АЩЫ ӨМІРДІҢ ШЫНДЫҒЫ

Қазіргі кезде айтуға оңай болғанымен, біздің көрген қиыншылығымыз бен өткен өмір жолымызды кейінгі ұрпаққа бермесіндеген тілегімізбен 90 жасқа да жеттік. Әрине, бәрі есте тұрмайды…
Сонда да ащы өмірдің кермек дәмін бізге нәсіп еткен Тәуелсіз еліміздің әйбәт күндереріне жеткенде бар, осы күнге жетпей кеткендері қаншама?
Бұл күрсініспен басталған кейіпкеріміздің әңгімесі еді. Орынша Сағындыққызы осы елді мекенде 1935 жылы дүниеге келген. Әкесі Сағындық пен анасы Зәуре ашаршылықтың да, соғыстың да зардабын көрген жандар. Анасы Ресейдің Орынбор облысына қарасты Ақбұлақ өңірінің тумасы, ол 13 құрсақ көтеріп, оның 9-ы түрліше себептермен шетінеп кеткен. 1978 жылы 93 жасында дүниеден өткен. Анасының екі ағасы соғыстан қайтпаған. Ал соғыс басталғанда әкесінің екі ағасы да Ақтөбе облысындағы мемлекеттік мекемеде еңбек еткен екен.
Орынша Сағындыққызы тұрмысқа шығып, есейгенше үлкендер оны еркелетіп «Жоним» деп атаған көрінеді. Бүгінде еркелікті ұмытқан кейуана күні кеше 90 жасқа толды. Сөз басында айтып өткеніміздей 13 перзенттен тірі қалып, соғыстан оралмаған Ғабдеш, Қанаш ағаларымен тылда ауыртпалық көрген апасы Үнзиланы күрсініп еске алыпта қояды. Кейіпкеріміздің әке-шешесі Ақтөбе қаласында тұрған. Әкесі мен ағалары соғысқа аттанар шақта, сиыр сауып сүт ішсеңдерде күн көресіңдер деп қазіргі Қарабұтақ ауылына анасы мен ағаларының әйелдерін әкеліп тастайды.
Осылайша, жастайынан бұғанасы қатпаған кішкентай қыз ұжымшардағы егістікте масақ теріп, бұзау бағып, еңбекке ерте араласады. Қызыл-флот мектебінің 8 сыныбын бітіріп, сол кездегі ауыл балаларына білім берген Ақтөбе қаласындағы тұңғыш қазақ білім ордасы болған № 6 мектеп интернатынан 9-10 сыныпты тәмамдап шығады. Сөйтіп, жігерлі қыз өз ауылындағы ұжымшарда еңбек жолын бастайды.
1958 жылы Тажиден Егізбаевпен отбсын құрып, әрі қарай бірлескен өмір жолы басталады. Жолдасы бронмен әскерге шақыртудан қалып, соғыс кезінде Қазақстаннан майданға тамақ, киім, оқ-дәрі таситын жүк пойызында машинист, кейіннен Мұнай айдау станциясында күзетшілік қызметтерін атқарады. Осы еңбек еткен жылдары қол жеткізген жетістіктері де жетерлік. Жолдасы 1966 жылы дүниеден өтеді. Артында жарына аманаттай 8 ұрпақ қалдырсада, өкінішке орай 5-уі өмірден ерте кетіп, қазір 2 ұл мен қызы бар.
Кейіпкеріміздің жолдасы өмірден өткен соң, ағайындары жиналып, сол кездегі Қазақстанның 30 жылдығы ұжымшарына көшіріп алады. Орынша апайымыз 1967 жылдан бастап аталмыш ұжымшарда сауыншы болып еңбек етіп, балаларын оқытып, қатарға қосады.
Қазіргі таңда ұрпақтары елге сыйлы, білімді де өнегелі отбасы болып, әр салада еңбек етуде. Кейіпкеріміз Кеңестік кездің нағыз еңбек адамы, оның марапаттары да баршылық. Жұмыс жасаған ұжымшардың марапаттарымен қатар, 1960-1975 жылдары Жеңістің құрметіне арналған мерекелік медальдардың иегері.
Өмірдің қаншама ауыртпалығын көрген кейуана бүгінде 2 ұл мен қызынан 3 немере,15 жиеншар, 7 дегеншар сүйіп, олардың өсіп-өнгенін көріп отырған данагөй әже. Олай болса ескі тарихтың куәсіндей өмір кешіп отырған кейіпкерімізге, ғасырлық ғұмыр нәсіп етсін деп тілейміз.
Бақыт ИМАШЕВ