Әлімбет — елдің  қақпасы

Өңіріміздің ертеңін ойласақ, ауылды дамытуымыз қажет. Бүгінгі «Ауыл тынысы» айдары Әлімбет ауылдық округіне арналады. Бұл өлке ежелден Ресей елінің Орск қаласымен шекаралас. Кеңес кезінде малы қоралас, адамдары аралас болған көршілер еді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін шекара бекітіліп, барыс-келіс ресми тәртіпке көшті.

Босағамыздан енген жаңа жылдың басында екі елдің қақпасы іспеттес аталмыш ауылдың тыныс-тіршілігі мен тұрғындар  жай-күйін баяндамақшымыз.

Ауылдық округ Ресеймен шектесіп жатыр. Сондықтан да, кәсіппен қатар, сақтық пен жауапкершілікті қажет ететін, екі елдің арасындағы 12 шақырым жерде тәртіп сақшыларымен бірге кеден бекеті халықтың тыныштығы үшін қызмет етеді.

Сондай-ақ, Қазақстанның екі облысы Ақтөбе мен Атыраудың үстінен өтетін Ресейдің  шығыс, батысына қарасты қалаларының бірі Орскі және Астрахань автомобиль жолы да Әлімбет ауылының қақ ортасымен жүреді. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі кездегі ауылдың тыныс-тіршілігі мен жай-күйі жаман емес. Бұл округтің басшысы Мейрамбек Мысаев. Ұзақ жылдардан бері осы ауылды басқарып, халықтың ықыласына бөленіп келеді.

Округтің жер көлемі  52996 гектар аумақты құрайды. Оның ішіндегі 24217 гектары ауылшаруашылық мақсатта пайдаланылады. Бұл жерлер жеке сектордың мал жаю үшін пайдаланылады, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мал жаю және шөп шабу үшін жалға алады.

Биылғы жылдағы есеп бойынша ауылдық округте 872 адам мекен етеді. Әлімбет ауылының 1 елді мекені бар.

Округте «Әлімбет Агро» ЖШС, 15 шаруа қожалығы, 46 жеке кәсіп иелері өздерінің шаруаларын  дөңгелетіп,  ауылдың дамуына үлестерін қосып келеді. Сонымен қатар, бұл өңірде  әлеуметтік нысан орта мектеп, балабақша, ауылдық клуб және де дәрігерлік амбулатория бар. Бөлімше арнайы жедел жәрдем  көлігімен қамтылған. Ауылдағы науқастарды қабылдап, алғашқы көмек көрсетуге толық жағдай жасалған. Оған қоса рухани орда кітапхана мен қазпошта және   учаскелік полиция ғимараттары жаңа талапқа сай, тұрғындарға қызмет етіп келеді.

Сонымен қатар, ҚР ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша Әлімбет шекарасынан өткізу пункті де ауыл ішінде. Ауылда тұрғындардың  қажеттіліктеріне ыңғайлы сауда орындары, шағын техникалық жөндеу шеберханасы, жанар-жағармай құю бекеті де бар.

Ауылдық округтің ішкі жолы 4 көшеден тұрады. Жалпы 26 шақырымдық көшелер мен жол бойына жарық желісі тартылып, түнгі мезгілде жарқырап тұр. Округ аумағы бойынша Республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Орск» жолы өтеді. Ауыз су мәселесі де толық шешілген. Осы орайда айта кететін жайт 2009 жылы пайдалануға берілген су желісінің ұзындығы 105 шақырымды құрайды.

Тағы бір қуанышты жағдай, ауыл тұрғындары үшін өткен 2023 жыл есте қаларлықтай болды. Олай дейтініміз Әлімбеттіктер қоян жылы көптен арман болған көгілдір отынға қол жеткізді. Табиғи газ құбырына қосылып, ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Өткен жылда  атқарылған істер аз болмады. Солардың ішінде ауылдық округтегі өрт сөндіру машиналарына жабдықталған  гараж бен шекарашыларға арналған ғимаратар пайдалануға берілді. Оған қоса ауыл маңы абаттандырылды. Осындай атқарылған игі қызметтерге ауыл кәсіпкерлерінің де көмегі мол.

Сондай-ақ,  «Ауыл аманаты» бағдарламасына округтен 17 адам қатысып, оның ішінде 15 шаруа қожалығы құс өсіру кәсібін, біреуі шағын тігін ателесін ашып игілігін көруде. Жалпы  алғанда 15,125 млн теңеге 12 жоба толық іске асырылып, қалғаны жалғасын табуда.

Биылғы жаңа жылда жасалар жұмыс аз емес. Жоспар құрылып, атқарылар істер де қолға алынуда. Ағымдағы жылы Әлімбет ауылындағы өрт сөндіру машинасына арналған жылы гараж салынып, шекара бөлімшесі ғимаратының құрылысы басты бағытқа алынып, жылдағы үрдіс бойынша жалғасын таба бермек.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»