.
Бақыт ИМАШЕВ