ӘЛІМБЕТ АУЫЛЫНДАҒЫ ҚУАНЫШ

Өткен жексенбі Әлімбет ауыл тұрғындары үшін ерекше де айтулы күн болды. Елді мекенге табиғи газ құбыры іске қосылып,  ауыл тұрғындарының көптен  күткен арманы орындалды.

            Осы орайда айта кететін болсақ, 2021 жылы Ақтөбе облыстық «Энергетика және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылығы» басқармасы Қарғалы ауданына қарасты Ащылысай және Әлімбет ауылдарын газдандыруға байланысты жоба жасақталып, елді мекендерді газбен қамту бойынша құрылыс жұмыстары басталған еді.

Нәтижесінде, 2022 жылы Ащылысай ауылына газ желісін тарту жұмыстары аяқталып, көгілдір отын тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді.

Одан соң 2021 жылдың 15 сәуіріндегі «СтройГазКомпани» ЖШС-мен жасалған келісім-шарт негізінде «Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Әлімбет ауылына кіреберіс және ауылішілік газ құбырын тарту» жобасы бойынша жұмыстар жалғасын тауып, жалпы ұзындығы 57,7 км. құрайтын газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді.

Жұмыс жоспарына сәйкес 4 әлеуметтік нысанды, оның ішінде  (мектеп, ауылдық клуб, селолық амбулаториясы мен әкімдік кеңсесі) қосу жоспарланған. Бұл жерде тағы айта кететін жайт, аталған жобаның аяқталу мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсанға дейін қарастырылған.

Осылайша, Әлімбет ауылына газ құбырын тарту жұмыстары, мерзімінен бұрын аяқталып, қараша айының басында ауыл көгілдір  отынға  қосылды.

Әлімбеттік тұрғындарды қуанышқа бөлеген «Газ құбырын іске қосу» салтанатты іс шарасына аудан әкімі А.Жүсібалиев қатысып, ауыл халқын, көптен күткен газ желісінің іске қосылуымен құттықтады. Сонымен қатар, аталмыш іс шара барысында газ құбырының іске қосу лентасын аудан әкімі мен ауыл ақсақалы Салимгерей Калдыбаев, ұстаз Айсаут Жумагалиев  қиды.

 

Қазіргі таңда 243 тұрғын үйі бар, Әлімбет елді мекеніндегі 146 үйге газ құбыры тартылды. Сондай-ақ, жүзден астам тұрғын үйге газ желісіне қосылу үшін техникалық шарттары беріліп, газдандыру бағытындағы жұмыстар күнделікті жалғасын таба бермек. Тіршілікке көрік беріп, көпшіліктің тілегі орындалған бұл күні ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Айтулы іс шарада  ауылдың үлкен-кішісі мәз болып, облыс пен аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Бір қиындықтың қысқарғанына риза болғандардың бірі Айгүл Молдағалиева былай дейді:

Ауылымызға газ келіп, шаттанып жатырмыз. Бұл — үлкен қуаныш. Өйткені, біздің ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышты жаңалығы еді. Бұған дейін күн суыта отын тасып, от жағып, күл шығарып машақатын көретінбіз. Сол сәттерде су, газ болмағанда тіпті қалаға да көшуді ойлаған кездеріміз болды. Алайда, су келгенде үмітіміз оянып, көгілдір отынның келетініне де сеніммен қарадық. Сол сенім ақталып, адам өмір сүруі үшін маңызды су мен газ келген соң, қоныс аударуды ойламаймыз да. Оның үстіне газ қосылып, үйіміз жып-жылы. Ұйқыдан жаурамай оянғанның өзі адамға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Сондықтан да, осы сәтті пайдалана отырып аудан және округ әкіміне ерекше алғысымды айтамын. Расында, көгілдір отын көпшіліктің игілігі, сол себепті де қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын,-дейді ауыл тұрғыны.

Жұлдыз КЕНЖЕ.