АУЛАҒА СӘН БЕРГЕН ҚАР МҮСІНДЕР
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік қар мүсіні» атты аудандық байқау өз мәресіне жетті.
Қарғалының қысы өзге аудандарға қарағанда аязды, боранды, қары қалың келеді. Ауа райының осындай ерекшеліктерін тиімді пайдаланған аудан орталығындағы мекеме қызметкерлері қардан мүсін жасап, аулаларын безендіріп жарысты. Қардан жасалды, аз күнде еріп кетеді демесеңіз, әп-әдемі, түрлі-түске боялған мүсіндер әр мекеменің ауласының сәнін келтіріп тұр. Байқауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыржан Бисенов және кеңес мүшесі Мирхат Мұхамбетжанов, аудандық өнер мектебінің қызметкері Сания Абдрахманова, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жансая Дауырбаевалар төрелік етті.
Әдемі мүсін жасап, шеберліктерін көрсеткен №2 Бадамша орта мектебінің ұжымы I орынға лайық деп танылды. Ал «Балапан» балабақшасы II орынға ие болды.
III орынды Бадамша агротехникалық колледжі, Ащылысай орта мектебі, аудандық аурухана мекемесі өзара бөлісті. Сондай-ақ «Айгөлек», «Бәйтерек», «Балауса» балабақшалары, Бадамша мектеп бөбекжай-бақшасы, аудандық кітапхана ұжымдары да қардан мүсін жасауда белсенділік танытты.
Қарғалы-ақпарат.