ӘР БАЛАНЫҢ КҮЛКІСІ – БІЗГЕ БАҚЫТ СЫЙЛАЙДЫ

Балалар — болашағымыздың жарқын бейнесі, еліміздің ертеңгі тірегі. 1 маусым — Халықаралық балалар күні — күлкіге толы балғын шақ иелерін құрметтеу мен қорғауға арналған ерекше мейрам. Осы күнде олардың тәрбиесіне, дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген жандардың бірі — балабақша тәрбиешілері.
Расында, еліміздің нағыз азаматтары мен азаматшаларын тәрбиелеп өсіру кезеңдерін қалыптастыратын тұңыш тәрбие бесігі – балабақша. Балаларды қорғау мерекесіне орай біз балабақшада ұзақ жылдар еңбек етіп бала жүрегінің бағбаны жайында айтпақшымыз. Бала тәрбиесінде айтарлықтай еңбегі бар тәрбиешілердің бірі – Зияда Сарниязова.
Ол ауданымызға қарасты Шәмші Қалдаяқов ауылындағы «Бөбек» бөбекжай балабақшасында 19 жылдан бері тынбай еңбек етіп келе жатқан өз ісінің маманы.
Кейіпкеріміз Зияда Хамзеқызы 1969 жылдың 24 маусымында Қарақалпақстан Республикасында қарапайым, еңбекқор отбасында дүниеге келген. Әкесі Хамзе – тракторист, анасы Несібелі – мектепте техникалық қызметкер болып еңбек еткен. Зияда – төрт ұлдың арасындағы жалғыз қыз.
Ол орта мектепті туған жерінде аяқтап, 1990 жылы Ходжелі қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдайды. Сол жылы жүрек қалауымен тұрмысқа шығып, өмірлік жарымен отбасын құрады. Жолдасы ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып, қазіргі таңда зейнет жасында болса да еңбек етуде. Бүгінде олар төрт баланың ардақты ата-анасы. 1995 жылы Зияда отбасы мүшелерімен бірге Шәмші ауылына қоныс аударып, бұл жерде де еңбекқорлығымен, үлгілі өмірімен ауыл тұрғындарының құрметіне бөленді. Қазіргі уақытта бұл шаңырақ – ауылдағы сыйлы да өнегелі отбасылардың бірі.
Жастайынан бала тәрбиесіне ерекше мән берген өнегелі тәрбиеші Зияда үшін бұл мамандық – жүрек қалауы, өмірлік таңдауы. Ол – бүлдіршін жүрегіне жол тауып, тәрбиенің тұнық бастауынан нәр беріп жүрген ардақты жан. Зияда үшін бала тәрбиесінде әрбір бүлдіршіннің шынайы күлкісі мен ата-аналардың ризашылығы басты орында екен. Сол себепті де ұрпақ болашағына алаңдап, олардың санасына мейірім мен білім сәулесін дарытуды ол өзіне үлкен жауапты іс деп қарайды.
Ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2023 жылы облыстық білім басқармасы мен аудандық кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен, 2024–2025 жылдары «Мансап және тұлғаның кәсіби-кадрлық әлеуетін дамыту институт» мекемесінің Құрмет грамотасымен және аталмыш институттың ҚР білім беру саласының үздік қызметкерлерінің «Еңбек адамы», т.б. көптеген марапаттарға ие болған. Бұл – бала тәрбиесіне сіңірілген адал еңбектің лайықты бағасы.
Бүгінде Зияда еңбек жолын абыроймен жалғастырып келеді. Өзінен тараған ұл-қыздары жоғары білім алып, түрлі салада қызмет етуде. Ал ұлағатты ұстаз бен ішкі істер саласының қызметкері бүгінде 7 жиеннің шаттығына кенеліп, әлі еңбек жолында жүрген жандар.
Иә, расында осындай жанашыр, кәсібіне адал тәрбиешілер – қоғамның алтын қазығы. Зияда секілді жүрек қалауымен бала тәрбиесіне өмірін арнаған тұлғалар – ұлт болашағының нағыз жанашыры.
Бақыт ИМАШЕВ