Әлеуметтің әл-ауқатын арттыру міндетіміз
Міне, ұлу жылы жылыстап, жылан жылы келген тұста өткен жылда атқарылған жұмыстар мен келер жылдың еншісі деген бағытта әркім есеп беріп жатыр. Біз де осындай мүмкіндікті пайдаланып, ауданымыздағы «Мансап» орталығының басшысы Саясат Спанмен әңгіме желісін өрбіткен болатынбыз.
-Саясат Жеңісұлы, сіздің аудан халқының әлеуетін көтерудегі еңбегіңіз баршылық. Әр жыл өз несібесімен келеді десек, аудандағы жұмыс іздеп келген егде жастағылар мен жастарымыздың бірден мансабын көтермесеңіздер де табысқа жетер жолда бағыт беріп, қызмет көрсететін мекемесіздер. Олай болса, «Мансап» орталығының атқаратын қызметі мен тұрғындарды таныстырып, биылғы жылдың жетістігі мен жемісі жайында айта отырсаңыз?
-Көпке белгілі «Мансап» орталығы халықтың әлеуметін жақсарту мақсатында құрылған мекеме. Атына сай, қал-қадірімізше еңбек етіп келеміз. Еңбектің жетістігін бір кездесуде айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да, ең негізгілеріне тоқталып өтейін. Алдымен біздің жұмыс жасау бағытына тоқталатын болсам, бізде осы жалпы ереже бағытта жұмыс жасаймыз.
Қарғалы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы 2011 жылы құрылған. Әлеуметтік қызмет көрсетуде маңызды істер атқаратын бұл мекеме 2023 жылы 1 шілдеде Еңбек мобильдік орталығының аудандағы филиалы Қарғалы аудандық мансап орталығы болып қайта құрылды. Атқаратын негізгі қызметі: жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз ету, өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру, жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасау, жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз адамдарды тіркеу және де халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілетті мемлекеттік органды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету. «Мансап» орталығы осы функцияларды іске асыру үшін ауданда жұмыс істейтін еңбек нарығының барлық мекемелерін тартады. Ол үшін белсенді азаматтарды жұмысқа орналастыруға байланысты жекелеген функцияларды аутсорсингке шығару құқығы беріледі және цифрлық қызметтерді кеңінен қолдануды ұсынады. Сондай-ақ, цифрлық жұмыспен қамту–жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы қарым-қатынастарды және бизнес үрдісін түбегейлі өзгертіп, оларды онлайн режімге ауыстыруға мүмкіндік береді. Онлайн қызметтерді іске қосу халықтың жұмыспен қамту органдары қызметкерлерімен тікелей байланысын азайтуға және азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда жұмыспен қамту саласында қызмет алуға өтініш білдірген азаматтардың шамамен 77 %-ы электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн режімді пайдалана алады. Онымен қоса жаңа орталықтың негізгі міндеті – ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерін жергілікті ерекшеліктерімен ұштастыра отырып, өңірлік жұмыспен қамту саясатын дамыту. Бұл ретте қазіргі уақытта жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша көрсетілетін қызметтердің барлық спектрі сақталады және оларды көрсету сол мекен жайлар бойынша орналасатын «Мансап» орталықтарда жалғаса бермек.
Бүгінгі күні біздің ұжымда 13 адам еңбек етеді. Бәрі де өз ісінің мамандары. Алдарына келген адамдарға кішіпейілділік танытып, орталық мамандары ақыл-кеңес пен бағыт-бағдар беріп отырады. Өткен жылдың қазан айына дейін біздің орталыққа аудан бойынша 2566 адам өз бұйымтайымен келді. Олардың ішінен 1160 адам субсидияланатын жұмысқа орналастырылса, 698 адам қысқа мерзімді оқу оқып, білімдерін жетілдіріп, өздері қалаған мамандықтарын игеріп, сол бойынша іске кірісіп кеткендері де баршылық. Көпшілігі несібесін табуға шапағаты мол «Бастау Бизнес» жобасына 645 адам қатысып, қазіргі таңда игілігін көруде. Сайып келгенде «Мансап» орталығының міндеті әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға қолдау көрсету.
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі