Әлеуметтік саланың әлеуеті мол

Еліміздің кәсіби мерекесі қатарындағы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді.

         Халықтың барлық санатына әлеуметтік жағынан қолдау көрсету – бұл мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да бұл саланың басты мақсаты – халықтың тұрмыс жағдайын, өмір сүру сапасын арттыру болып табылады. Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетілетін халықты қолдауға арналған шаралар еліміздегі саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қалыптасып отыр. 

         Осы орайда атаулы мереке аясында аудандық Мансап орталығының басшысы Саясат Спанмен әңгімелескен едік.

-Саясат Жеңісұлы, Мемлекет басшысы Қа­зақстан халқына жасаған жыл са­йынғы Жолдауларында әлеу­меттік саланы назардан тыс қалдырған емес.  Ендеше, жалпы бұл күннің мән-мағынасына тоқтала кетсеңіз?

         -Әрине, орынды сауал. Қазақстан Республикасындағы кәсіби мерекелердің бірі — әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлер күні 2011 жылдың 20 қазанында кәсіби мерекелер тізіміне ресми түрде енгізілді. Бұл жанқиярлық еңбегімен және тынымсыз қамқорлығымен қарт адамдарға қызмет ететін, мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға және көп балалы отбасыларға баға жетпес көмек көрсететіндердің барлығына деген шынайы құрметтің дәлелі. Шынында да, біздің қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқаты көп жағдайда халықтың әлеуметтік қорғалуы мен әлеуметтік кепілдік деңгейіне байланысты.

Сондай-ақ, қазанның соңғы жексенбісінде халықты әлеуметтік қорғаумен айналысатын барлық қызметкерлер бұл мерекені атап өтеді. Бұл күні құттықтаулар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, оның аймақтық департаменттерінің, жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінің, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры органдарының қызметкерлеріне тиесілі.

Әлеуметтік саланың  жұмыс ерекшеліктері қандай?

         —Дәл осы Қазақстандағы әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлерінің талассыз еңбегінің арқасында қазіргі кездегі зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік көмек, еңбекті қорғау, жалақы және жұмыс мөлшерлемесі жүйелері, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту бағдарламалары құрылды. Кәсіби маманның әлеуметтік жұмыс саласындағы ерекшелігі — ол мемлекет пен оның әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтары арасында делдал рөлін атқарады. Олардың қызметінің негізгі мазмұны адамдарға қамқорлық жасау болып табылады.

Әлеуметтік сала құрылымы ұдайы өзге­ріске ұшырап отырады. Осы орайда биыл 1 шілдеден бас­тап мекеменің атауы мен құрылымы жаңарып, «Мансап орталығы» де­ген атау­мен халыққа қызмет көрсетуде. Жалпы бұл орталықтың мақсаты мен міндеті қандай?

— Дұрыс айтасыз. Бұл орталық жұмыспен қамту қызметін жүйелі түрде қайта құруға, жұмысты жақсартуға және еңбек делдалдығы бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Өз кезегінде мансап орталықтары қалалар мен аудандардағы еңбек мобильділігі орталықтарының филиалдары болады. Жаңа орталықтардың негізгі міндеті —ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерімен ұштастыра отырып, жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, өңірлік жұмыспен қамту саясатын іске асыру. Сонымен қатар, орталық мамандары жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдап, болжап, соның негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз етеді. Өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеп, оларды іске асыруды үйлестіреді. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасайды.

         -Олай болса, ауданымыздағы Мансап орталығындағы атқарылған жұмыстар мен бағдарламалардың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз?

         — Қай істің де болсын өзіндік маңызы бар. Сондықтан да, орталықтың жауапкершілігі тікелей әлеуметтік мәселелерге байланысты. Осы орайда ауданымыздағы Мансап орталығы жұмыссыз халықты жұмысқа орналастыру шеңберінде тоғыз басты шараны іске асырады.

         Оның ішінде  «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 80-ге жуық жастар қатысты. Бұл колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне мамандық бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Жас мамандар жыл бойы жұмыс істейді және жалақы алады.

         Және де «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыруға арналған. Кейін олар зейнетті демалысқа кететін әріптестерінің орнына қалады. Тәжірибе алты айдан аспайды және ай сайын жалақысы төленеді.

         Сондай-ақ, жұмыссыздарда, студенттерде және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына оқудан бос уақытында ақылы қоғамдық жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Жастар 35 АЕК мөлшерінде тұрақты жалақы алып, бір жыл бойы жұмыс істей алады.

         Осы сәтті пайдалана отырып, айта кетейік жұмыссыз және жұмыс іздеп жүрген азаматтар enbek.kz электрондық еңбек биржасына тіркеле алады. Оған қоса  Egov.kz порталында немесе Мансап орталығына мына мекен жай бойынша хабарласа алады: Бадамша ауылы Әйтеке би көшесі 32.

         — Әңгімеңізге рахмет!

Иә расында,  сан-саланы қамтитын бұл мекеменің атқарар қызметі де көп. Халықтың қажетіне жарап, алғысын алып, әлеуметтік мәселелердің шешіміне арқау болып жүрген бұл орталықтың алдағы уақытта да белсенді еңбек ете беретініне сенеміз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.