АЩЫЛЫСАЙ АУЫЛЫНДАҒЫ 4 КӨШЕ АСФАЛЬТТАЛДЫ
Жаз басталысымен ауылдағы тіршілік жанданып, халықтың тұрмыс-тіршілігі түзеліп, жағдайдың жақсара бастайтыны көңілге қуаныш ұялатады. Тұрғындарға сондай қуаныш сыйлаған жаңалықтың бірі — Ащылысайдағы ауылішілік төрт көшенің асфальттануы.
Жоспарға сәйкес Ащылысай ауылындағы Б.Момышұлы, Панфилов, Қазақстан және Каструбина көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жобаны жеңіп алған жауапты мердігер компания – «Бабәк-Құрылыс» ЖШС. Ал жұмысты жүргізген қосалқы мердігер компания-«Актобе капиталстрой» ЖШС.
Осы орайда жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер компанияның жауапты маманымен сөйлесіп, мән-жайды білген едік.
-Ащылысай ауылындағы ауылішілік 4 көше толығымен асфальттанып болды. Жөндеу жұмыстары мамыр айында басталды. Жоспарға сәйкес қыркүйек айында аяқталуы тиіс еді. Алайда, жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2 айдың ішінде барлық көшелер мерзімінен бұрын асфальттанып бітті. Көшелердегі жөндеу жұмыстары стандарттық талапқа сай орындалды. Айтарлықтай кедергілер орын алған жоқ. Жалпы 22 адам жұмыс жасады. Сондай-ақ, жолды жөндеу жұмыстарына қажетті ресайклер, грейдер, асфальтөсегіш, 2-топырақ тығыздағыш каток, 2-водовоз, 5 камаз, 3-асфальт нығыздағыш, т.б. техникалар жеткілікте деңгейде болды,-дейді «Актобе капиталстрой» ЖШС-нің мердігері Бекбол Кустанаев.
Қай кезде де әлеуметтік мәселелердің шешім табуы ауыл тұрғындары үшін зор қуаныш. Өйткені, жол мәселесі қашан да басты орында. Себебі, жолдың сапалы болуы тіршіліктің күретамыры. Сондықтан да, Ащылысай ауылішілік жолдардың асфальттануы тұрғындардың жүріп-тұруы мен көлік қатынасының сапасына және қарқынына игі әсерін тигізері сөзсіз.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА