АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АБЗАЛ ЖАНДАР

«Бірінші байлық — денсаулық» деп, дана халқымыздың сөзі бекерге айтылмаған. Ауырсақ тәнімізді емдеп, жанымызға дем беретін дәрігерлер қауымы қашанда құрмет тұтуға лайықты жандар. Осы орайда өткен жұма күні аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне арналған  мерекелік салтанатты шара өтті.

Шараға аудан әкімі Асқар Жүсібалиев пен мекеме басшылары, медицина саласының қызметкерлері қатысты. Мереке иелерін алғашқылардың бірі болып аудан басшысы құттықтады.

-Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халық ежелден қастерлеп,  құрметтеп келеді. Осындай құрметке ауданымыздың ақ халаттылары да әбден лайықты жандар. Әрқашан еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, өздеріңіз де алғыс арқалап жүре беріңіздер,- деген ақ тілегінің соңын мерекелік марапатқа ұласты.

Ақтөбе облысындағы «Қазакстанның отбасылық дәрігерлерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің филиалы Отандық денсаулық сақтау саласына қосқан ерен еңбегі үшін  «Асыл дәрігер» төс белгісімен аудандық аурухананың зертхана меңгерушісі – Наталья Кунтуарова, Әлімбет дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері – Сақып Кубенкулова және де «Мейірім» төс белгісімен аудандық емхананың терапиялық кабинетінің медбикесі — Ольга Свитова, Петропавл дәрігерлік амбулаториясының медбикесі — Наталья Кунгурова, тәуліктің стационардың терапия бөлімінің медбикесі — Роза Ердамбетова марапатталды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хатын аудандық емхананың лор дәрігері — Ербол Баяновқа, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хатын аудандық емхананың стоматолог дәрігері — Балапан Қалмағамбетоваға табыс етті.

Сонымен қатар,  аудандық медицина саласының біршама қызметкерлері аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Одан соң аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушысы Тоғжан Қзылбасова әріптестерін мерекемен құттықтап, қызметтеріне толағай табыстар тіледі. Халық денсаулығын қорғаудағы атқарған кіршіксіз қызметтері мен абыройлы еңбектері үшін ауданымыздағы медицина саласының 9 қызметкері және де зейнеткерлік жасқа толған  Гүлжан Құмарқызы Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бұл күні Денсаулық сақтау жүйесінің ардаргерлері де ескерусіз қалмады. Оларға да құрмет көрсетіліп, мерекелік шара барысында сахнаға шақырылып, гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді.

Және де «AMANAT» партиясының белсенді мүшесі ретінде партияның мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асырудағы  белсенділіктері үшін Қосестек дәрігерлік амбулаториясының медбикесі — Нұрсұлу Дуган, аудандық емхананың хирург, травматолог дәрігері Талғат Жолдыбай, статистик дәрігері, әдістемелік ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі — Гүлжанат Куспанова,  физиотерапиялық кабинет медбикесі — Салтанат Нысанова, аудандық аурухана есепшісі — Бажена Азиева арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Осылайша, салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Айта кету керек, дәрігерлерге деген құрмет аудандық шарамен шектелмей, сол күні облыстық деңгейде өткізілген шарада да аудандық аурухананың қызметкерлері денсаулық сақтау министрінің марапатына ие болды.

         Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен дәріхана меңгерушісі — Гүлнар Есболғанова,  отоларинголог дәрігер — Ербол Баянов және де Ащылысай дәрігерлік амбулаториясының медбикесі — Ольга Опалатенко Алғыс хаттармен марапатталды.  Оған қоса облыс әкімі Асхат Шахаровтың алғыс хатымен терапия бөлімшесінің меңгерушісі — Светлана Кириченко, ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиевтің алғыс хатымен стоматолог дәрігер — Балапан Калмагамбетова марапатталды.

Бақыт ИМАШЕВ