Ақтөбеде домбыраның сазы мен Астананың ажары тоғысқан кеш өтті

Мерекелік кеш көрермендер жиналған сәттен бастап ұлттық әуендермен әрленіп, дәстүрлі өнер мен заманауи бағытты тоғыстырған мазмұнды бағдарламаға ұласты.
Шараның шымылдығын Ахмет Жұбанов атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрі 200 домбырашының сүйемелдеуімен орындаған «Алаш аманаты» күйімен ашты. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мадина Қабижанова.
Концерттік бағдарлама аясында Ахмет Жұбанов пен Латыф Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастар», Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара айтысы», «Күй тартыс», «Асау Барақ» сияқты ұлттық музыкалық туындылар орындалып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Сахнада Нұрлан Әбдібеков, Динара Шынарбаева, Ғазиза Әбдірова сынды дәстүрлі ән өнерінің өкілдерімен қатар, жас орындаушылар да өнер көрсетті. Сонымен қатар, көрермен назарына этно-фьюжн және эстрадалық бағыттағы шығармалар ұсынылды.
Астана күніне арналған бөлімде елімізге белгілі композиторлар Төлеген Мұхамеджанов, Ертай Ашықбаев, Бейбіт Оралұлы, Ілияс Байбосынов шығармалары орындалды. «Аққу» би ансамблі мен «Әлия гүлі» би ұжымы кешті ұлттық хореографиямен әрледі.
Мерекелік кеш ұлттық рух пен заманауи өнердің үндестігін көрсете отырып, қалың жұртшылықты төл мәдениетімізге тағы бір мәрте жақындатты.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.
aqtobegazeti.kz