Ауданның бас шаһары
Қандайда бір өлкенің ортасын біріктірер орталығы болады. Осыған дейін газетімізде ауылдық округтер жайында сөз етсек, енді бүгін ауданның орталығы саналатын Бадамша ауылы жайында сыр шертпекшіміз.
Бұл өңір алғаш Ұлы Отан соғысы ушыққан аласапыран тұста 1941 жылы елімізге өзге ұлт өкілдері қоныс аударған жылдары неміс халқының көп қоныстанып, өсіп-өнген жері. Бүгінге дейін еліне оралған өзге ұлт өкілдері Бадамшаны еске алып, сәлем жолдап, «Екінші Отанымыз» деп мақтанышпен айтады екен.
Айтса айтқандай еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін 18-ге жуық ұлт өкілдері еңбек етіп өсіп-өнді. Кеңес одағына танымал Қызылқайың Мамыт кен орыны мен аудан орталығы болды. Ел тәуелсіздігі жарияланған жылдардан бастап, біраз ағайындар еліне оралды. Үйлер иесіз қалды. Десе де, Бадамша қайта жанданды. Бүгінгі күні дәулетіне сәулеті сай елді-мекен көркейіп дамып келеді. Бүгінгі күні Бадамша ауылдық округінің әкімі — Ернар Дабилдин.
Бадамша ауылы облыс орталығынан 125 шақырым жерде орналасқан, бірлігі жарасқан көпұлтты мекен. Бадамша ауылдық округінің аумағы 11,2 мың га жерді алып жатыр. Оның ішінде 4655 га елді-мекен жері болса, 1054 га егістік жерлері, 3046 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер.
Округтегі тұрғындар саны – 5425 адамды құрайды. Өңірде 27-ЖШС, 6-ЖҚ бар. Олар аралас ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысады, яғни, мал шаруашылығы және егін шаруашылығы.
Сондай-ақ, округ бойынша 446 жеке кәсіп иелері бар. Олар халыққа сауда, шағын наубайхана, көлік жуу, көлік жөндеу, шаштараз, әсемдік салоны, кафе, жартылай дайын өнімдерді ұсынатын шағын цех сынды тағы да басқа кәсіптерді ұсынып келеді. Сонымен қатар, ауылымызда өткізілетін түрлі шараларға, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары әрқашан демеушілік көрсетіп келеді.
Аудан орталығында әлеуметтік мәдени тұрмыстық объектілер – орта мектеп, мектеп-бөбекжай-бақшасы, 2 балабақша, өнер мектебі, туризм және өлкетану орталығы, аудандық орталықтандырылған кітапхана, аудандық музей, мәдениет үйі, стадион, 2 мектеп спортзалы, 5 шағын футбол алаңы мен аудандық аурухана және емхана қамтамасыз етілген. Оған қоса «Қазпошта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС, «KEGOC» АҚ, «Қазтрансгазаймақ»АҚ объектілері бар.
Ауыл ішінде 47 көше бар, олардың жалпы ұзындығы 30,13 шақырымды құрайды. Ауыл ішілік жолдардың 91% жөндеуден өткен. Тұрғындардың өмір сүруі үшін маңыздысы жарықпен, газбен жабдықтау 100% орындалған. Ауыз сумен жабдықтау бойынша жаңа су құбыры тартылып, тұрғындардың 98% жаңа су құбырына қосылды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына – өткен жылы Бадамша ауылы бойынша 60 жоба қатысып, қазіргі таңда өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Бұл – мемлекеттің қарапайым халықтың шағын бизнес ашып, өз ісін дамытуға беріп отырған мүмкіндігі, қолдауы. Биыл да бұл бағдарлама жалғасып, қатысамын деушілер өз жобаларын ұсына алады.
2023 жылы атқарылған жұмыстар легі аз емес. Нақтырақ айтар болсақ, Әбілқайыр хан, Әйтеке би, Үкібаев көшелеріндегі жылу желілері қайта жаңартылды. Тәуелсіздікке 25 жыл, Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин көшелері және Ш.Құдайбердиев, Достық, А.Иманов, М.Жұмабаев тұйық көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабындысы төселді. Т.Имашев, Геолог және Абай тұйығы көшелерін жарықтандыру жұмыстары атқарылды. Пацаев 1а, 4, 6, 8, Имашев 2, Әйтеке би 40 көпқабатты үйлердің сыртына оюлы жанатын шамдар орнатылды. Мейіт-қорымы қоршалды. Ең маңыздысы аудан тұрғындарын шексіз қуанышқа бөлеген 5 қабатты көппәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді. Пацаев көшесі №13,15, Имашева көшесіндегі 2 үйдің аулаларындағы жаяу жүргіншілер мен автокөлік жолы күрделі жөндеуден өтті. Пацаев көшесі №4 үйдің ауласына да жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалардың ойын алаңы салынды.
Сонымен қатар, демеушілердің көмегімен Ы.Алтынсарин көшесіне, Пушкин көшесіндегі №7 екі қабатты көп пәтерлі үйдің ауласына, Әбілқайыр хан көшесіндегі №16 көпқабатты үйдің ауласына қиыршық тас төселді.
Тұрғындардың игілігі үшін жасалған жұмыстар аз болған жоқ. Десе де атқарылар істер әлі де жетерлік. Биылғы жылға жоспарланған іс-шаралардың бірсыпырасына тоқталып өтсек. Ол жұмыстар Егемендік көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, орталық саябақты аббаттандыру, Әбілқайыр хан, Әйтеке би, Пацаев көшелеріне жаңадан су ағарлар салу, жәрмеңкелерде ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұйымдастыруға арналған алаңды іске қосу сынды т.б. жұмыстар уақыт еншісінде жүзеге асырылатын болады.
Халық бар жерде түрлі мәселелердің болары сөзсіз. Дегенмен де, тұрғындардың жақсы да қолайлы өмір сүруі үшін оларды толғандыратын мәселелер кезең-кезеңімен шешіле бермек. Мұның барлығы алдағы уақыттың еншісіндегі дүние.
Бақыт ИМАШЕВ,
Журналистер Одағының мүшесі