АУДАНДЫҚ АУРУХАНА — ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА
Осылайша, өтіп бара жатырған ұлу жылы ауданымыздағы ақ халаттылар үшін нәтижелі болып, облыстық байқаудан жүлдегер атанып, үздіктер қатарынан көрінді.
Нақтырақ айтар болсақ, аудандық аурухана «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көшбасшысы» атты облыстық байқауына қатысып, нәтижесінде жүлделі І орынға қол жеткізді.
Бұл байқау ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен басталып, желтоқсан айына дейін жалғасты. Облыстық сайыстың басты мақсаты — медициналық қызмет сапасын арттыру.
Өткен аптада байқау нәтижесі қорытындыланып, іс-шараға қатысқан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Рузия Айдашева өзінің лебізін білдіріп, жеңімпаздарды марапаттады.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде аудандық аурухана ұжымының күн сайынғы өз пациенттерінің денсаулықтарына тиянақты қарап, оларға қамқорлық жасайтынын еңбекпен айқындаған аудандық емхана, амбулатория және медициналық пунктілердің еңбегіне тоқталды. Осындай талаптан шыға білуде ұжымына ұйытқы бола білген аудандық аурухананың басшысы Берік Жаржановқа алғысын жеткізіп, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көшбасшысы» облыстық байқауының І дәрежелі дипломы мен кубогын табыс етті.
Ақ халатты абзал жанның мұраты-елге адал қызмет ету болса, бұл жолда аудан дәрігерлерінің еңбектері еленіп, нәтижесі жемісін берді.
Бақыт ИМАШЕВ