Ақтөбенің тазалығына бірге үлес қосайық!
27 қыркүйек күні Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Ақтөбенің тазалығына бірге үлес қосайық!» іс-шарасы өтті.
Қалада Әлия Молдағұлова ескерткішінің аумағы, Шернияз көшесі мен жақын маңдағы саябақтың айналасы ретке келтірілді. Жастар белсенді түрде қоқыстарды жинап, алаңды сыпырды. Саябақтағы қоқыс қалдықтары полигонға шығарылды.
Патриоттар арасында «Жас сақшы» жастар ұйымының белсенділері де болды. Жастар ұйымының төрағасы Ақбаян Галламқызы: «Біздің халқымыздың ұлы қайраткерлері туралы естелікті және мәдени-тарихи мұраны сақтау біздің борышымыз» — дейді. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова үлкен құрметке лайық, оның ескерткішінің маңын тазалау біз үшін абырой. Келесі жылы біз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын атап өтеміз. Қаланың тазалығы өзімізден басталады. Біз жұмыс істей отырып, басқаларға да үлгі көрсетеміз».
«Жас сақшы» ұйымының мүшелерімен бірге ЖОО студенттері, колледж оқушылары тырмамен, күрекпен және сыпырғышпен жабдықталды.
Сондай-ақ, коммуналдық шаруашылық мекемелерінің қызметкерлері ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын жүргізді.
Естеріңізге сала кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару және халықты экологиялық бастамаларға тарту.
Анықтама. «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға барлығы 368 мыңнан астам ақтөбелік қатысты.
Аумақтар мен қоғамдық демалыс орындарын тазалауға 7227 мекеме мен 4123 кәсіпорынның қызметкерлері жұмылдырылды. Сенбіліктер кезінде 90439 аула, 289 саябақ пен сквер жиналды, 206 су айдынының жағалауы, 85 метрден астам арық, 42 субұрқақ қоқыстан тазартылды. 257 ескерткіш жөнделіп, 14 мың шаршы метрден астам тротуар плиталары ауыстырылды.
Аумақтарды жинауға және қоқысты шығаруға 5 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылып, полигонға 62 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ағаш отырғызу жұмыстары да белсенді жүргізілді. Көктемде елді мекендерде 335 мыңнан астам ағаш отырғызылды.