Ақтөбеліктер әскери шеруді тамашалады

«Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында орнатылған үлкен экраннан қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік шеруді тамашалады.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, әскери сала мамандары мен ардагерлері, қоғамдық және азаматтық ұйым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары қатысты. Ашық аспан астында ұйымдастырылған көрсетілім патриоттық рухты көтеріп, көпшілікті ерекше әсерге бөледі.
Астанадағы шеруге 4000-нан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника, сондай-ақ армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшағы мен тікұшағы қатысты. Саптық жүріс, әскери техниканың шеруі және әскери қызметшілердің шеберліктері көпшіліктің көзайымына айналды.
Ақтөбедегі тікелей көрсетілім барысында да әскери бөлімдердің салтанатты жүрісі, әскери техниканың көрмесі ұйымдастырылып, патриоттық әндер шырқалды. Іс-шараның басты мақсаты — ел қорғаған ерлердің ерлігін ұлықтап, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.
Облыстық ішкі саясат басқармасы мамандарының айтуынша, елорда төрінде өткен әскери шеруді қала тұрғындары облыс әкімдігі жанындағы үлкен экраннан да тамашалаған. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар жастардың отансүйгіштік сезімін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Арайлым Қыдырбайқызы.

aqtobegazeti.kz