Аудан әкімінің Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтауы
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді ұлтымыздың ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымыз үшін Тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, егемендігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың осынау табысы, еліміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы» деп атап көрсетті. Сондықтан егемендігіміздің түпкі негізі – мемлекеттің біртұтастығына тікелей байланысты.
Бүгінде көпұлтты Қазақстан халқы ұлы мұратқа бет алды. Татулық пен тұрақтылық орныққан ортақ Отанымыз – Қазақстан ынтымақтың ұясына, татулықтың төріне айналды. Сондықтан айтулы мереке әрбір қазақ азаматының жанына жақын, жүрегіне ыстық.
Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылыққа негізделген мемлекетіміздің экономикасы қарыштап дамып, бірлігі жарасқан, ынтымағы бекем, келешегі кемел ел болды.
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бірлік, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды, еліміз еңселі болсын!
Құрметпен,
аудан әкімі Н.Унербаев