АУДАН БЮДЖЕТІ НАҚТЫЛАНДЫ
20 желтоқсан күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың жанындағы тұрақты комиссиялары мен аудандық мәслихаттың кезекті ХХVІІ сессиясының отырысы өтті.
Сессия отырысына аудандық мәслихат депутаттарымен қатар аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мекеме басшылары мен қоғамдық ұйымдар, ауылдық округ (ауыл) әкімдері қатысты.
Отырысты аудандық мәслихаттың төрағасы Сапарбек Аманжолов ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының күн тәртібінде маңызды 10 мәселе қаралды. Оның ішінде «2025-2027 жылдарға арналған Қарғалы аудандық бюджетін бекіту» аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Шахнияз Сақабаев баяндама жасады.
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 20 желтоқсандағы №97 «2024-2026 жылдарға арналған Қарғалы аудандық бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет, аграрлық мәселелері, экология және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының есебін бекіту, әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық құқық тәртібі мәселелері, депутаттық өкілеттіктері және этика жөніндегі тұрақты комиссиясының есебін бекіту, 2015 жылғы 6 қарашадағы №362 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық комиссия құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, 2015 жылғы 5 маусымдағы №304 «Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, 2013 жылғы 28 тамыздағы №150 «Терроризмге қарсы комиссияның құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, аудандық мәслихаттың 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту, мәслихаттың жанындағы тұрақты комиссияларының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарларын бекіту және де 2025 жылға арналған Қарғалы аудандық мәслихат аппаратының құрылымы мен штат кестесі, қызмет автокөлігінің лимитін бекіту туралы мәселелер қаралды.
Аудандық мәслихат депутаттары барлық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, өз ескертулері мен ұсыныстарын енгізді. Талқылау негізінде сессия отырысы қорытындыланып, тиісті қаулылар қабылданып, көтерілген ұсыныстардың шешім жобасы бір ауыздан мақұлданды.
Айта кететін жайт, кезекті сессия отырысының алдында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырысқа аудандық мәслихаттың төрағасы Сапарбек Аманжолов, аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадақов, аудандық мәслихат депутаттары мен бөлім басшылары қатысты. Тұрақты комиссия мен аудандық бюджет жөніндегі жұмыс тобының бірлескен отырысын тұрақты комиссияның төрағасы Асан Балғазин өткізіп, күн тәртібіндегі мәселелер алдын-ала талқыланып, аудандық мәслихаттың кезекті ХХVІІ сессиясына бекітуге жолданды.
Осылайша, сессиядан соң аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев аудандық мәслихат депутаттарын Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтап, оларға мерейтойлық төсбелгілер табыс етті.
Камшат БАЙХАНОВА