АУДАНЫМЫЗДАҒЫ  ЖЕТІСТІКТЕР САРАЛАНДЫ

Тағы бір жыл жылыстап, жаңа жылдың да келуіне санаулы күндер қалды. Жыл соңына қарай өткенді ой елегінен өткізіп, атқарған ісімізге есеп беріп, келер Жаңа жылдан жаңа қадам, жаңа бағыт, жаңа жетістік күтетініміз анық. Осыған орай өткен аптаның жұма күні ауданымызда  2023 жылды қорытындылау салтанатты  іс-шарасы өтті.

Шараның ашылуында аудандық балалар өнер мектебінің оқушыларының суреттер көрмесі мен «Аrt Fashion»  атты сән үлгісі көрсетіліп, заманауи үлгідегі ұлттық киімдерммен  дефиле көпшілік назарына ұсынылды.

 Аталмыш шараға аудан басшысы мен мекеме басшылары, ауыл ардагерлері мен тұрғындар қатысты. Шараны ең алғашқылардың бірі болып ашқан аудан әкімі Асқар Жүсібалиев сөз сөйлеп, 2023 жылы әр сала бойынша аудан аумағында атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасап, өлкеміздің экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан сала ардагерлері мен мекеме-кәсіпорын қызметкерлеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ, ауданымыздың одан әрі қарыштап дамуына алдағы уақытта да аянбай еңбек ете беруге шақырды.

Одан соң аудан әкімі шара барысында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай үлестерін қосқан ардагерлерге, яғни  білім саласында 42 жыл үздіксіз қызмет атқарған Ақкенже Байсеупова мен қаржы саласында 41 жыл жұмыс жасап, еңбек еткен Шәмшия Қасымоваға Қарғалы ауданының «Құрметті азаматы» төс белгісін табыс етті.

Сонымен қатар, салтанатты шара аясында әр салада көп жылдар бойы қызмет етіп, өлкеміздің өрлеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлерімізді «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Олар мемлекеттік қызмет саласының ардагері — Құсман Рахимов, еңбек ардагері — Аманжол Өтегенов, білім саласының ардагері — Сабира Сулейменова, «Алма» шаруа қожалығының басшысы — Сергей Дегтяренко. Сондай-ақ бүгінде табысты еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.

Және де келешегінен зор үміт күттіретін әрбір саланың белсенділеріне де аудан әкімінің алғыс хаттары табыс етілді. Еңбектері бағалағандар  арасында еңбек ардагері — Павел Дмитрюк, Қазпошта байланыс торыбының операторы — Гүлмағрипа Базбекова, «Жасұлан» шаруашылық қожалығының басшысы — Ізігілік Сандыбеков, Бадамша БЖСМ-нің Дзюдодан жаттықтырушысы, дзюдодан Азия чемпионы Бисенов Нұржанның алғашқы бапкері — Арман Ахмет, аудандық ішкі істер бөлімінің полиция лейтенанты- Қанат Деримбаев, жас ақын, ауданымыздың гимніне айналған «Қарғалы» әнінің авторы — Шапағат Аманжол, аудандық аурухананың шаруашылық бөлімінің электрик маманы — Айболат Кұспанов, «Бірлік — 2022» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы — Даурен   Муханов, 2023 жылы Өскемен қаласында өткен Президенттік көпсайыстан Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы- Айдын Шибаев та бар.

Осылайша, аудандық мәдениет үйінде өткен 2023 жылды қорытындылауға арналған салтанатты шара соңы мерекелік концертпен жалғасты. Бишілер мың бұрала би билеп, әншілеріміз әннен шашу шашты. Мерекелік көңіл күй сыйлаған мәдениет үйі өнерпаздарының өнеріне   көрермендер ерекше ықыласын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

 

 

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА