Аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті
Кеше, 19 қараша күні аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың қатысуымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХV сессиясы өтті.
Сессия отырысына аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.
Отырысты аудандық мәслихаттың төрағасы ашып, күн тәртібіндегі мәселелерімен таныстырып өтті. Күн тәртібіне сай аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Шахнияз Сақабаевтың «2024-2026 жылдарға арналған Қарғалы аудандық бюджетін бекіту туралы», аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Утегеновтың «Аудан әкімі жанындағы тұрғын үй комиссиясының құрамын бекіту туралы», аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Айсұлтан Кеңбейловтің «Қарғалы аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, «Қарғалы ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев хабарлама жасады. Сессияда ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, депутаттар аудандық деңгейдегі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын талқылап, жауапты мамандарға сауалдар жолдап, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдауға ниет білдірді. Оған қоса бюджетті тиімді пайдалану, ауылдық округтердің дамуына ықпал ету және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалау сынды маңызы бар мәселелер басты назарда болды.
Тағы бір айта кететін жайт, сессия алдында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізіліп, сессияға ұсынылған мәселелер жан-жақты талқыланды. Отырыста аудандық бюджетке енгізілетін өзгерістер, аудан әкімдігінің бюджеттік бағдарламалары әкімшілерінің қаржы қаражатын сапалы игеруі және 2024 жылдың тоғыз айындағы бағдарламалардың іске асырылуы мен нәтижелеріне қол жеткізуі, елді мекендерінде қаңғыбас, қараусыз қалған иттер мен мысықтар санының көбеюіне байланысты қауіпті жағдайлардың туындауының алдын алу, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, елді мекендердегі абаттандыру мәселелері қаралды.
Аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында мәслихат депутаттары ауданның мемлекеттік органдары мен ұйымдарына нақты міндеттер қойып, олардың жұмыс сапасын арттыру бойынша ұсыныстар енгізді.
Сондай-ақ, сессия қорытындысы бойынша тиісті қаулылар қабылданып, нормативтік-құқықтық актілер мен комиссия құрамдарына өзгерістер енгізіліп бекітілді.
Жұлдыз КЕНЖЕ