Ауданымыздағы қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы
Қазақстанда қызылшаның эпидемиялық жағдайы әлі де тұрақсыз. 2023 жылы Қазақстанда 29 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Оның 80 пайызыы 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен үкімет отырысында жасаған баяндамасында айтты. Қызылша дерті тек елімізді ғана емес әлемді шырғалаңға салуда.
Осы орайда ауданымыздағы ахуалды анықтау мақсатында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айнагуль Бержановамен әңгімелескен едік.
-Қызылша ауруының күннен күнге белең алуы баршамызды алаңдатып отыр. Ендеше, ауданымыздағы жағдайға тоқталып өтсеңіз?
-Әрине, алаңдатарлықтай жағдай. Қазіргі таңда біздің ауданымызда қызылша ауруының 27 жағдайы тіркеліп отыр. Оның ішінде, зертханалық жолмен расталғаны 1 жағдай. Сырқатқа шалдыққандардың 15-сі балалар арасында анықталса, 12-сі ересектер арасында тіркеліп отыр. Ауруға шалдыққандардың 70% екпе алмаған тұлғалар арасында анықталған.
-Қызылша ауруының белгілері қандай?
-Қызылша вирусын жұқтырған алғашқы кезеңде, яғни алғашқы белгілері пайда болғанға дейін бала 7-ден 21 күндей ауырады. Қызылша дене қызуының көтерілуі, бас ауыруы, жөтел, мұрыннан су ағумен басталады. Көздің зақымдануы – жасаурау, конъюктивит (қабақтың шырышты қабаттарының қабынуы) белгілі жағдай. Негізгі белгілері жіті респираторлық вирустық инфекцияларға ұқсас, 2-3 күнге дейін (кей кездері 5-6 күн) сақталады, одан кейін қызғылт нүкте – бөртпе пайда болады, олар бір-бірімен қосылып даққа айналады. Алғашында адамның басында (құлақ арты, беті) пайда болады, бөртпе ақырындап 2-3 күннің ішінде төменге түсіп, аяққа дейін жетеді. Ағзаны ұйқы басып, тез шаршайды және дене температурасы аздап көтерілуі мүмкін. Бұл кезеңде қызылшаның негізгі симптомы – науқастың аузында тістердің түбінде ерекше бөртпе пайда болады. Дақтар қызарып тұрады. Мұндай дақтар ерте бастан диагноз қойып, ауырған адамды немесе баланы ертерек оқшаулауға мүмкіндік береді. Қызылша жұқтырған балаларда жөтел жиілеп, дене қызуы біртіндеп 40 градусқа жетуі мүмкін.
—Қызылша ауруы қалай жұғады және оның себептері қандай?
-Жалпы қызылша дегеніміз вирустан туындайтын өте жұқпалы, ауыр түрде өтетін сырқат. Аталған аурумен сырқаттанған адамның орталық жүйке жүйесі зақымдалады. Қызылша әлем бойынша ерте жастағы балалардың өліміне әкеп соқтыратын негізгі себептің бірі болып қалуда. Инкубациялық кезең 7-21 күн аралығында созылады, жұқпа көзі – науқас адам. Ауру ауа-тамшылы жолмен науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде беріледі. Ауру өте жұқпалы, яғни бұрын сырқаттанбаған адам қызылшамен ауыратын науқаспен қарым-қатынаста болғанда сырқаттану қаупі өте жоғары. Сондай-ақ, ауру қоздырғышы ауа арқылы көшуі мүмкін, мысалы көп пәтерлі үйлерде баспалдақ, желдету шахтасы арқылы.
-Аурудың алдын алмаса зардабы қандай болмақ?
-Қызылшадан өлім жағдайының көбісі осы аурумен байланысты асқынулардан пайда болады. Ең күрделі асқынулар- соқырлық, энцефалит (бас миының ісінуіне жеткізетін инфекция), құлақ инфекциялары және пневмонияға әкеп соқтыратын жоғары тыныс алу жолдарының инфекциялары. Кез келген асқынулардан науқас өліп кетуі мүмкін.
— Осы орайда аурудың алдын алу мақсатында аудан тұрғындарына берер кеңесіңіз?
— Ауданымыздағы қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайының тұрақсыз екедігін ескере отыра, тұрғындар арасындааталмыш індеттен сырқаттанушылықты төмендету мақсатында:
* 1 жастағы, 6 жастағы балаларды Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вакцинациялау;
* қызылшамен ауырған адаммен байланыста болған 30 жасқа дейінгі екпе алмаған адамдарды вакцинациялау;
* 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларды қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізіліп жатырғандығын ескертеміз.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарын қоғамдық орындарға, соның ішінде, халық көп жиналатын орындарға көп бармауға, ұтымды және рациональды тамақтану, салауатты өмір салтын сақтау және қызылша ауруының белгілері анықталған жағдайда деру учаскелік дәрігеріңізге хабарласуға кеңес береміз.
Қазақта «Сақтансаң, сақтаймын» деген жақсы сөз бар. Олай болса, аурудан сақтанудың жалғыз жолы екпе екендігін мамандар еске салады. Ендеше, дерт дендемесін десек, баламызға да, өзімізге де уақытылы екпе алып, денсаулығымызды күтіп, ауырмаудың алдын алайық.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА