«AMANAT» ЖОЛ КАРТАСЫ: ЕСЕП БЕРДІ
Өткен аптада «AMANAT» партиясының Қарғалы аудандық мәслихатындағы депутаттық фракцияның отырысы өтті.
Жиынға аудан әкімі мен аудан әкімінің орынбасарлары, фракция мүшелері мен бөлім басшылары қатысты. Отырысқа филиалдың атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Надежда Заглядова төрағалық етіп, күн тәртібіндегі мәселемен таныстырып өтті.
Фракцияның кеңейтілген отырысында аудан әкімі Нұрлыбек Унербавев «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі «Халықпен бірге!» 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасындағы тармақтардың орындалуы туралы биылғы жылдың 10 ай қорытындысына есеп берді.
Өз сөзінде аудан әкімі 4 бағытты қамтитын аталмыш бағдарлама аясында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Ауданымызда ағымдағы жылдың 10 айында жоспарланған жұмыстың 70,4% орындалып, 16,0% орындалу сатысында, ал қалған 6 іс-шараныңәлі орындалу мерзімі келмеген.
Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында Қарғалы ауданы бойынша 13 жоба мақұлданған, «Жыл сайын жаңа жұмыс орындарын құру» бойынша 1207 адам, «Жастарды жыл сайын жұмысқа орналастыру» 451 адам және де «Жасыл Ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру арқылы жастарды жазғы кезеңге жыл сайынғы жұмысқа орналастыру» жоспары бойынша 37 адам тартылса, оған қоса «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 12 маман жұмысқа орналастырылған.
Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 684,6 млн теңге соммасына 115 жоба тапсырылып, 567,8 млн теңгеге 96 жоба қаржыландырылған. Атап өтер болсақ, 1 жылыжай – 6,8 млн теңге, құс шаруашылығы 3 жоба– 11,3 млн теңге, мал шаруашылығы 66 жоба – 399,9 млн теңге, шағын және орта бизнес 26 жоба – 149,8 млн теңге.
Осылайша, аудан әкімі бағдарламадағы жүзеге асырылуы тиіс тармақтар бойынша баяндап, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысындағы жұмыстар мен кешенді жоспарларды түсіндіріп өтті.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында «Халықпен бірге» 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасыбойынша мәселелерге жауапты басшылар да ойларын ортаға салды. Барлық мәселелердің бірден шешім табуы мүмкін емес.
Жиын барысында фракция мүшелері екі ауылдағы учаскелік полиция пунктіне жөндеу жұмыстарын жүргізу, Жол картасының 58 – тармағында 5 контейнер орнату жұмыстарының қай ауылдарда және қанша мерзімде жүзеге асырылатындығы жөнінде, ал фракция жетекшісі Надежда Заглядова көпшіліктің асыға күтіп жүрген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қашан пайдалануға берілетіндігі жөнінде сауалдарын жолдап, өз пікірлерін білдірді. Аудан әкімі әрбір сұраққа нақтылап жауап қатты. Сондай-ақ, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша жолдарды жөндеу, соның ішінде Петропавл ауылындағы Қарғалы мен Абай көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған еді. Бұл мәселе бұған дейін де фракция отырысында бірнеше рет көтерілген. Алайда, аудан басшысы жобаның ескіргенін және де қазір жаңасы дайындалу үстінде екендігін айта келе, алдағы жылы облыстан қолдау табатындығына сенім білдірді. Осыған орай сол жұмыстың орнына ағымдағы жылы Әлімбет ауылында жол жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін атап айтты.
Отырыс соңында ұсынылған барлық мәселелер толықтай қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Камшат БАЙХАНОВА