АТАДАН ҰЛАҒАТ, АНАДАН ҒИБРАТ

28 қараша күні аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Атадан ұлағат, анадан ғибрат» тақырыбында Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романының желісі негізінде «Кітапхана кубогы» мектепшілік пікірсайыс турнирі өтті.

         Бұл іс-шара 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығындағы «Зорлық зомбылықсыз 16 күн» атты халықаралық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Турнирдің мақсаты — өскелең ұрпақтың қазақстандық патриотизмі мен азаматтылығын қалыптастыру, оқушылардың бойында жауапкершілік, туған өлке мен елдің мәселелерін талқылауға және шешуге қатыстылық сезімін тәрбиелеу, мектептегі пікірсайыс қозғалысын дамыту, насихаттау және қолдау болып табылады.

Осылайша, білім алушылардың демократиялық қоғамдағы азаматтық көзқарастары мен өмір сүру дағдыларын қалыптастыру мен олардың позитивті, сыни ойлауын, жүйелі талдау, өз ұстанымын білдіру және де қоғамда орны бар өзекті мәселелерді талдау мақсатындағы ұтқыр ойлылар пікірсайысына 4 топ қатысты.

Шараның басты талабы қазақ сөз өнерінің майталман шебері, көркем сөз зергері, халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романының желісіне талдау жасау. Турнир Британ Парламенттік Форматы (БПФ) негізінде ұйымдастырылып, оған «Лаула», «Қыран», «Эверест», «Жасын» топтары қатысты. Барлық қатысушы топ өкілдері №2 Бадамша орта мектебінің 9-11 сынып оқушылары.

Ең алдымен пікірсайыс шарты мен оның жүргізілу тәртібін төреші аудандық кітапхана әдіскері Қанат Қартбаев таныстырып өтті. Одан соң қатысушыларға жеребе тартылды. Ойын «Ел басқару ісі тек әйел адамдардың қолындағы әлемді таңдайды» және де «Хандық билік қазақ қоғамын одан әрі дамытады» деген екі тақырыпта өрбіді. Ұлттық тарих пен қазіргі қоғам, әдебиет пен мәдениет, рухани құндылықтарымызды талқылау мақсатындағы ойталқы барысында топ спикерлері ортаға өз пікірлерін білдіріп, бәсекелі ой таластырды.

Олар әйел, ана, арулар тақырыбына қалам тербеген Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы ел анасы атанған Ұлпан мен бүгінгі қоғамдағы әйелдер бейнесіне талдау жасап, ел басқару ісіне бірі ер адамды қолдаса, бірі әйел адамдардың артықшылықтарын тізбектеп, түрлі дәлелдеулермен зерттеп берді. Сондай-ақ, спикерлер қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде жатқанын айта келе, оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктеріне де талдау жасады.  Бір сәт тарихқа үңілген топ мүшелері ата-бабаларымыздың кезеңіндегі хандық биліктің маңыздылығын тарихи оқиғалармен тізбектеп берсе, енді бірі өткен дәуір мен жаңа заманның айырмашылығы жер мен көктей екенін айта келе, хандық билікті  қазіргі билікке енгізгенімен одан әрі қазақ қоғамын дамыта алмайды деген де ойлар айтылды.

           

Қолдау мен қарсылық танытқан оқушылар арасындағы пікірталас тартысты өтті. Нәтижесінде белсенділік танытып, жинаған ұпай санына орай   «Лаула» мен  «Жасын» топтары  3 орын иеленсе, 2 орынды  «Қыран» тобы,  ал пікірсайыс турнирінің 1 орны «Эверест» тобына бұйырды. Барлық қатысушылар арнайы дипломдармен және де кітапхана демеушілерінің атынан қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Осы орайда БПФ ойынының өткізілуіне төрелік еткен кітапхана әдіскері  Қанат Қартбаевтың пікірін білген едік.

— Британдық Парламент Форматы (БПФ) қазіргі таңда  республикалық мектеп лигасында кең қолданылатын форматтың бірі. Бұл форматты біздің ауылдың оқушылары да білуге тиіс. Себебі, ол болашақ чемпиондардың жолы болмақ. Ауданымызда лайықты спикерлер бар. «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, бұл форматты оқушылар алғаш рет ойнап тұр. Бірақ бастамалары жаман емес. Халықаралық акция аясында ұйымдастырылған турнирде оқушыларды буллинг, зорлық — зомбылық тақырыптарынан гөрі, оқушыларға альтернативті бақытты әлемді қалай құруға болатыны жөнінде ойларын тыңдап және біздің еліміздің, тәуелсіздігіміздің артықшылықтары мен құндылықтары туралы талқылау жоспарланған болатын. Және кітапханамыздың кітаптарын жас оқырмандарға таныстыру, соның ішінде қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларының бірі Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романын оқып, талқылау. Бұл бағытта меже орындалды. Және де осындай БПФ ойындар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, -деді ол.

Айта кетерлігі, турнирге қонақ ретінде Бадамша мектеп – бөбекжай-бақшасының оқушылары қатысып, ойынды тамашалады.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА