Ақтөбеде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы жалғасуда

Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектептің ұстаздары, оқушылары мен ата-аналары Қараторғай күнін атап өтті. Бұл шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.


Бұл ерекше күннің құрметіне қаланың 12-шағын ауданындағы Жағалау саябағында қараторғайларға арнап ұялар орнатылды. Ұялар ата-аналар мен оқушылардың күшімен түрлі материалдардан жасалды. Оларды ағаштарға ата-аналардың өздері орнатты.
Бұл бастаманың иесі — қаладағы белгілі ландшафт дизайнері Алеся Москалева.
Ал бастаманы іске асыруға оқу ордасының жанынан құрылған «Аналар мектебі» құлшына кіріскен.
«Мектебімізде осыдан үш жыл бұрын «Аналар мектебі» құрылған болатын. Ата-аналардың мұндағы мақсаты — тәрбие ісін ұстаздармен бірлесе жүргізуге барынша ден қою. Осы орайда үнемі түрлі бастамаларға, пайдалы істерге ұйытқы болып жүретін ата-ана көп. Бүгінгі бастаманы біз, мектеп ұжымы, өз тарапымыздан қолдадық. Барлығы 70 ұя жасалды. Бір бөлігі — мектеп ауласына, одан соң Тәуелсіздік даңғылы бойындағы ағаштарға орнатылды. Бүгін тағы бір тобын осы саябаққа әкелдік», — деді мектеп директоры Гүлнара Нарымбетова.
3 «з» сыныбында оқитын Әлрами Тоқтамысовтың акцияға арнап әкелген ұясы әдемі шыққан. Баланың әжесі Ақмоншақ Ембергенованың айтуынша, оны жасауға бүкіл отбасы атсалысқан.
«Алты немерем бар. Өзім әскери саладан зейнетке шықтым. Мүмкіндігінше өмірлік тәжірибемді, күш-қуатымды ең алдымен немерелерімнің тәрбиесіне арнағым келеді. Қазір балалар смартфонға құмар. Сондықтан осындай шараларды жиі ұйымдастырып, балаларды табиғатпен достыққа бейімдеуіміз керек. Мұндай бастамаларды алда да қолдауға дайынбыз», – дейді Ақмоншақ Ембергенова.