Ақтөбеде жұмыссыз жастардың саны азайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» — деген болатын. Президент тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылы Ақтөбе облысында 23 мыңнан астам жас жұмыспен қамту шараларына тартылды. Жастардың 11 578-і бос жұмыс орындарына орналасты, әлеуметтік жұмыс орындарымен 657-сі қамтылды, 2115 жас жастар практикасы бойынша жұмыс тапты. Бұдан бөлек 2 мыңнан астам жас қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылды, «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары аясында 300-ге жуық жас қызметке орналасты.

Сонымен қатар 2024 жылы «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы уақытша жұмыспен қамтылған жастардың да саны артты — 2052.

Атап өтейік, өткен жылы өз кәсібімен айналысуды көздеген жастарға да айтарлықтай мемлекеттік қолдау көрсетілді. Соның ішінде 3238 жас «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытылып, 220-сы 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды.

Жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету мен NEET санатындағы жастар үлесін азайту бағытында «Jumystap» әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Бұл жоба аясында Ақтөбе қаласындағы халық көп жиналатын орындарға бес модульдік пункт ашылды.

Жыл бойы атқарылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен мекен-жай жұмыстарының нәтижесінде өңірдегі NEET жастардың үлесі 6,5%-ға дейін төмендеді (2023 жылы -6,7%.).  Сәйкесінше жастардың жұмыссыздық деңгейі де төмендеп – 2,2% құрады (2023 жылы -2,5%).