АНАЛАР МЕН ҚЫЗДАР СЫНҒА ТҮСТІ

Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай аудандық жастар орталығының қолдауымен Шәмші Қалдаяқов ауылдық клубында «Қыз  еркем – анасымен көркем» атты байқау өтті.

Бұл іс-шара – ана мен қыз бала арасындағы рухани байланысты нығайту, олардың өнерін шыңдау, шығармашылығын дамыту, ұлттық тәрбие негіздерін насихаттау мақсатында өткізілді. Сайысқа Шәмші және Петропавл ауылдарының аналары қатысып, қыздарымен өнер көрсетті.

                                     

Байқау бірнеше кезеңді қамтыды. Ең алғашқы бөлім «Анамнан үлгі аламын» деп аталып, онда әр жұп өзін ерекше стильде таныстырды. Одан соң «Өнерлінің өрісі кең» бөлімінде қатысушылар ән салып, би билеп, мәнерлеп өлең оқып, өздерінің бойындағы бар өнерлерін көпшілікке паш етті. Бұл кезеңде әр ана мен қыздың бойынан дарындылықтың, шығармашылықтың, өнерге деген құштарлықтың жоғары деңгейін байқауға болды.
Байқау шартындағы «Сұрақ-жауап бәйгесі» кезеңінде аналар мен қыздарға түрлі қызықты, танымдық сұрақтар қойылып, олардың тапқырлығы мен ой ұшқырлығы сынға түсті. Оған қоса қатысушылар халқымыздың салт-дәстүрлері мен отбасы құндылықтары жайлы сауалдарға жауап беріп, өздерінің парасаттылығын көрсете білді.

Ал  сайыстың соңғы кезеңі «Сән салтанат» деп аталып, онда аналар мен қыздар түрлі ой қиялдарынан сән үлгісін дайындап, әсем көйлектерін киіп, сән әлеміндегі ерекше образдарын таныстырды. Осылайша, олар өздерінің талғамы мен нәзіктігін көрсетіп, көрермендерді таңғалдырды.

-Байқау тартысты да қызықты өтті. Әрбір жұп өздерінің жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсете білді. Ең бастысы сайыс мақсатына сай аналар мен қыздар үздік ойын өрнегін көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады,-дейді Шәмші ауылдық клубының меңгерушісі Гаухар Қуанова.

Нәтижесінде әділ қазылар алқасының шешімімен Гүлмайдан Кумарова мен қызы Көркем жүлдегер атанып І орынға ие болды. Ал Айсара Абдраимова мен қызы Жанерке ІІ орынға, Жанар Нишпаева  мен қызы Арайлым ІІІ орынға қол жеткізді. Байқау соңында жеңімпаздар мадақтамалармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Расында, бұл сайыс ана мен қыздың арасындағы жылы қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, көрермендерге де үлкен ой салды. Әр ана – қыз баласына өмірлік ұстаз, жүрек жылуын сыйлайтын аяулы жан. Ал қыз бала – сол жылулықты бойына сіңіріп, әдептілігімен, инабаттылығымен, білімімен ата-анасының мақтанышына айналатын болашақ ана. Осындай игі шаралар арқылы отбасы құндылықтарын дәріптеу, ананың қадірін ұлықтау, қыз баланы ұлттық тәрбие негіздерінде өсіру сынды маңызды мәселелер көтеріледі.

Ұлттың ұлағаты – ананың тәрбиесінде, ал сол тәрбиенің жалғасы – қыздың инабатында. Осындай шаралар аналар мен қыздарды жақындастырып қана қоймай, олардың жүрегіне мейірім мен жылулық ұялатары сөзсіз,– деген пікірін білдірді шара ұйымдастырушысы, аудандық жастар орталығының басшысы Мейіржан Жұбан.

Жұлдыз КЕНЖЕ

 

ТегтерБайқау