АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН КҮН

Өткен жұма күні аудандық мәдениет үйінде Алғыс айту күні мен Қазақстан халқыАссамблеясының 30 жылдығына орай «Туған елге мың алғыс!» атты салтанатты шара өтті.

Айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев өңір  тұрғындарын «Алғыс айту күнімен» құттықтады.

-Алғыс айту күні – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын күн. Сондай-ақ, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Оның басты мақсаты — еліміздегі барлық этностар мен ұлттардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету. Қоғамдық келісімді қолдау және мәдени көптүрлілікті сақтау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл мереке өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. Бүгінде ауданымыздағы тұрғындар арасында татулық пен ауызбіршілік орнап, ынтымағы жарасқан мекенге айналып отыр. Себебі, өңірімізде мекен етіп отырған түрлі ұлт өкілдері ауданымыздың әр саласында лайықты еңбек етіп, әлеуметтік-экономиканың дамуына өзіндік үлес қосуда. Бұл да өзара сыйластықты арттырып, бір-біріне деген алғыстарын ұлғайта берері сөзсіз,-деп атап өтті аудан басшысы.

Мерекелік құттықтаудан соң аудан әкімі өңіріміздің дамуы мен қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан ауыл тұрғындарына  өз атынан  алғыс хаттар табыс етті. Марапатталғандар қатарында аудандық орталық кітапхананың кіші қызметкері Кунсим Мамутова, «Степное» ЖШС-нің есепшісі Майра Елеуова, Әлімбет орта мектеп — балабақшасының  медбикесі Айгүл Молдағалиева, Кемпірсай ауылдық округі әкімі аппаратының штаттан тыс қызметкері Айжамал Досболаева, Бадамша ауылдық округі әкімі аппаратының редактор маманы Светлана Дубинина, жер асты газ құбырларын пайдалану және жөндеу жөніндегі  қызметкері Қуанышбай Тұрмұхамбетов бар.

Салтанатты шара ел бірлігін нығайтуға, өзара құрмет пен ризашылық мәдениетін дәріптеуге бағытталды. Өйткені, бұл күннің тағылымы кемел, мазмұны терең. Оған қоса тарихи тағдыры ортақ, болашағы біртұтас халқымыздың бір-біріне сүйіспеншілігін, ықыласын, шынайы разылығын білдіріп, құрмет тұтуы болып табылады.

Осылайша, шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна шымылдығы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ұшқын» халықтық жастар театры өнерпаздарының көлеңкелі қойылымымен ашылып, өміріміздегі маңызы зор мамандық иелерінің еңбектерін көлеңке қимылмен бейнелеп, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді.

Сонымен қатар, мерекелік кеште «Бірлігіміз жарасқан» көпұлтты мәдени бірлестігінің ұжымы өнер көрсетті. Оның құрамындағы «Ақпейіл», «Славяночка» және «Freude» халықтық вокал ансамбльдері әр түрлі ұлт өкілдерінің әндерін нақышына келтіріп шырқап, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ, «Наз», «Кербез» халықтық би ансамблі де әртүрлі ұлт өкілдерінің ұлттық биінен шашу шашса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көктемнің шуақты мерекесіне арналған концерттік бағдарламада ән айтып, мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Міне, осылайша татулықтың нышанына айналған Алғыс айту күнін аудан тұрғындары лайықты атап өтті.

Тағы бір айта кетерлігі, осыдан 30 жыл бұрын 1 наурызда елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осы жылдар ішінде  ҚХА  елдегі      этносаралық келісімді сақтауда маңызды рөл атқарды және қоғам мен   мемлекет   арасындағы диалог үшін бірегей алаңға айналды. Олай болса, бұл күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске адамгершілікпен жауап қатуға, өзара сыйластық пен құрметке үндейді. Өйткені, пейілге бай біздің халқымыз қашанда әр іске ризашылығын білдіріп, батасын беріп, алғыс айтып келген.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА