АМАЛ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

14 наурыз күні елімізде жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі басталды. Бұл онкүндіктің әр күні халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүріне негізделген белгілі бір тақырып пен құндылықтарға арналады.
Айта кететін болсақ, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі енгізіліп, мерекенің жаңа логотипі бекітілді. Наурызнаманың әрбір күні қоғам өмірінің жекелеген аспектіне арналды. Бұл форматта мемлекеттік деңгейде Наурыз мейрамын тойлау мерекенің мағынасы мен мәнін тереңдетуге мүмкіндік берді.
Осы орайда 14 наурыз күні Наурызнама онкүндігінің аясында аудан тұрғындары Амал мерекесін тойлады. Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев қатысып, жиылған қауымды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, бұл күннің мән-мағынасы мен оның құндылықтарына айрықша тоқталып өтіп, ауыл тұрғындарына елдің тыныштығын, жұртымыздың амандығын тіледі.
Одан соң Көрісу күніне арналған мерекелік шара аудандық мәдениет үйінің алаңында «Наурыз – жыл басы» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Көктемнің шуағын сездіріп, бірлікті нығайтқан бұл мерекені аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері жоғары деңгейде ұйымдастырып, олар бағдарлама аясында әннен шашу шашып, қазағымыздың салт-дәстүрлерінен сахналық қойылымдар көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, шара соңында ауыл тұрғындары дәстүрлі наурыз көже тағамынан дәм татты.
АУДАН ӘКІМІ ТЫЛ АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Көрісу күні аудан басшысы өңіріміздегі 97 жастағы тыл еңбеккері Любовь Мунинаның үйіне арнайы сәлем беріп барып, мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Қазақ халқы қашанда үлкенді сыйлап, оларға ерекше құрмет көрсеткен. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүр. Үлкенге сәлем беріп, бата алу – халқымыздың игі амалдарының бірі. Жасы ғасырға таяп қалған ардагеріміз 3 ұлдың анасы, жас кезінде сатушы, аспазшы болып жұмыс жасаған. Сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы қиындыққа қарамастан, еш мойымай, майданға көмектесу үшін жұмысын тастамаған.
Аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев тыл ардагері Любовь Васильевна мен оның отбасын Көрісу күні мерекесімен және де 97 жасымен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, күш-қуат пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Өз кезегінде тыл ардагері де құттықтай келген аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, осы бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қазақстан елінде тұрып жатқанын мақтан етіп, ақ батасын берді.
ЖАРАПАЗАН АЙТЫП, МЕКЕМЕЛЕРДІ АРАЛАДЫ
Көрісу күнін аудандық балалар өнер мектебінің ұжымы да ерекше атап өтті.
Бұл күн — Наурыз мерекесінің бастауы, жаңа жылдың басы ретінде тойланады. Көрісу – тек дәстүр емес, халқымыздың мызғымас бірлігінің көрінісі. Мерекеге орай аталмыш өнер ордасының ұстаздары ауданымыздағы мекемелерді аралап, әр түрлі аспаптармен жарапазан айтып, Көрісу күнінің ерекшелігін арттыра түсті. Сонымен қатар, «Бауырсақ пати» ұйымдастырылып, халыққа тегін таратылып, қол күрес, асық ату сынды ұлттық ойындар ойнатылды.
Осылайша, өнердің өнерлі ұстаздары ауыл тұрғындары мен мекеме ұжымдарына ерекше көңіл күй сыйлап, ұлттық киім мен ұлттық аспаптарымызбен ән арнап, бір-бірімен құшақ алысып, көрісіп, ақжарма тілектерін арнап, мерекенің сәнін кіргізді.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ
«Наурызнама» тұжырымдамасының екінші күні қайырымдылықпен жалғасты.
15 наурыз – Қайырымдылық күні аясында аудандық бөлімдер, ауылдық округ әкімдері мен мекемелер және аудан кәсіпкерлері бірлік пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Қайырымдылық іс-шарасы аясында көпбалалы, мүгедек жандарға, аз қамтылған және жұмыссыз азаматтарға азық-түлік пен тұрмыстық қажеттіліктерден құралған көмек пакеттері табысталды. Бұл игі іс – қамқорлық пен ізгіліктің айқын көрінісі. Қайырымдылық – тек материалдық қолдау ғана емес, жүректерге жылулық сыйлау, үміт отын жағу. Осындай мейірімділікке негізделген бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, мұқтаж жандарға демеу болмақ.
ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАСТАР ДА ҮЛЕС ҚОСТЫ
Қайырымдылық – адамгершіліктің айқын көрінісі, қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Наурызнаманың онкүндігі, «Игі істер» марафоны аясында 15 наурыз — Қайырымдылық күніне орай аудан жастары мен еріктілері ерекше жанға құрмет көрсетті.
Бұл игі іс-шарада аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан арнайы өзі барып, наурыз мерекесімен құттықтап, сый-сияпат табыс етті.
Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген волейбол жарысына қатысушы спортшыларымыз да жақсылыққа үлес қосты. Олар ауызбіршілік танытып, Қосестек ауылындағы көпбалалы отбасыға көмек қолын созып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Расында, қайырымдылық-қоғамды біріктіретін құндылық. Сондықтан да, бұл күні жақсылыққа ұмтылып, игі іске үлес қосқан ұжымдар аз болмады.
ШАҢЫРАҚ КҮНІ: ЖАСТАР НЕКЕ ҚИЫП,
АЛТЫН, КҮМІС ТОЙ ИЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Наурызнаманың Шаңырақ күні аясында аудандық жастар орталығы мен азаматтардың хал актілерін жазу бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде алтын той және күміс той иегерлеріне арналған салтанатты шара өтті.
Бұл күн ерлі-зайыптылардың қуанышы мен отбасылық бақытты атап өтудің ерекше мерекесі болды. Салтанатты кеште алтын той иелері Барлық пен Несібелі Кенжетаевтар мен Аманкелді мен Күлән Сағындықовтар, сонымен қатар, 25 жылдық ғұмырларын бір шаңырақтың астында өткізген күміс той иелері Александр мен Елена Мусихиндер отбасы ерекше қошеметке бөленді.
Оған қоса бұл күні ауданымыздың жастары Дастан Кульманов пен Назым Жанғазы отбасын құрып, жаңа өмірге қадам басты. Мерекелік жиында жастардың некесі қиылып, АХАЖ бөлімінің мамандары қалыңдық пен күйеу жігітке куәлік табыстап, «Алтын той» иелері ақ батасын берді.
Сонымен қатар, мерейлі той иелері тек өздерінің бақытты өмірлерін ғана емес, сонымен қатар жас жұбайларға арналған көптеген маңызды кеңестерімен бөлісті. Олар өздерінің жолын табуға, өмірдегі қиындықтарды бірге жеңіп шығуға, әрқашан бір-біріне қолдау көрсетуде, арадағы махаббат пен сыйластықты сақтап қалаудың қажеттігін ерекше атап өтті.
«Отбасында бастысы – бір-біріңе деген сенім мен махаббат болғанда ғана барлық қиындықтарды бірге жеңуге болады», – деп атап өтті алтын той иесі Барлық ақсақал.
Салтанатты кеш барысында алтын және күміс той иелеріне де айрықша неке куәліктері мен сый-сияпаттар табыс етті.
-Бүгінгі іс-шараның маңызы зор. 25, 50 жыл отасқан отбасылардың өмірлік тәжірибелері қазіргі жас отбасыларға үлгі. Шаңырақ көтерген жас жұбайлармен бірге, отбасы беріктігінің үлгісіне айналған алтын той мен күміс той иелеріне де неке куәліктерінің табыс етілуі, құжат жүзінде тек бір-біріне деген адалдықтың, сүйіспеншіліктің, құрметтің белгісі ғана емес, сонымен қатар ұзақ жылдар бойы бірге өткізілген бақытты күндердің айғағы»,- дейді шара ұйымдастырушысы Мейіржан Жұбан.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА