АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ ІС ШАРА

Аудандық орталық кітапхана ғимаратының жанынан құрылған «BiblioArbat» жобасы биыл да өз жалғасын тауып, жастардың бас қосатын қызықты мекеніне айналды. Осы орайда 19 маусым күні аталмыш жобаның ашылу салтанаты өткен еді. Содан бері үлкен-кішінің басын қосқан арбатта апта сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

         Өткен аптаның сәрсенбісінде аудандық орталық кітапхана мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «BiblioArbat» жобасы аясында «Quizz» интеллектуалды ойыны өтті.

Жалпы, «Quiz» сөзі ағылшын тілінен аударғанда викторина, сауалнама деген мағынаны білдіреді.  Сондай-ақ, «Quiz» — жастардың ой-өрісін, білімін жетілдіру, бос уақытын тиімді өткізуге арналған қазіргі қоғамдағы ең белсенді ойын.

Сонымен қатар, бұл іс-шараны өткізудегі басты масқат — аудан тұрғындары мен кітапхана оқырмандарының мәдени, рухани демалысын ұйымдастыру, логикалық ойлау қабілетін дамыту, оқуға құлшынысын, қызығушылықтарын арттыру.

Қос орталықтың мұрындық болуымен өткен  интеллектуалды ойынға аудан жастары қатысып, бақ сынады. Тартысты да бәсекеге толы ойынға әртүрлі жас өкілдерінен құрылған 6 топ қатысты. Ойын 4 кезең бойынша өтті. «Мақал – мәтелді тап» деп аталатын бірінші кезеңде қатысушылар түрлі көңіл- күймен берілген смайликтер арқылы мақал – мәтелдерді,  «Мемлекетті тап» атты екінші кезеңде топтар әр елдің туларының суреті арқылы мемлекеттердің атауын, ал үшінші «Сұрақ – жауап» кезеңінде сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ, төртінші «Ойлан – тап» кезеңінде, әр топ берілген логикалық сұрақтарға жауап беріп, өздерінің жүйріктіктерін көрсетті.

Осылайша, тартысты ойынның нәтижесі бойынша «Алға», «Қырандар», «Қызметкерлер» топтары ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Ал аудандық аурухананың жастарынан құрылған топ жүлделі ІІІ орынға ие болып, ұйымдастырушылар тарапынан сән салонының қызметін тегін пайдалану сертификаты,  жүлделі ІІ орынға №1 Бадамша орта мектебінің жастарынан құрылған «Ұстаздар» тобы ие болып, оларға жеке кәсіп иесі Мөлдір Жанахметованың тәттілерін 40 % жеңілдікпен сатып алу сертификаты табыс етілді. Ойынның І орын жүлдесі  аудандық мәдениет үйінің жастарына бұйырып, олар массаж орталығына 50% жеңілдік сертификатына ие болды.

Ашық аспан астында өткен іс-шарада барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға шараны ұйымдастырушы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Нұргүл Мысаева мен жастар ресурстық орталығының директоры Мейіржан Жұбан арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтарын табыс етті.

Айта кететін жайт, аудандық орталық кітапхана ғимаратының жанынан құрылған «BiblioArbat» жобасы оқырмандарын әр апта сайын түрлі іс-шаралармен қуантып келеді. Олар: «Quizz», «Best» интеллектуалды ойындары, оған қоса көптеген мәдени іс-шаралар, сайыстар мен көмелер, бейнефильм қарап, караокемен ән айту, т.б.

       Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА