АУДАН ӘКІМІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Жастар қай кезде де еліміздің басты тірегі мен үміті. Себебі, олар мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Осы орайда өткен аптада аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев өңіріміздің бір топ жастарымен кездесті.

Басқосуға білім, спорт, мәдениет салаларының жас мамандары мен мектептің жоғары сынып оқушылары, жастар ұйымының жетекшілері мен ауылдық округтердегі белсенді жастар және де мекеме басшылары қатысты.

«Қарғалым менің» атауымен өткен кездесуді аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Ең алдымен орталық басшысы Мейіржан Жұбан бұл басқосудың маңыздылығына тоқталып өтіп, одан соң аудан басшысына сөз берді.

-Мемлекетіміз жастарға әрқашан ерекше көңіл бөліп келеді. Нәтижесінде соңғы жылдары  жастардың  қоғамдағы  рөлі артып, белсенділіктері жоғарылауда. Жастар тақырыбы күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет басшысының өзі жыл сайынғы Жолдауында жастарды назардан тыс қалдырмай келеді. Осыған орай ауданымызда да біршама жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда ең басты назарға қойылып отырған мәселелер жастарды жұмыспен қамту, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, жас отбасыларға қолдау білдіру, денсаулық, әлеуметтік белсенділік, құқықбұзушылықтың алдын алу. Осы мақсатта ауданымызда Жастар ресурстық орталығы жұмыс жасайды. Аудан жастарының облыс, республика көлемінде танылуына атсалысуда. Орталыққа арнайы бөлме беріліп, заманауи нақышта жасақталуда. Сондай-ақ, биыл жаңа автокөлікпен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта да қаражаттар қарастырылып, жастарға қолдау білдіретін боламыз. Басшылық қызметке келгелі аудан және округтерді аралап ондағы тұрғындармен, шаруалармен кездестім. Сіздермен кездесудің сәті бүгін түсіп отыр екен. Олай болса, еркін түрде әңгімелесіп, көкейлеріңіздегі сұрақтарыңызды қоя аласыздар,-деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, биыл 3500 жас мемлекеттік бағдарламаға қатысып, оның ішіндегі 1500-і жұмысшы жастар, жас кәсіпкерлер, әр түрлі санаттағы жастарды қамтыған. Жыл басынан бері бос орындар жәрмеңкелері, шеберлік сағаттар, қоғамдық тыңдау, ақпараттық кеңестер, т.б. іс-шаралар ұйымдастырылды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында биыл 94 жас  маман жұмыспен қамтылған. Оған қоса ауданымызға 25 жас маман келіп, оның 10-ы баспана сатып алса, 15-і көтерме ақы алған. Аудан әкімі ең бастысы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатырған қолдаудың бар екендігін атап өтті.

Одан соң жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан «Аудан бойынша жастар саясаты» тақырыбында баяндама жасап,  жыл бойы атқарылған жұмыстарға шолу жасады.

-Ауданымызда жалпы 3640 жас бар. Бұл аудан халқының 28,3 пайызын құрайды. Жыл басынан бері 177 шара ұйымдастырылды. Оның ішінде кездесу-15, дөңгелек үстел – 4, дебат – 8, спорттық сайыстар – 19, акциялар – 14, семинарлар-11, тренингтер – 10, байқаулар – 5, т.б. Аталмыш шараларға 1697-ге жуық аудан жастары тартылған. Сондай-ақ, жыл бойы орталыққа 73 аудан жастары жұмыссыздық, «Жасыл ел», «Zhas Project» бағдарламалары бойынша, кәсіпкерлік, заңгерлік, шығармашылық қолдау сынды түрлі сауалдарымен жүгінген. Жастар орталығы аудандық пробация қызметімен екі жақты меморандумға қол қойып, нәтижесінде жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, нашақорлық және синтетикалық есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, лудомания мен буллингтің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Түнгі рейд», «Stop sale», «21+», «Қауіпсіз жатақхана» іс-шаралары ұйымдастырылды. Оған қоса салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттық шаралар, әскери патриоттық негізде «Үздік мерген», «Үздік сарбаз» сайыстары мен түрлі байқаулар, қайырымдылық шаралары өткізілді. Мемлекет басшысының республикалық деңгейде жарияланған «Таза Қазақстан» акциясына да аудан жастары белсенділік танытып, Қарабұтақ ауылындағы мешіт, ескерткіш алаңдары мен су қоймасы, өзен жағалаулары қоқыстардан тазартылды. Ең бастысы атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде. Іс-шараларға аудан жастары жылдан жылға белсенділік танытуда,-деп атап өтті орталық басшысы.

Кездесуде жастар арасындағы құқықбұзушылықтың профилактикасы бойынша жүргізілген іс-шаралар жайында аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Мақсат Сидакин хабарлама жасады. Полиция подполковнигі қазіргі таңда еліміздегі жастар арасында синтетикалық есірткі өнімдерін тұтыну статистикасының өсіп бара жатқандығына тоқталып, бұған үлкен мән беру керектігін жеткізді. Оған қоса, ойынқұмарлық, яғни құмар ойындарға тәуелділік, буллинг, жастар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу, жастар арасындағы қылмыс сынды ауқымды мәселелерді талқылап, экраннан жастарымызға мән мағынасы зор бейнероликтер көрсетілді. Жалпы ауданымыздағы құқықбұзушылық жағдайы бойынша жол көлік оқиғаларының саны артқанын мәлім етті. Ол Орск-Ақтөбе тас жолының бойындағы ірі жол көлік оқиғалары орын алып, салдарынан бірнеше адам қаза тапқан. Сонымен қатар, осы жылы мопедтерді, скутерлерді басқарған жасөспірімдердің көбеюінің салдарынан жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайлары тіркелген. Нәтижесінде, кәмелетке толмағандар үшін олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынған. Ең маңыздысы аудан жастары арасында айтарлықтай қоғам дертіне айналған қылмыстардың орын алмағанын мәлім етті аудандық полиция бөлімінің бастығы.

Айта кететін жайт, қоғамның ең белсенді тобы – жастардың саналы ойы мен пікірлері қашан да маңызды. Сол себепті аудан басшысы жастармен жүздесіп, оларды толғандыратын мәселелерін тыңдады. Осылайша, тұшымды пікір мен маңызды ұсыныстарға, емен-жарқын әңгімеге негізделген кезекті басқосу еркін форматта өтті.

Өңіріміздің белсенді жастары аудан әкіміне көкейдегі сауалдарын жаудырды. Солардың бірі Нұрхат Көшкінбаев жастар арасындағы спортты дамыту мақсатында арнайы алаңдар мен залдардың жоқ екендігін айта келе, бос уақытымызда спортпен айналысу үшін ғимарат мәселесін шешіп беруді сұрады.

№2 Бадамша орта мектебінің ұстазы Сұңғат Отарбаев ауданымыздағы дебат, яғни пікірсайыс өнерінің кемшін тұстарына тоқталып өтіп, пікір таластыра, сөз жарыстыра отырып, сөз мәдениетін, тіл тазалығын қалыптастыратын бұл мәселеге де қолдау білдіруін сұрады. Өйткені, қазір  елімізде дебаттың жүргізілуі жаңа форматқа көшіп жатқанын айтқан ұстаз, оны аудан мен ауылдық округтерде насихаттау үшін арнайы маршруттық көлік  қозғалысы ұйымдастырылса, үйрету, түсіндіру жұмыстарын өзім қолға алар едім деген де пікірін білдірді.

Жастар белсендісі, аудандық кітапхана әдіскері Қанат Қартбаев жұмыстан соң аудан жастары бас қосатын ортаның жоқтығын айтып, спорт залдың маңыздылығы мен қажеттілігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жол мәселесіне қатысты да өзінің ойын білдірді. Ол Дөң-Бадамша, Ақтөбе-Орск тасжолына дейінгі 30 шақырымға асфальт төселіп, жөндеу жұмыстары 2 жыл бойы жүргізіліп, жақында ғана пайдалануға берілді. Осы жолды сақтап қалу үшін, жаңа жолдың үстімен ауыр жүк көліктерін жүргізбеу мақсатында қандай да бір заңдылықтармен шектеу қоюға болмай ма деген сұрағын жолдап, жас болса да ауыл азаматы ретінде жолдың келешегіне алаңдайтынын жасырмады. Одан өзге Степной ауылдық модельді кітапханасына да қатысты сұрақ қойып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына кітапханашылық мамандықты да енгізуге ұсыныс білдірді. Өйткені, қазіргі таңда кітапханашылық қызметке орындар бар, алайда жұмысқа келетін жастар ең алдымен баспана талап етеді. Осындай жағдайларды шешуге септігі болар ма еді деген өтінішін айтты.

Расыменде, жастарымыз аудан әкіміне қара бастың қамы үшін емес, ауданымыздың өркендеуі мен дамуы, оның келешегі жолындағы мәселелеріне қатысты сұрақ қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Өз кезегінде аудан басшысы да жастарымызды толғандыратын мәселелерін тыңдап, ешбірін жауапсыз қалдырмады. Әр қайсысына жауап қатып, сөз болған жайттардың шешім табатындығын айтып, жауапты мамандарға тапсырма берді. Ең бастысы жастарды алаңдатқан спорт залға қатысты мәселе жаңа жылда, яғни 2025 жылдың басында шешім табатындығын баса айтты. Еске сала кетейік, аудан тұрғындарын ұзақ күттірген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бой түзеп, алайда біраз жылдан бері белгілі себептерге байланысты тоқтап қалған еді. Былтырғы жылы ол қайтадан қолға алынып, құрылыс жұмыстары жанданды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттары жасақталуда. Бұл нысанның жақын күндері ашылып, ауданымыздағы спорт саласындағы көптеген мәселелердің шешіміне себеп болатындығы жастарымызға үміт пен  қуаныш сыйлады.

                    

Келелі басқосуда белсенді аудан жастары да сөз сөйлеп, өздерінің лебіздерін білдірді. Атап айтар болсақ, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, жастар кеңесінің мүшесі  Серік Садықов аудандық жастар ресурстық орталығымен бірге атқарған жұмыстарын таныстырса, «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысушысы, белсенді жұмысының нәтижесінде 3 күнге Астана қаласына жолдама ұтып алған Арсений Смирнов саяхат барысындағы ерекше әсерімен бөлісті. Және де аталмыш бағдарлама аясында жаз бойы еңбек еткен №2 Бадамша орта мектебінің 10 сынып оқушысы Зарина Өмірова да пікір білдіріп, жазғы демалыста уақыттарын тиімді өткізіп, еңбек етуге мүмкіндік туғызған «Жасыл ел» бағдарламасына ризашылығын білдірді.

Міне, осылайша жыл аяқталар тұста белсенді жастар аудан басшысымен жүздесіп, жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланып,  жан жақты  сараланып, келер жылға жоспарлар мен ұсыныстар айтылды. Кездесу соңында жастар ресурстық орталығының жұмысына белсенділік танытқан  біршама жастар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА