АРДАГЕРЛЕР ЖАСТАРМЕН САЙЫСТЫ
Аудандық жастар орталығы мен орталық кітапхананың бірлесе ұйымдастыруымен «Сыбаға» ұлттық фестивалі аясында «Рухани құндылықтар» тақырыбында «Syraq Quiz» интеллектуалды ойын ұйымдастырылды.
Феcтивальдің алғашқы «Тағылым» күнінде өткізілген шараның басты мақсаты – жастардың аналитикалық ойлау қабілеттерін дамыту, ұрпақ бабалар салған жолдан ажырамас үшін дәстүріміз бен салтымызды саралап, озық үлгілерді үздіксіз дәріптеу және олардың көшбасшылық қасиеттерін арттыру.
Шара барысында аудандық жастар орталығының басшысы Мейіржан Жұбан сөз алып:
-Ұлттық интеллектінің діңін құру қажет, халықаралық бәсекеге түсе алатын эрудициялы адам керек» деп президентіміз атап өткендей, бүгінде интеллектуалдық дағдыны қалыптастыру арқылы жастардың логикалық ой ұшқырлығын жетілдіру маңызды,- деп атап өтті ол.
Осы мақсатта аудан ардагерлері де зияткерлік қабілеттерін жастармен бөлісуде сынға түсіп, көпті көрген, өмірден түйген өз тәжірибелерімен, ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Іс-шара барысында қатысушыларға 3 айналымнан тұратын логикалық бағытта және де салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатындағы сұрақтар мен тапсырмалар ұсынылды.
Осылайша, ақсақалдарымыз бен жастарымыз өзара пікір алмасып, оған қоса тың деректермен қоржындарын толтырып, әдеп-ғұрып, салт-дәстүр бағытындағы сұрақтарға жауап беріп, қызықты да тартысты ойын өрнегін көрсете білді.
Аудандық кітапхана әдіскері Қанат Қартбаевтың жүргізуімен өткен интеллектуалды ойын соңында, белсенділік танытып алға шыққан топтар ұйымдастырушылар тарапынан мадақтамалармен және де бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал қалған барлық қатысушы командаларға сертификаттар табыс етілді.
Жұлдыз КЕНЖЕ