ӘЛИЯНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ: РУХ ПЕН ЕЛДІ БІРІКТІРГЕН ҰЛЫ ТОЙ

Биыл Кеңес Одағының Батыры, қаһарман қазақ қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай, жыл басынан бері елімізде бірқатар патриоттық іс-шаралар өткізіліп келеді. Солардың ішінде 12-13 маусым күндері өткен ауқымды мерекелік шараның орны ерекше.

                               

                               

12 маусым күні Ақтөбе қаласында “Мен — Әлиямын!” атты ерекше форум өтті. Шараға Әлия есімін иеленген 300-ден астам нәзік жандылар қатысты. Жиналғандар өзара танысып, пікір алмасып, батыр қыздың мерейтойына арналған мерекелік медальдармен марапатталды. Бұл күні ғылыми конференция да ұйымдастырылды, онда Әлияның ерлігі мен өнегелі өмірі жайлы мазмұнды баяндамалар оқылды.

Ал 13 маусым күні Қобда ауданында, Әлияның туған ауылында «Әлия — қаһармандық дастаны» атты мерекелік шара жалғасын тапты. Мерейтойға орай қазақы дәстүр бойынша 80 киіз үй тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Салтанатты жиынды ҚР Президентінің көмекшісі Мәлік Отарбаев пен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ашып, құттықтау лебіздерін білдірді.

Мерекеге ҚР Парламент депутаттары, Әлияның туған-туыстары, ауыл тұрғындары мен еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген қадірлі меймандар қатысты.

Бұл іс шараға біздің ауданымыздан да арнайы делегация қатысып, ұлы тойдың куәсі болып қайтты. Олардың алған әсерлері ерекше.

                                 

-Дүбірлі той өте жоғары деңгейде өтті. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер, қонақтарға көрсетілген құрмет, әсем әуен мен спорттық шаралар бәрі де керемет ұйымдастырылған. Әсіресе, батыр қыздың бейнесін сахналаған қойылым ерекше әсер қалдырды. Ең бастысы тарихи маңызды оқиғаның куәсі болғанымызға қуандық,-дейді жерлесіміз Қантай Жұлдызбаева.

Ұлы тойдың қорытындысы 13 маусым күні Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында өткен «Әлия әлемі» атты концерттік бағдарламамен түйінделді. Бұл кеште алғаш «Әлия» әнімен танылған Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева бастаған бірқатар өнер иелері әннен шашу шашып, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, Ақтөбе аспанына синхронды түрде көтерілген 550 дана дронның шоуы таңғажайып көріністерді бейнеледі. Көпшілік Әлия Молдағұлова, Димаш Құдайберген, Ақтөбе өңірінің көрікті жерлерін және өзге де визуалды композицияларды тамашалады. Ел байрағы көрсетілгенде, 40 мыңнан аса көрермен Мемлекеттік Гимнді бір мезетте орындады.

Осылайша, батыр қыздың 100 жылдығына арналған ұлан-асыр той ел жадында мәңгілік сақталып, тарихи оқиғаға айналмақ.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның “Құрметті азаматы”