Аудан өнерпаздары ауылдарды аралауда

Жылдағы үрдіс бойынша аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары  ауылдарды аралап, өңір турғындарын өнерімен сусындатып жүр. 

Биыл да аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары «Ауылым — асқақ әнім!» атты ән  сапарымен бұған дейін Ащылысай, Әлімбет ауылдық округтерінде болып, концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Одан соң іссапар өткен аптада Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавлда және де  Шәмші Қалдаяқов ауылында жалғасты.

Бұл өнер сапарының мақсаты – науқанда, қарбалас еңбекте жүрген ауылдастарының сәл де болса демалысының көңілді өтуіне ықпал ету. Әрі аудан өнерпаздарын елмен қауыштырып, өнерлерін таныту. Сондай-ақ, ұлттық өнерді насихаттап, халықтың өнерге деген қызығушылығын арттыруда.

Ауыл-аймақты әнге бөлеп, тамылжыған даусымен тәнті еткен өнерпаздардың өнері көрермен көңілінен шықты. Ауылдық клубқа жиналған көрермендар да аз болмады. Ауданымызға танымал «Мейрам»  тобы мен Жансая Даурбаева, Гүлмира Кеңесқызы, т.б. әншілер әсем әнге бөлесе, әнші- сазгер Дабыл Даурбаевтар әуезді әндерімен көпшіліктің қошеметіне бөленді.    Ауыл тұрғындары кештің жоғары деңгейде өткенін айтып, алғысын білдірді. Атап айтар болсақ,  көпшілік атынан Петропавл ауылдық клубының меңгерушісі  Балапан Сарсенбаева, Шәмшіліктер қошеметін осы ауылдық клуб меңгерушісі Гаухар Қуанова жеткізіп,   өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Бақыт ИМАШЕВ